аман-сау алысты да, қолын жуып шайға отырды.
Ауыл арасының мал-жай, оны-мұнысын сөз етісе отырып шай ішілді. Дастарқан
жиналғасын кемпір қартына байқатпай Қарашашты ымдап шақырып, далаға алып
шықты да:
– Қыз-ау, біздің қарт науқас болды, Алжу ма, білмеймін, бірдеңе салқынын салды
ма, әйтеуір, ақылы шатасайын деді,– деп қайғырды. Жеңге деп ойнай беретін
Қарашаш кемпірге қатты айтатын, сонысына бағып:
– Әй, ақымақсың-ау, Қызыл кемпір, Әжекең алжыса, сен нағып тірі жүрсің?
Салқынын салатын кім, шайтан ба? Қой әрі қорқытпай!–деді.
– Әй, қыз-ай, айта бересің ғой сен. Ағаңның науқасы шын науқас болып тұр-ау.
Әнеукүні отырып: «Сары жағал серкені сойсақ қайтеді? Жас сорпа ішкім келіп жүр»
дегенде мен бет бақтырмап едім. Малы құрғыр тәтті ғой. Қайдан білейін, ауруы соған
түсіп жүрмесе... бүгін сол серкені тағы сұрады. Алла сақтасын, сақал салыстырам дей
ме, немене...– кемпір бөгеліңкіреп барып.– Сары жағал серкені сойып Құдайы берсек
қайтеді? – деді.
– Сойсаң сой, жас сорпа ішіп оңып қалайық,– деді де Қарашаш үйге кіріп кетті.
Кемпір зілмәңке төбесіне белін буған қарақшыдай қалқия көтерілді. Қой арқа жақтағы
бұйырғынды қоңырда бытырай жайылып жатқан. Қорашылды ертіп барып айдап
келді. Қораға қамап сары жағал серкені ұстап байлады. Қалғанын қайтадан өрісіне
өргізіп салды. Серке сылдыр-сылдыр маңырап, үлкен ауланың ішінде жападан
жалғыз қала барды. Кемпір үйге кіріп келгенде, Қарашаш жасаураған көзін етектей ақ
орамалмен сүртіп отырған. «Қарттың шын шатасқанына көзі жеткесін аяп жылап
отыр-ау, шамасы» деп ойлады. Көз жастың күлкіден екенін сезген жоқ. Әжекең тағы
да оқыс, ерсі бірдеңе айтар ма екен деп, пештің тасасында тұрып тың тыңдады. Ондай
ауруға шалдыққан адам ауық-ауық ауысып, ауық-ауық түзеліп кететінін естіген.
Мынау түзелген сәті болу керек, Әжімгерей: Темірәлі, Мәруэ келін деп бірдеңелерді
жәймен, күбірлеп сөйлейді. Кемпір сары жағалды бауыздату үшін Сақал-Сатымның
келуін тосты... Қарашаш көрген-баққанын Әжекеңе түгел баяндады. Тіпті, қамшының
қатты тигенінен көйлек-бешпеттің қалай жыртылғанына шейін айтып берді.
– Не үшін соғыпты? Мәруә не дейді?
– Білмеймін. Мәруә түк те айтпайды. Тістеніп, көкпеңбек боп жатып алды. Тек бір
кезде: теріс қарап өксіп-өксіп жылағанын естіп қалдым. Не болды, қалай болды?– деп
сұрасам, «жай» дейді. Жайдан жай кісі біреудің қатынын сабай ма? Түсінбедім. Өзі
түнімен қызулап, сандырақтап шықты. Қасында отырдым. Майысқақ, нәзік бейбақ
Темірәлінінң қамшысын көтере ала ма?
Қарашаш соңғы сөздерді аяп, езіліп айтты.
Осы уақта Идаяттар да келіп үлгерген, ет шоланның көлеңке жағында Сақал-Сатым
сары-жағал серкені жұлмалап жатқан-ды. Үлкен орақ-пышақты салып жіберіп, төсті
төсқалдағымен орып, бөлек алды. Ішкі жағындағы ақықтай дөңгелек шеміршекті
жұлып ап, шоланның есігінің маңдайына шарт еткізді. Шеміршек тақтайға жабыспай,
ұшып жерге түсті. Өзіне лақтырды деп ойлады ма, Қорашыл шеміршекті бас салды
да, бірер талмап жұтып қойды. Сатым жанында тұрған шөтке шашқа: «Сіздің үйдегі
келін, көңіліңе келмесін, онша сұлу бола қоймас»,– деді.
Бала мұңайып қалды.
...Қарт пен Қарашаш әлі әңгімелесіп отыр.
– Содан,– дейді Қарашаш сөзін жалғап,– таңертең қойды өріске шығарып кеттім.
Мәруә төсегінде қалды. Таңға жуық қана көз ілген. Оятуға ұйқысын қимадым... Түсте
шай ішейін деп үйге келсем, Талжібек алдымнан шығып:
– Апа, Мәруә жеңешем Сағынай ақама еріп кетті,– дейді.
– Қайда еріп кетті?
– Білмеймін. Шомниға кетті.
Мен шайымды ішіп болып отырғанда Мәруә келді. Көңілі сергек, жүзі жадыраңқы
көрінді.
– Мәруә, тәуірсің бе, қайда барып қайттың?
– Доғдырдан ыспырабкі алдым.
– О неғылған ыспырабкі? – деймін мен,– одан да дәрі алмайсың ба, ыспырабкіні
езіп ішесің бе?
– Сағынай ақам ал деген соң...– деп күмілжиді. Ұрыстым. Хақымақсың дедім. Таяқ
жеген қай қатын доғдырға шауып еді дедім. Көргенсіз дедім.– Қарашаш: «Әй,
хақымақ, хақымақ!» – деп басын шайқады.
– Қап, қойға Тәлжібекті жұмсап, өзің үйде қалғаныңда... Сағынай әкіт жасап,
жұртқа жағалай қол қойдырып жүрген көрінеді...
– Талжібегі құрығыр теру тоқып жатыр еді... Қыз өссе әдеті емес пе, теру, кесте деп,
бірдемені шұқыламаса отыра алмайтын! Шұқыласа шұқыласын деп едім...
Қорашыл, ішек-қарын аршып, ет бұтарлап жатқандардың қан жұғып түйіртпек-
түйіртпек ет жабысқан қолдарына, жыбыр-жыбыр ауыздарына қарап, сілекейі ағып
кетті. Сорпа-су, жуынды, айран-көже сықылды тағамдардан кенде емес-ті. Бірақ,
Әжекең құсап, бұл да көптен жас ет, жас сорпа сағынып жүрген. Әлдеқайдан естілген
ат дүбірі бірте-бірте жақындап келе жатты: топ-топ, дүңгір-дүңгір, топ-топ. Енді бір
сәтте күл төбенің күнбатыс жағымен қазыққа қарай желіп өткен салт аттының төбесін
көріп қалды. Ит деген аты болған соң көріп отырып үрмеуді бойына мін санады, етті
қанша қимағанмен ұят те керек қой, Қорашыл: «Або-ооу, аб-ваб-ваб-ваб» деді. Жұрт
жапырыла ат қазық жаққа қарады. Атынан түсе сала, ақсақтығына қарамай, асыға
басқан почташы қарт Оразғали үйге таяй берді. Бір шумақ аш-ішек ұстап