(1184 – 1271)

БУСТАН


Орысшадан аударған Ж.Нәжімеденов

САҒДИ

Гете айтқан шығыстың жеті ұлы ақынының бірі, парсы ақыны Сағдидің
толық аты-жөні – Мүслихад-дин Әбу Мұқаммед Абдоллах ибн Мүшриф
ибн Мүслих ибн Мүшриф Сағди Ширази ХІІІ ғасырда өмір сүрген. Сағди
Иранның құбыласында, Парсы шығанағының жағасына орналасқан
Ширази атты көне қалада ХІІ ғасырдың сексенінші жылдары дүниеге
келген. Ақын сол заманның саяси-әлеуметтік, экономикалық, ілімдерімен
мықтап қаруланады. «Бустан» («Көктем») – оның алғашқы көлемді
шығармасы. Бұл кітап он тараудан тұрады. Белгілі сюжеті жоқ. Ақын
оқушыларымен дүние жәйлі - әділдік, теңдік, адалдық, адамгершілік жәйлі
ойларын өз заманына, әлеуметтік жағдайларға сай айтып сырласады.
Ұсынылып отырған үзінділер шығыстың ең ежелгі өлең үлгілерінің бірі
– ғазел түрінде жазылған.
Сағдидің «Бустаннан» басқа «Гүлстан», «Қуллиат» атты кітаптары бар.






















БІРІНШІ ТАРАУ

ӘДЕМІЛІК ПЕН АҚЫЛДЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Асықпаңдар айыптыны асуға,
Көк түймедей миың болса басыңда.
Қыл мойынды қию оңай болады,
Бірақ қайта жалғау – қиын соғады...
Адам. Адам. Әділ қайғы - әр ұғым,
Құяды оған мейірімділік жарығын.
Соғыс болса – соғысқа да көне біл,
Жазу үшін бейбіт күннің өлеңін.
Ашуыңды арыстандай ақырған
Тұрсын ұстап жасалған тор ақылдан.
Жауыздық пен қараулық ой – сені егер,
Шықса бастап – құрығаның сене бер!
Жауыздықпен ойлаған ой – кінәлы,
Шариғат пен періштені қуады.
Шариғатта шарап ішу – күнә емес,
Қанқұйлының қанын ішу – күнә емес.
Құдай-дағы безген жауыз құлынан, –
Жауыз көрсең –
мойнын бұрап жұлып ал!
Ал, егер қатын бала туса онда,
Күнакарсың, қандай сумен жусаң да –
Өз күнәңді, өз басыңды жой енді,
Жылатпа тек сәбилерді, әйелді!

* * *
Ата жауың қолға түссе – бір сүйін,
Аяма сен одан ащы – жыр сыйын.
Онсыз-дағы қайғылы ғой, сен оның
Бақытыңа пайдаланба қырсығын.

* * *
Бақытыңды қадірлегің келсе егер,
Кеудең болса қасіретке теңселер –
Қайғылыны құтқарып қал қайғыдан,
О, фахырым, қарай көрме жай бұған

* * *
Салқын сыра жұтасың сен, батпады,
Әлдекімнің шөлден өліп жатқаны.
Мейлі, әділ сот берсін жаза саған да,
Бірақ ондай сот бар ма бұл ғаламда?!

* * *
Шыда, сорлы тiзесіне озбырдың,
Шыда, шыда, батар бірде озбыр күн.
Ақылды бол! Қайратты бол! Епті бол!
Сенің қолың құдіретті қол – етті қол.
Сал айқайды мына жалпақ әлемге:
«Біз бақытты екенбіз, – деп, – әуелде!».

* * *
Сақтан, сақтан құдіретінен ғазелдің,
Ғазел үшін бір қасиет әлем бұл!
Бала ойынын санай көрме жеңілге,
Күшті жауың ойнап құртар сені де.
Ит күшігін қорлай берсең бекер сен, –
Жолбарыстың тырнағында кетерсің!





























ЕКІНШІ ТАРАУ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Жетім көрсең – үстіне түс қалбақтап,
өз ұлыңдай аялап бақ, қорғап бақ.
Саусағының шөңгесін ал, жу үстін,
Жас шыбықты күту – үлкен жұмыс бұл.
Жерге қара жетім көрсең алдыңнан,
Иіліп кеп қолыңа оны ал жылдам.
Көзінше оның еркелетпе ұлыңды,
Есіркей гөр ел баласын қаңғырған.
Ол жыласа – кім сүртеді көз жасын,
Ол құласа – кім сүйеді өз басын.
Ол жыласа – бір қорқыныш ұқтырар,
Дүниенің төбе-шашы тік тұрар.
Жақында оған, о ақылдым, қайырымды,
Жұбат оны, ол әкеден айрылды.
Айрылды ол туған ана, үйінен
Аяла оны өз төріңнің сыйымен.
Патшадан да бақытты едім бір кезде,
Патшаны да білмеуші еді жұрт өзге.
Шыбын батып қона алмайтын басыма
Әкем байғұс отырғанда қасымда.
Жалғызбын мен. Жау келсе егер елге бұл,
Маған құлдық, еріксіздік келгені.
Ата-анамды жоғалтып мен жасымнан,
Талай қырсық өткен-ді бұл басымнан.

* * *
Кім жүрсе егер ақ ниетін ән қылып,
Сол лайық құрметтеуге мәңгілік.
Бір жақсылық жасап алмай – сөйлеме,
Мен мақтансам – орыны бар, қой деме.
Тағдыр оғы бөліп кетсе, ол енді
Жалаңаштап кетер сенің денеңді.
Сен – патшасың, құлыңның көп
болғаны –
Құдайыңа бас иіп қой сен-дағы.
Мың-сан құлға жүргені үшін билігің,
Қадірлей біл тағдырдың бұл сыйлығын.
Ал, патшаның жомарттығы –
қонағы,
жоқ, жаңылдым – қайырымдылық
болады.
* * *
Генералға айтты бір күн әйелі:
«Тамақ тауып әкел бізге әуелі.
Сұлтандарда үлесіміз бар біздің, –
Тым құрыса тойсын балалар жалғыз күн».
Ері сонда: «Құдайды іздеп шарлап бір
Сұлтан кеткен ас үйі оның қаңрап тұр!»
Ал, әйелдің жоқтық жалмап жүрегін,
Мұңды басын төмен салып жүреді:
«Сұлтан қаңғып нені ғана іздеді?
Мастығы да мереке ғой бізге оның!»
Вино менен нанға тиын берген жан,
Күні бар ма, сараң байдан кем болған?
Аққан термен адал салған үйі бар,
Адам ғана Алласына сыйынар.
Жалына бер құдайыңа – сөз бе еді,
Тек өзіңе жалындырма өзгені.

* * *
Адамдарға қайырымды бол, жігітім,
Ойла жән