аңырып
қалған кемпірді көріп:
– Шеше, сүйінші, сүйінші!– деп айқайлады.– Садықжан керой болды!– Почташы
қолындағы қызғылт-сұр конвертін басынан асыра былғап-былғап қойды, қайтадан
қалтасына тықты. Қапелімде не істерін білмей сасып тұрған жұрттың естері енді кіріп,
жапа-тармағай қарсы жүгірді. Бәрі Оразғалиды ортаға алып, кеукілдесе, жамыраса
үйге кірді.
– Сүйінші ата, сүйіншімді бер!
Осы сөздермен почташы аяғын шешпестен шойнаң-шойнаң, етіп барып, қақ төрге
отыра кетті.
– Садықжан керой болды, керой!
– Алда жалғызым-ай, қарашығым-ай тірі екен ғой, бар екен ғой!
Кемпір қуанғаннан жылап жіберді. Қарт тілінің ұшында тұрған сөзін айта алмай
булығып, бұзылып отырды-отырды да, көкірегінен сығып тамызғандай етіп:
– Әй, осы Құдай бар ғой деймін, Құдай бар... бар!– деді. Сонсоң шиланынан үш
судай жаңа қызыл отыздықты алып, Оразғалиға ұсынды. Анау:
– Көп жасаңыз, ата, балаңыз аман келсін!– Ақшаны жалма-жан қалтасына салды.–
Сіздің Садықжаныңыз керой болды дегесін бұрылып, қуантайын деп келгенім ғой.
– Сау бол, Алла қуантсын сені!– деді кемпір.
Оразғалидың почта тасығанына бір айдай ғана болған. Сауатсыз. Өзі
Әжімгерейден үш-ақ жас кіші, кемпірі Үрия Әжекеңді қайным деп ойнайды. Орекең
ата деп жалпақтайды.
– Ал оны кім айтты саған?
– Жоғарыдан қағаз келді ме?
– Келсе қайда?
– Кәне көрсет!
Оразғали қойнына қолын сұғып жіберіп, кішкене қызғылт сорғыш түстес конвертті
алып шықты.
– Міне!
Еділхан бас салып ашқалы жатыр еді, почташы:
– Ойбай, аша көрме! Сыртын оқы, сыртын!– деді. Еділхан конверттің жоғарғы
бұрышынан: «Слава... героям» деген екі сөзді дауыстап оқыды. Арада бір сөз
әлдеқалай өшіп қапты. Төменірек: Алжанову А. деп қолмен жазылыпты.
– Не дейді, Құдай-ау, орыс жазыпты ғой? –деді кемпір.
– Не деп кетті өзі?
– Балаңыз герой-батыр болды, дейді,– деді Еділхан.
– Жазып отырған кім?
– Тасқа басыпты!
– Өзі неге жазбаған?–деді кемпір.– Қарашаш қарқ-қарқ күлді:
– Өзіне ұят емес пе, батыр болдым деп мақтана ма?
– Өзі сонда... тірі ме екен? – деді қарт.
– Тірі болмаса керой бола ма? Әй, сіз де қызықсыз,– деді Оразғали.
Мына сөз жұрттың бәріне әсер етті:
– Рас-ау. Шынында тірі болмаса керой бола ма? Орекеңнің бұл ғұмырында аузына
түскен жалғыз-ақ орынды, дәлелді, әсіресе, мұндай жағдайда аса табылып айтылған
сөз болды. Тынып қалған үй іші қайта серпіліп, қайта жадырады.
– Бәсе десейші!
– Әрине!
– Әжекең де қызық!
– Қайран қараңғышылық-ай!– Гу-гу.
– Әжеке, кім көрінген керой атана бермейді, той жасаңыз!
– Иә, тойыңыз бар! .
– Құдайға шүкір, шаруаңыз жаман емес.
– Жалғызыңыз намысыңызды жібермепті.– Қарт қауқалақтап:
– Жасаймын! Жасаймыз!– деді.
Оразғали Еділханның қолынан хатты алып, қалтасына салды. Кемпір-шал
қабаттаса:
– Әй, оны қайтесің? Ол енді біздікі емес пе? – деді.
– Ойбай басқарма оңдырмайды мені. «Біздің колхоздың кісілерінің хатын алдымен
маған көрсет» деп бұйырған. Мен тек ағайыншылықпен көрсетіп жатырмын.
Дұрысында әуелі соған көрсетуім керек. Ал, енді жүрейін... асығыс едім. Зәнәтияның
аяғына шейін кеңсеге жетпесем болмайды. Үш күннен кейін Қанышкенге қайта жүрем,
хатты сонда әкеліп тастармын: Қарашаш:
– Ау, мал сойылып жатыр ғой, ас жеп кетпейсіз бе? – деді.
Оразғали бір аяқ айранды асып-сасып ішті де, сыртқа шықты. Бұ кезде қызыл ит
пен тарғыл мысықтың арасында кішкене ғана келіспеушілік болып өткен-ді. Кісілер
үйге кіріп кеткен соң мысық иесіз қалған етке тап береді. Ит иттігін істеп, қориды.
Жұрт қайта жиналғанда тарғыл мысық шолан төбесіндегі шаңырақтың астына кіріп
алып, өз-өзінен ырылдап-қырылдап әлденені қызғана, қомағайлана жеп жатқан.
Қызыл ит жерде, соған қарап үріп тұр. Терінің айналасында шашылып қалған
жапырақ-жапырақ ет, осыған қарағанда екеуінің ортасында әжептеуір майдан
болғанға ұқсайды. Енді бір сәтте отырған жерінің қауіпсіздігіне әбден сенген мысық
бір-екі рет керіліп, жаланып-сұқтанып алды да, күн шуаққа көсіліп жіберіп, көзін
жұмды. Сақал-Сатым: «Өгіздей болып, мысыққа әлің жетпей»,– деп қызыл итке
ұрысты. Қызыл ит мықтап ұялды-ау деймін, анадай жердегі ақ тікен-бұтаға сол жақ
артқы аяғын көтеріп... кінәсін жуды. Қанипа бүйрек-майды ұстап қалып:
– Еһе-һе-һе-е, қырғын-ай, бөтекенің біреуі жоқ,– деді. Кемпір:
– Ақ-адал малымызға өзімізден бұрын хайуанның тісі тиді-ау,– деп реніш білдірді.
– Қайдағыны айтпашы!– деді Қарашаш.
Қарт екі қолын артына ұстап, ат қазықтан әрі кетті. Күнбатыс жақтағы қияқ-
үрпектің бергі алдында ебелек өскен алаңқай бар-ды, Әжекең сол жерде ерсілі-
қарсылы жүріп алды. Әр жерге тоқталып тұрады, әр жерді аяғының ұшымен түртіп-
түртіп өтеді. Сатым етті бұзып берді де, қолын жуьш, Әжекеңнің алдынан барды.
– Әжеке, не іздедіңіз?
– Үй тігетін орын іздеп едім. Біздің үй үлкен ғой, анау-мынау жерге симайды.
Ағайын-туған, дос-жаран бар, баласы керой болып жатқанда қан шығармады демей
ме ертең? Бүгін күн дүйсембі, Алла қосса, сәрсенбінің сәтіне қоңыр ісекті сойып той
етерміз. Екеуі үйге таянды. Есік алдында жүрген кемпір: