зы, үш бұзаулы сиыр, бір қашар, бір тәйөгіз, саулы інген
бар,– деп төкпектетті. Секретарь бала сөмкесінен қағаз алып жайды. Қали өзіне
тартады. Саусағымен бір сөздің көзіне шұқып:
– Қанша сиыр дедіңіз?
– Үш бұзаулы сиыр, бір қашар, бір тәйөгіз дедім.
– Так. Қашар, тәйөгіз, үш бұзау... сегіз сиыр, так.
– Қой неше дедіңіз?
– Алты ірі қой, екі тұсақ, бес қозы дедім.– Қали отырып-отырып саусағын тағы бір
сөздің басына қадап:
– Алты ірі қойдың қозысы неге бесеу болады? – деп сұрады.
– Мен қайтейін, шырағым, бары сол енді.
– Жоқ, алты қой – алты қозы тумады ма?
– Тумады, шырағым.
– Неге?
– Апырай, айтпайын-ақ деп едім, болмадың-ау. Рәшжан-ай, жүгір, әлгі Идаят та со
жақта болар, тез қойды айдап келіңдерші,– деді. Манағы кішкене қыз тұра жүгірді.
Қарттың үйде қонақ отырғанда қойды айдап келіңдер дегені – қой соям дегені-тін.
Құлақ, бөтеке жеуді қазақтың қай баласы жек көрген, әне-міне дегенше осы үйдің төрт
баласы мен қызыл ит азғана қойды шүлдіретіп қуып келді. Үйдегілер есік алдына
шыққан-ды. Мүйізі құлағын орай біткен зор қоңыр қошқар әрі айнала бергенде қарт:
– Әне, қарағым, анау,– деді, қошқардың артқы екі аяғының арасын нұсқап,–
тумай жүрген сол, қайт дейсің маған? Қанша күтсек те желіндейді де тумайды ит.–
Келіншек теріс айналып жүре берді. Секретарь бала, ескі кебісше тырп-тырп күледі.
Милиционер тас-талқан болды. Жүзі сұрлана қап, ілезде көкке айналды. Белгісіз
секпілдері бедірейіп-бедірейіп қатып қалды, бет терісін жарып жібере жаздайды.
Кішкене қара меңдерінің өзі тері астында тоттанған темір құсап көгереді. Оң жақ
бетінің ұшындағы екі тал қыл шегірткенің құртындай жыбыр-жыбыр етеді. Екі көзі
бірінен-бірі қашып, екі шекесіне шықты. Оң қолының саусақтары дір қағып, наган
қабының түймесін таба алмай әуре. Қылғынып барып, тілге келді:
– Сен... сен, ты падсот пайдеш, падсот. Сәбет үкіметінің өкілін мазақ қылдың сен
шал! Құлақ!–деп түкірігі шашырады. Қарт қолын бір сілтеп, үйге кірді. Иықтаса,
итерісе, артынан Қали да енді. Үй иесі орнына жайғасты. Қорашыл көлеңкеде жатып
балп-балп үреді. Ұмсын екі жолдасының бетіне кезек қарап, қыпылдайды.
– Қалеке, қойыңыз, ұят болады.
– Сендер... бәрің құлақсыңдар! Шоқал арасында отырып ап, байып... мен .. мен
кө-рр-сете-ем! Отан үшін қан төккем мен. Ро-ди-наа! Сәбет үкіметінің санағына
қарсылық бұл!..
– Әй, шырағым-ау, санағыңды алдың ғой енді. Сенбесең қайта сана. Мына
қанжауғыр нағылдейді,– деп Әжімгерей ана екеуіне қарайды.– Менде артық мал жоқ,
бары – қағаздарыңда. Өріс үйдің іргесінен. Атқа мініп жіберіп бір сыдырсаңдар – бәрі
айқын болады.
Сөйтіңдер, шырақ.
– Жоқ деймін-ау, сен шал Сәбет үкіметінің өкіліне...– Қали өзін-өзі өңменге түртіп
көрсетеді,– неге тіл тигізесің, а? А?
– Уһі – деді қарт,– қажытты-ау мынау.
– А, қажыдың ба? Солай ма? Сәбет үкіметі көкеңді танытар әлі.
– Сәбет үкіметінен садаға кет! Садаға-а! – Кемпір шыжбалақ қағады:
– Құдайдың қара қасқасы, қартайғанда мелітсиямен ұрсысып. Ажалыңнан бұрын
өлейін деп отырсың ғой. Сорлы. Жалғыз бала боса анау...– Қали бел ала түседі,
манағыдай емес, тілі шығып барады:
– Шоқал арасында отырып байып алып. Семіріп. Сәбет санағына қарсы шығып.
Ишо кісіні мазақтағысы келеді. Қолына ұрлық мал ұстап. Қалқоз дәулетін
разбазарит етіп, көрр-се-темм!
– Әй, шырағым, ақымақ болмай жөніңе көш. Қайдағы ұрлық мал, қайдағы қалқоз
дәулеті айтып отырғаның? Денің сау ма өзіңнің? Сол іздеп келген артық малдарыңды
тауып беріңдерші маған. Өздеріңмен қосыла қуанайын. Тапшы кәні, со малды!– деп
шіренді қарт.
– Табамыз, қазір табамыз!
Қали секретарь баланы сүйрегендей ғып сыртқа әкетті. (Ұмсын ермей қалды). Екеуі
аттарына мініп, осы үйдің бар малын санап қайтты. Милиционер есіктен кіре:
– Бір бұзаулы сиыр, бір бұқа, қозылы қой артық, о кімдікі? – деп ақиды. Қарттың
жауабын тоспастан:
– Жаз әкітті,– деп бұйырды секретарь балаға. Үй иесі:
– Қанипаны шақырып келіңдерші,– деді. Кішкене қыз жүгіріп кетіп Қанипаны
ертіп келді.
– Қанипа, шырағым, қанша малың бар, айтшы! – Қанипа шұқылың-шұқылың етіп
жан-жағына қарап-қарап жіберді де:
– Еһе-һе-һе-ее, қырғын-ай, ата, оны қайтесіз, өзіңіз білесіз ғой,– деді. Қарт қабағын
түйіп:
– Жоқ, мына кісілерге айт, маған емес,– деп теріс қарады.
– Бұзаулы сиыр, бұқа, қозылы қой...
– Соның бәрі өзіңдікі ме? – деп ақырды Қали.
– Еһе-һе-һе-ее, қырғын-ай, енді кімдікі? Сол көп пе? Еһе-һе...
– Еһе-һе, Уәһе-һә, От тебе!– Милиционер қасындағыларға ымдап қойып:
– Бұл шал зұлым шал. Санақ келетінін біліп, малды сатып құртқан болды. Үйін
тінтіп, опис жасау керек,– деді.
– Оған біздің правомыз жоқ,– деді Ұмсын.
– Сенде болмаса менде бар!
– Сізде де жоқ.
– Бар менде. Бар дегесін бар!
– Құдай-ай, енді бөтен кісі келіп үйіміздегі боқташағымызды ақтарам дей ме, не
дейді? Көрмегеніміз осы еді! Көрдік-ау көресіні. Жалғыз бала болса анау,– деп
кемпір зарлап қоя берді.
– Қарыстыр жағыңды!– қарттың бет-аузы ісініп шыға келді, көзі жасаурап кетті,–
- ал, тінтіңдер осы үй