дыбай. «Бұл шал сол басқармамен көңілдес көрінеді. Кісі
біреумен жәйден-жәй көңіл жақын бола ма. Бір адамның екінші адамды ұнатуы, жақсы
көру, сыйлауы деген бос сөз. Мына қарт Темірәліні аяп отыр дейсің бе? Жо-оқ.
Алдағы уақытта осы әңгіменің аяғы шатақ болатынын сезеді. Темірәлі олай-пұлай
болып кетсе... Кім қарасады бұған? Өзі колхоздың көлденең көк шөбін сындырмайды.
Сөйтіп отырып байып алыпты. Үйі толы дүние, қорасы толы мал. Басқарма «Жаңа
өмір» қолхозының малын қырғанмен, мұның тышқақ лағын шығындатпаған. Бәрі
пішеннің арқасы. Пішенді шапқан, өлмелі кемпір-шал емес, колхоз. Колхоздың
пішенін жеке-меншікке, жеке-меншік болғанда кәдімгі өзіңе, өз малыңа жегізіп қойса,
сүйтіп алшаңдатып отырған «арысыңның» аяғы аспаннан келгелі тұрса, Құдай-еке,
өзіңнің де қабағың, салбырар! Темірәлі осы қарттың келінін де қызметке жекпейді.
Жеңіл-желпі жұмысқа ғана салады. Қазіргідей сегіз жасар балаға дейін езіліп еңбек
етіп жүрген уақытта мұның жыңғылдай келіні жаз болса үйінде, сары самаурынның
жанында отырады. Темірәліден өзге басқарма мұндай кеңшілікті жасай ма? Қайда-а.
Сонда... басқармаға мұның өткізіп қойған несі бар?! Баласы әскерге кеткен қарт
жалғыз Әжімгерей ме. Жетпіске келіп отырған да жалғыз бұл емес. Мұнда бір гәп
болды... Е-е-е! Төрт-бес сиыр, он-он бес қой, түйе, екі-үш жылқы... мұның бәрі
Әжекеңдікі болмады. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде отырған адамға осынша мал не
керек!... Құрығанда, қақ жартысы сол Темірәлінің малы. Колхоздан жырып әкеп,
осында тығады-ау, шамасы. Бәсе е-е! Уһ, жаңа таптым ғой! Не деген зәлім шал едің
сен!» – деп ойлады. Бірақ өзіне:
– Әжеке, ден-саулығыңыз қалай? Садықжаннан хабар-ошар жоқ па?– деп
жалпақтады.
Сисенбай Сандыбайға қарағанда, аузынан түбі сәл ғана жоғары, саяздау кісі:
Дегенмен, иығында басы болған соң ол да ойланбай қала алмады. Әжімгерейдің
қабақ-кірбіңін ол да өзінше түйді. «Мәруәға жаны ашып отыр»,– деп ойлады.
Қайтсын, Сейсімет нағашым деп жүретін, жақын адамын біреудің сабап жатқаны
батады да. Сауынға сиырына шейін беріп қойыпты. Ылғи қамқор болып, қарасып
жүреді. Азаматы жоқ, аяйды ғой. Әйтсе де менің жазығым не еді? Қол қойғаным ба?
Қойсам несі бар екен? Қол өзімдікі? Менің де Мәруәға жаным ашып жүрген жоқ па?
«Ата сақалың аузыңа біткенше ақ-қараны айырмай»... деп ұрысқаны қалай? Басқа
колхоздың кісісінің көзінше жерледі-ау әбден. Келінін сабаған Темірәліден ала
алмаған өшін менен алғаны ма?» Сисенбай осылай ойлады... шынында мұның не
кінәсі бар? Сабаған біреу, сөз еститін бұл. Әлде өзімсініп, бөтен адамның алдында
әдейі тиіскені ме? Сонша қазбалағаны несі? «Кім қол қой деді», «кім жазды»... кім қой
десе ол қой десін, кім жазса ол жазсын, бұған бәрібір емес пе? Сабағаны пәкті ме?
Пәкті! Доғдыр да, Сағынай да соны растайды. Доғдыр айтса да, Сағынай өтірік
айтпайды. Басқарма екеуі бірге жүрген жолдас, дос адамдар. Өзінің досына әкті
жасағаны қастық ойлағаны ма? Қой, оның қисыны жоқ: әктіде тұрған не бар? Қолы
жазу білгесін жасайды да. Әкті жасағаннан дүние өзгермейді... Былтыр Әжімгерейдің
келіні екеуі бағып отырған баспақтың біреуі өлгенде доғдыр бала келіп ауырып өлді
деп әкті жазған. Ертеңіне Сағынай сол әктіні жыртып-жыртып отқа лақтырды да,
«баспақты төлейсіңдер» деп шырт түкіріп, шығып кетті. Әкті деген сондай ғой? Оған
Әжекеңнің күйіп-пісетін жөні жоқ-ты. Темірәлі де ертең Сағынай құсап әктіні
жыртып-жыртып отқа жағады да, шырт түкіріп жүре береді. Болған біткені сол.
Сағынай жазған әктіге сонда бұл қол қоймауы керек пе? Оның өзі бұған: «Сисеке,
қолыңызды қойыңыз»,– деп елеп, құрметтеп отырғанда бұж-бұж жаман бармағаны
басуға аяса масқара да? Жарықтық Әжекең де айта салады. Өзіне ешкімнің қарсы
келмейтініне сенетін болар. Сенгенде сонша қатты айтқанына жол болсын! Тіпті, «неге
сабағанын білмейсің» деп кінәләйді. Бұ қайдан білсін! Сағынайдың айтуынша,
Темірәлі Мәруәға жігіттік көрсетіпті. Анау көнбеген. Сосын... ар жағы түсінікті....
апырай, Әжекең: «Сен өзің бір қасиетсіз қарт екенсің»,– деді-ау. Өзіне, бүкіл «Жаңа
өмір» колхозына аты белгілі Сисенбайға, Темірәліден бастап Еділханға шейін
«Сисеке» деп сөйлесетін Сисенбайға «қасиетсіз қарт екенсің деп»... Сисенбай мықтап
ренжіді. Кеудесіне түсіп кеткен басын сілке көтеріп алып Әжімгерейге... ештеңе деген
жоқ, тек, екі көзі жыпық-жыпық етіп, бірер қарады да қойды, Әжекең қаннен-қаперсіз
жатыр. Сисекең секілді үлкен кісіні өкпелетіп алдым-ау деп қысылған сыңайы
байқалмайды. Ақшыл мұртының шалғысына бір қара шыбын келіп қонып еді, қарт
кірпігін де қимылдатпастан үфі деп, демімен-ақ үркітіп, ұшырып жіберді. Түйенің
жарты етіндей боп жанбастап, онымен қоймай жағын таянып апты. Сисенбайдың
ызасы келіп кетті: Әжімгерей қартқа қаһарлана... тағы бір қарады да, сол құсап,
жағын таянды. Мұнысы бұларды менсініңкіремей жатқан үй иесіне қылған көзі,
көрсеткен қыры-ды. Әжекең де бет пен жақ болса, бұнда да бар, бұл да жағын таяна
алады. Соған да кісі әлдеғандай бола ма? Жатысын қарашы, жер үстіндегі ақылды
адам жалғыз өзі сияқты...
Тыныштық