піктерін
қағып-қағып қалады. Және кісінің тура көзіне қарайды.
– Ме-өө, ө-ө-өө! – деп өксігенде, сырттан бақылаған адамның жылағысы келеді.
Мүләйім, жетім үн. Мұғзима біреуден жәбір, жапа тартқанда дереу бітеу қораға
жүгіретін. Қарала бұзаудың мойнын құшып, ағыл-тегіл болады. Бұл бірер күн
тұмауратып қап, үйден шықпай қойса бұзау мөңіреп есік алдында әрлі-берлі жүріп
алады. Шеген қыстаудың жермен-жексен терезесінен ішке үңіліп-үңіліп қарайды.
Сөйтіп жүргенде осы Идаят туды. Кемпір-шалдың қабағы жарқырап сала берді.
Баланы қырқынан шыққанша еміздірді де, әрі қарай өздері бауырларына басты.
Сүтпен асырады. Отыруға жарағаннан бастап құйрық сорғызып үйретті. Жөргек-
жаялығын өздері жуады, өздері шомылдырады. Бала түшкіріп қалса кемпір-шал
екеуі бірінен-бірі көреді. Бірінен-бірі қызғанып үбектейді.
– Мұрынын шүберек қажайды, сүртпе, сорып ал!
– Құдайдың қара қасқасы, олай ұстама, былай ұста!
Кейде екеуі түн ортасында оянып ап, күңк-күңк ұрысып отырады.
– Мана сен толы жұрттың көзінше... тіл-көз атып кетті баланы.
– Жағың қарыссын! Айранның кіртігін бекер бердің, содан болды.
– Өзің ғой қоймай ішкізген!
– Өзегіңе іс кірсін сенің! Өзің... өзің...
– Сақалыңмен дым білмейсің...
– Білсең қайда қалдың?
Келін тұңғыш баласына ана боп емірене алмады. Омырауын алты ай сауып, әрең
суалтты. Оңашада иіскеп, сүйіп алайын десе баланы жалғыз қалдырмайды. Бірі
шығып кетсе, бірі отырады. Күзет күшті. Тіпті, ешқайсының мұны балаға жолатқысы
жоқ. Баяғы қарала бұзаумен қала барды. Бұзау – баспақ болды қашар шықты. Келін
бала тапты, ана атанды, одан бірақ жағдай өзгеріп жарымады. Қарала қашардың
түбіне ақыры сол жебірлігі жетті: желіндеп жүрген кезінде қоя боп, жарылып,
пышаққа ілінді. Мұғзима жасырынып жылап алды... Одан кейін келін екі қыз тапты.
Ол екеуі де солай, туа сала кемпір-шалдың бауырына кіріп жоғалды. Бұл тағы
жалғыз, тағы жетім. Балалары үпір-шүпір, бәрі көз алдында өсіп жатыр. Бірақ, мұның
ешқайсын сүюге, еркелетуге хақысы жоқ. Өйткені, бүл келін, нашар, кем адам. Кіші
қызы туысымен Садықжанды әрмия әкетті. Шақыру алған күннің ертесіне ол ат суғара
құдыққа келді. Мұғзима екі шелегін толтырып қойып, астауға су құйып жатқан. Ерінің
шылбырына сүйретіліп дауыс етіп тұрып жылады:
– Мені қайда қалдырып барасың, бала жоқ, бай жоқ, қайтып күн көрем!..
Садықжан шошып кетті:
– Қой, ондай жаман сөзді айтпа. Мен оянкаматтан кейін қайтам. Орысша білмейтін
кісіні алмайды дейді... Ендігі бала өзіміздікі. Қарттарға бермейміз.– Ат үстінен
еңкейіп, мұның тәмпіш мұрынын қысып-қысып қойды да, біреу көріп қалмады ма
деген кісіше айналаға алаң-ғұлаң қарап, үйге қарай шауып ала қайқайды. Жұбатқан
сиқы. Сол күні аттанып кетті. Артынан хат келіп тұрды. Ішінде өзі туралы бір ауыз
сөз жоқ. «Қайтсін, әкесінен ұялады ғой, жаман иттің қатын жандысын қара» дей ме
деп, әйтпесе, іші жек көрмейді, білем оны. Бұл келіннің өзін-өзі демегендегісі. Өстіп,
өзін-өзі демемесе кім демейді жаман кісіні. Екі бойжеткен де құтты орындарына
қонды. Олар барда үй іші көңілдірек сықылды еді, қазір тіпті қиын, біркелкі, тұнжыр!
Балалардың тілін қызық көре ме, әлде, шын ниеттерімен істей ме, белгісіз, әйтеуір сол
екі қыз кезек-кезек бұдан туған сәбилерге сөз үйретті:
– Келін деші, айналайын?
– Келін?
– Жаман қатын деші, зекетің болайын?
– Жаман қатын!
– Қара қатын деші?
– Қайа қатын!
– Ақаң аман келер ме екен, оң аяқ болшы!
– Ой, садағаң кетейін, тіліңнен айналайын! Ақыл көп қой сенде.– Екі қыз
рақаттана күледі. Кемпір-шал да мәз-мәйрам. Үлкендер, бәлен деші, шүлен деші деп,
балалардың аузына сөз салмайды. Әйтсе де сөз салғандарға қой демейтіні жаман.
Мұғзима «Ақтөре» мен «Ақ еркенің» (қайын сіңлілеріне қойған аттары) жаңағыдай
қылықтарын көңіліне алып, ата-енесінің бетіне талай жалтақтады. Сонда олар елең
қылмады-ау. Енесін қойшы, ол аңқау, аңғарымсыз кісі, аяғының астында құдық жатса
да байқамайды, лапырып жүріп түсіп кетеді. Қартты айт-тағы! Қарт түсінбейтін
сұмдық бар дейсіз бе бұ дүниеде! Бірақ әнеугүні... Қарт бір жаққа қонаққа кеткен.
Кемпір құдықта мал суғарып жүр еді. Келін Идаятты үй сыртындағы қоңырда
жайылып жүрген бұзауға жұмсады.
– Айдап келе қойшы, айналайын, қолым тимей жатыр.
– Бармаймын!
– Неге бармайсың! Көкеңе айтам келгесін.
– Көкем сенің айтқаныңды тыңдамайды!
– Жағыңды айырсам қайтесің?!
– Туввт, күшік, жаман қатын! Мынаны айырарсың! – Бала екі саусағының
арасынан бармағының басын көрсетеді.
– Мә, саған жаман қатын! Әй сойды-ау бір. Еркек бала ғой, денесі тастай екен, әрі-
бері төмпештегесін қолы ауырды. Екі-үш рет теуіп те жіберді. Сосын өзі теріс қарап:
«қайттым тәубеден, Құдайым, асылыққа жаза көрме» – деп жыламсырады. Қара бала
дыбысын шығарған жоқ. Сұп-сұр боп тістеніп жатып алды. Ата-енесі оралғанда бұл
желі басында сиыр сауып жүрген-ді. Идаят аналар үйге кірген бойда барлық көрген
қорлығын баяндап берді. Кемпір бат-бұттап жылап қоя берді:
– Құдай-ай, қолы сыңғыр түге, жалғыздан қалған жалғызды...
– Өшір ү