өзіне қатысты... өзі білетін ауыл
адамдарын көз алдынан бір сәт тізіп өткізді. Ой көзі Сағынайдан кейін... Мәруәға
түседі... Баяғыдан бері жұрттың сан-саққа жүгіртіп, құйқылжыта, құбылта сөйлеп
жүрген Темірәлі – Мәруә хикаясы мынадан шыққан-ды. Темірәлінің малшыларды
аралап келе жатқан беті-тін, Қарашаш аулына күн бата жетті. Қарашаш: «басымның
сақинасы ұстады» деп жатып қалған. Мәруә арық қойларын қораға қамап, аузын
бекітіп жүрген басқарманың қай жақтан келіп қалғанын аңғарған жоқ.
– Мәруә аман ба? – Қара күшік те жаңа көрсе керек, ауыз үйден жүгіре шығып,
шабалаң-шабалаң етті. Бойы жетсе жұлып жейтіндей, ат үстіндегі кісіге ұмтылып-
ұмтылып қояды. Мәруә:
– Кет, әрі! – деп зекіп тастады.
– Мал-жан аман ба, шырақ?
– Шүкір, Тем-ақа.
– Қойды мұнша неге ерте қамадыңдар? Қараңғы түскенше жайсаңдар қайтеді!
Семіріп кетер деп қорықтыңдар-ау, а?
– Қараңғы түскенше жаюға... жалғыз өзім... қорқып,– деп ыңғайсызданды
келіншек.
– Қарашаш қайда?
Басқарманың даусы қатқылдау естілді. Мәруә Темірәлінің бетіне қарады: екі
танауы қусырылып, жел тотықтырған қоңырқай жүзі әрі сұсты, әрі сұлу көрінді. Тұла
бойында сарқылмас күш-қуаттың бітпес көзі бардай, қос жанары шатынап, жанып
тұр. Мәруә күмілжіңкіреп барып:
– Апам ауырып қалып еді,– деді.
– Не ауру?
Басқарма сұраққа жауаптың тез қайтқанын қалайтын. Ананың іркілгенін естімей
қалдыға жорып, даусын қатайтыңқырап:
– Қарашаштікі не ауру деймін? – деп қайталады.
– А-аа? Иә, жай... әншейін.. басының сақинасы...
– Қойларыңды таңертең ерте өргізіңдер. Қарттар ертеңгі шөп нәрлі дейді.
– ?
Анау Темірәлінің жүзінен көзін айырмайды, ішіп-жеп барады. Маңдайынан
қайырып байлаған, бетінде түрткен-түрткен қарасы бар ақ бірбайларының астынан
көрінген арзан айсырға таққан құлағының ұшына шейін қып-қызыл. Күн батып бара
жатқан.
– Балаларың қайда?
– Анда. Апам үйінде.
– Жарайды, шырақ, мен жүрейін.
– Үйге түсіңіз, шай ішіңіз...
Қонақ қашып кететіндей, келіншек торы айғырдың шылбырынан ұстады.
– Жоқ, айнам, асығыспын, үйге жетіп алайын. Ауданнан кісі келіп жүр еді. Ертең
Ақжонас жақтағы шаруашылықты аралайтын болғанбыз.
Темірәлі тұра қашатын кісі құсап, жалма-жан тізгінін жинап алды.
– Ақа, кетпеші... қоншы...
Жұқа, енсіз алақанымен торының мойнынан сипап-сипап қойды. Енді болмаса
жылап жіберетіндей екі көзі дөңгеленіп, аянышты қиылады,– жеңгейге ертең де
барасыз ғой, бүгін...
– Қой, қарағым, бөгеме. Ауданның адамына уәде етіп ем. Ұят болады.– Әйел «Ұят
боладыны» өзінше, тым асығыс түсінсе керек, сөзді бөліп.
– Ұятшыл екенсіз ғой...– еркелей бұртиып тұрды да, қайта құбылып – түсіңізші
енді... Атыңызды бітеуге тығып қоям... кім көреді...–деп сыбырлады.
– Ой, а-та-ңа нәлет, сайқал!
Аяғын үзеңгіге тірей, көтеріле беріп, ұзын, ысқаяқ қара дойырмен келіншектің екі
жауырынының ортасын ала тартып кеп қалды. Әйел шар етіп, етпетінен түсті. Екінші
рет көтерген қамшысымен торы айғырды бауырға бір салып, шаба жөнелді. Қара
күшік: – «Ғап-қап», «ақ-мақ», «ғап-ғап», ақ-мақ» деп, біраз жерге шейін тірсектеп,
шығарып салып қайтты. Оқыс дауысқа үйінен жүгіре шыққан Қарашаш Мәруәні
құлап жатқан жерінен көреді. Қолтығынан сүйеп тұрғызып, үстін қағады. Анадай
жерде шауып бара жатқан аттылының Темірәлі екенін бірден таниды. Даусы
жетпейтінін білсе де, Қарашаш Қарашаштығын істеп, соңынан айқайлайды:
– Әй, хақымақсың-ау, анаңды...
Бұл сөздің қадір-қасиеті азайып қалған-ды, өйткені, мұндай «қортындыға» алдымен
келген, «ақ-мақ» дегенді Темірәлі-басқармаға қуып жүріп айтқан Қарашаш емес, қара
күшік еді...» Мұны кімге не деп айтарсың!... Темірәлі мырс етіп екінші бүйіріне аунап
түсті. Аспанның шығыс жақ маңдайы, жұлдыз-шашы сиреп, қасқаланып келеді...
...Ол ауырсынып, қиналып оянды, қабағын әрең көтеріп, көзін ашты. Ұзындығы
құлаш жарым бір бет шырқау биік көк аспаннан салбырай түсіп, бұған төніп тұр.
Қазан тұтқышындай екі киіз ерін жыбыр-жыбыр етеді, бұған түсініксіз тілде бірдеңе
айтатын тәрізді. Көзін уқалайын деп еді, қолы көтертпеді. Әлгі бет пен ерінге
дәрменсіз қарап, бір сәтке көзін қайта жұмды, қайта ашты. Құлағына жылқының
оқыранған үні келді. Мына жарты аспанды алып жатқан беттің иесі – торы айғыр
екенін сонда түсініп, басын көтерді. Қарақұсы зырқ-зырқ етеді. Басының
ішіндегісін қағып ап, орнына, әлдекім қайырым ғып топырақ толтырған сынды,
зілдей. Екі қарын әрең жиды. Оң білегін шылбыр қиып, бунап тастапты. Қаны ұйыған
қолының басы шымырлайды. Күн көтеріліп қапты. Қоңыр бұлғарымен қаптаған
қалмақ ері ат үстінде жалтырап көрінеді. Қамшысы, етігінің қонышы дымқыл, су.
Айналадан шық исі аңқиды. Денесін шаншу ұстапты. – Әй, жасың қырқылғыр, қайтар
ананы! Дауыс тура құлағының түбінен естілді, Көпшігін тартып, ерге қонды.
Шағылдың құбыла жақ жығылар астындағы шұқырда кіп-кішкентай қараша үй
көрінеді. Түндікті батыс бұрышынан қайырып, ашып қойыпты, бір уыс көк сеңсең-
түтін көтеріле алмай, шұңқырда кілкіп жатыр. Басы ұйпа-тұйпа кішкене қыз екі-үш
лақты ешкіге еріне басып, еріп