жатқан сын-ды, бірін-бірі жібермейді. Қайырып байлаған
шаршысының екі ұшы желкесінде селтең қағады. Көзі – інісі Еділханның көзі іспетті
сұрқай, аумақты болғанымен бет терісінің түсі одан мүлде бөлек сап-сары, сары
болғанда күн түссе сәуле шашатындай, кәдімгі жез-сары. Сейсімет: «Қанипаны
көйгенде шайтан көйгендей болам» деп тіксінетін. Ылғи да тықылдап сөйлеп,
тыпырлап жүретін, ештеңе бітірмесе де асығып, «оттан көйлек кигендей» ұшып-қонып
басатын бұл әйелдің жасы қырықтан асып қалған-ды. Күйеуі бұдан бес-алты жыл
бұрын ажалынан өлген. Өзінен туған бала жоқ. Інісі екеуі тұрып жатады. Қанипаның
бір қасиеті ғұмыры қайғырып, қамығу деғенді білмейді, күледі де жүреді. Баласыз,
байсыз тірлігі, шаруасының шағындығы қыртына кірмейді. Біреу: «Қанипа, сіздің
қызыл қойды қасқыр тартып кетіпті»,– десе: «Қасқыр тартып па, еһе-һе-һе-е, қырғын-
ай»,– дейді де, қасқырдан қалғанын жеп жүре береді. Енді бір қасиеті: осы
күлегештігі. «Еһе-һе-һе, қырғын-ай» дегенде екі қасы екі шекесіне шығып кетеді.
Күлкісі бір түрлі, сауысқанның шақырғаны сықылды, шықылық-шықылық етеді. Бүгін
де Сисенбаймен әңгімесінің ара-арасында «еһе-һе-һе-е, қырғын-айын» қыстырып
қояды. Қазіргі айтып отырғанында «қырғын» іштеңе болмайтын, ер жетіп қалған
Еділханға келіншек әперудің қамы. Қыз көп болған сайын келін таңдау қиынға түседі
ғой. Қанипа да, «еһе-һе-һе-е, қырғын-ай» қатты қиналып отыр. «Түгенше атамның
қызы шаруаға алғыр болғанмен іске олақ, ине ұстағаны ұнамайды», «пәлен
жеңешемнің қызы жақсы-ақ бала, әттең, әліпті таяқ деп білмейтін надан, Еділжан
құсаған оқыған жігітке қол емес. Осы ретпен айнала қыз біткеннің бәрінің басына
соғып баға бере келіп, ақыры Қарашаштың Талжібегіне тоқтаған. «Оқымысты
болмады демесең жақсы қыз, өзі сұлу, әдепті, көргенді жан. Домбыра шерткені
қандай! Еділхан да со қызға ерекше бейілді сықылды». Сонымен, Талжібекке құда
түсетін болды.
– Осыны сіз Әжекең атама айтыңыз, біздің Еділжанға Қарашаштың қызын сұрап
берсін! – Сисекең құдалыққа өзін жұмсап отыр деп дәме етіп қалған. Мына сөзді
естігенде, іші-бауыры қолқ ете түсті. Баяғыдан бірге отырған, өкіл әкесі есепті
Әжімгерейге мұны салғаны ақылына сыймады. Қарашаштың қызын сұрауға Сисенбай
жарамағаны ма? Әжімгерейден басқа кісіде де тіл бар екенін осы жұрт неғып
түсінбейді. Мына күлегеш қатынға шейін Әжімгерейден кем санап, Әжекең биі сарай
болғанда, бұны соның есігіне көтерілетін баспалдақ орнына пайдаланғысы келіп
отырғаны батып кетті. Өзінің ешбір Әжімгерейден олқы емес екенін сездірудің амалын
ойлап отырып-отырып, ақырында:
– Иә, Әжекең сұраса, біз сұрасақ Қарашаш сіңлісінің қызын береді ғой,– деді.
«Сіңлісінің қызы» дегенді әдейі бұ құдалықтың маңызын төмендету үшін айтты. Бірақ
оны аңғарған Қанипа болмады, Сисенбайдың түйткілдеп қалғанын келіскені жорып:
– Құдай тілеуіңізді бергір, Сисеке, сүйтіңіз. Әрі келін жұмсап, әрі домбыра тыңдап
оңып қалайын. Еһе-һе-һе-е, қырғын-ай!
– Мұны өкіл әкеңе өзің айт. Осы екі үйдің арасына,– сақалды Сисекең таяқ тастам
жерде тұрған Әжімгерей үйі мен өзі отырған аралықты сақалды иегімен өлшеп
шығып,–бітуәжә болып жүрем бе? – деді. Сонсоң тыңқ-тыңқ жөтеліп түрегелді,
байлаулы атына қарай аяңдады. Манадан бергі сөзінің желге кеткенін енді ғана ұққан
Қанипа аңырая қарады. Қарттың шынымен кетіп бара жатқанын көріп, түтіп отырған
жүнін жиып, қопалақтатып дорбаға салды да, етегін қақты. Түйе жүнінің майсақ,
жұққыш кірі сары бөз кейлектің белдіктен төменгі алдын тоң май төгілгендей қоп-
қоңыр ғып тастапты. Асығып-сасып, Сисекеңнің артынан жүгірді, етегін бір-екі рет
сілкіп, қағып қарап еді, жұққан зат кетпеді. Сисекең қазықтан атының шылбырын
шешіп ап, ерінің қасына іле бергенде Қанипа:
– Сисеке, үйге кіріп ақ ішіңіз... Сүйтесіз ғой, айтасыз ғой атама,– деді.
– Жоқ, шырағым, өзің айт! – Сисекең, атына мініп алды. Тізгінін қағып, «тішу» деп
тебінді. Кер дөнен ерініп, аяғын әрең басты.
– Өй, тішу,– деп, төрт өрме шыбыртқысымен шип-шип тартып-тартып жіберді.
Дөнен құйрығын шипап-шипап жіберіп, сенің де көңілің қалмасын дегендей, бір-екі
бүлк етіп қоя қойды. Аласа қара елтірі бөркі жапырайып, желкесі қырдай боп Сисекең
қарт итініп-тебініп күнбатыс жақтағы қияқ үрпекке қарай кетіп барады.
Қанипа шай пісірім уақыт өзінің әңгімесін ұйып тыңдаған Сисенбайдың осынша тез
кеткеніне түсіне алмады, түсінейін деген ниеті де шамал-тын. Әйтеуір анық түсінгені:
Әжімгерейге басқа біреуді салмаса іс бітпейтін болды. Сақал-Сатым бұл үйге кешке
келеді. Қалайда Қарашашқа Әжімгерейден басқа кісінің сөзі өтпейтінін сезді. Енді
амал жоқ, Әжекеңе айтқызу үшін Сақал-Сатымның келуін тосты.
Қанипаның қыз айттыруға осынша асығуында мән бар-ды. Алдыңғы күні осы
ауылға Сағынай келіп қайтқан. Әжімгерейдің үйіне кіріп алдымен көңіл айтты,
артынан: «Қара қағазға» сенбеңіз, оның біразы қате, жаңсақ жазыла береді,– деп
жұбатты. Одан шығып Қанипаның үйіне кірді. Қарадан қарап отырып Талжібекті
мақтады. Дәмесі бар кісі тезірек қимылдамаса «айрылып қалатынын» ескертті.
– Неге айырылып қаламыз?