скі әдетінше пұт боп, сыздап айтуды доғарды. Өйткені, баяндағалы
отырған жаңалығының – жаңалық екеніне өзі сенбейді. Секемшіл-ақ. Күмәнданған
сәтте төзімнен айрылады. Төзбеген сайын қартая түсті. Осыдан бір жыл бұрын,
мұның әңгімесінің ілкі қадірі түсе бастаған шақта әлдекім: «Сәке, мынауыңыз
жаңалық емес» десе, қиналмай-ақ басқа біреуін айта қоятын. Қазір... қазір жүйкесі
көтермейді. Қараптан-қарап жасып, жұқарып бітті. Сонда Сандыбайдың енді керегі
болмағаны ма? Сәкеңнің пиғылы кісі сөгерлік емес, өзін жұртқа керек, пайдалы кісі
сезінгісі келеді. Оның несі айып?! Бұл да кептің біріне айналғаны ғой; шамасы? Жо-
оқ, Сәкең әзір оған көне қоймас. Кілт, кері айналып, кеңсеге тартты. Есік алдында
қолында сыпырғышы, біреу жүрген, жанай беріп қақырынды. Ананы бетіне
қаратып алды, барынша ашық, еркін үнмен:
– Аман-сау барсыз ба?– деп самбырлады.
– Бармыз, қайда кетейік бар болмай, бат-бұт, лап-лұп,– деді. Оразғалидың
кемпірі – Үрия. «Құдай-ау, ел құрып, су құрып тап қылған кісіңді... Кемпір
болғанымен тұрмай, пошташының кемппірі (ол өсекке зәру емес қой) әй, Құдай»–
деп күйінді. Кенет, қайыра серпіліп «осыған кім айтты дейсің» деп ойлады:
– Жеңгесі, Қанішкен жақтың хабарын естідініз бе?
– Не хабар?– Кемпір белін жазып, жыңғылдан жасап алған сыпырғышына
таянды.– Уһ! Не, Қанішкенді жау шауып па? Алдынғы күні орнында деп еді
ғой, бат-бұт, лап-лұп.– Сандыбай жымың қақты,– бұ бишара қайдан естісін!
– Кәдімгі,– деді Сандыбай көкірегінің дірілін баса алмай,– кәдімгі өзіміздің...-–
Кемпір әрі қарай айтқызбады:
– Иә, иманды болсын, бақыр, бақыр сүйтіпті бақыр.
Сәкең өкпе-қолқасының бір жері үзіліп кеткендей сезінді. Дәл осы арада көзі
еріксіз самолетке түсті. Аттылы хабаршы (өсекші деуге де болар еді, әт-те-ең,
Сандыбай өтірік айтпайды) қанатты хабаршыға өшіге, түнере қарады. Бара қақ
маңдайдан тартып жіберетіндей, қамшысын оңтайлап, самолетке жүрді. Айырплан
тым ажарсыз, арса-арса, әрі тым тозыңқы көрінді. Әлде Сандыбайдың кезінде
солай ма? Осы тұрған қиқы-жиқы, шатыс-шатпақ темір-терсектің қаңқасы орнынан
сәл қозғалса, быт-шыт боп, бөлініп-бөлініп қалатын сияқтанды. Біреу ішінде, үстіңгі
қанаттың артқы жағында, басы ғана қылтияды. Екінші біреу жерде, қақ алдында
тұр. Бір топ бала «темір қаңқаның» о жер, бұ жерін түртіп қалады да, тұра кеп
қашады. Мына бір бензин сасыған әр жерін сым-сыпатамен тарттырған қолапайсыз
дене арбалаңдай, тұра қуатын тәрізді. Сындырмалы, алақандай-алақандай төрт
әйнегі бар көздігін (көзілдірік деуге өте тұрпайы, ірі) ағал-жағал бұлғары
құлақшынының маңдайына киіп тұрған жердегі жігіт, әуп деп қалақты айналдырып
қалды.
– Бнимание!– Ішінде, қанаттың артында отырғаны әлденені салдыр-гүлдір, уу-гу
еткізіп, екі-үш мәрте қомдана қопаңдады, сосын:
– Кантак,– деді. Жердегісі маңдай қалақты тағы бір айналдырды:
– Бнимание!
– Кантак!
Бір мезгілде қалақ гүрілдей, сарылдай айналып кетті. Жердегі кейін шегінді.
Балалар тырым-тырақай. Самолет дірілдеп-қалтырап сәл тұрды да, құрғақ сордың
тұз аралас ақ боз шаңын бұрқырата, жорғалай жөнелді. Енді бір сәтте көкке
көтерілді. Қазанғап тауының құбыла тұмсығына бара беріп, жоқ болды. Сәкең
түңілгені ме, ызаланғаны ма, белгісіз, басын оқыс шұлғи, жұлқына бір түкірді:
– Тфу!
* * *
Басқарманың кабинеті лық толы. Жұрт бірін-бірі киіп сөлейді. Анда-санда
ыңырана, гүжілдей шығатын бір ғана үн,– Бекеңнің даусы – қағусыз, тиюсыз
естіледі. Сандыбай есікті сәл ашып, ішке сығалап қарады да, қайта жапты. Кіруге
батыл ете алмады. Бөтен колхоздың адамы, кіргенде не деп кіреді? «Мал жоғалтып
жүр едім». Жоғалған малды кісі кеңседен іздемейді. Амалсыздың күнімен есіктің
сыртында тұрып, тың тыңдады:
– ...Есіттіру керек,– деді біреу.
– Жолдастар, бұл саяси мәні бар іс. Аудан, газет анау-мынауға статьясын арнай
бермеске тиіс. Өзім бас болып бару, аттану мақұл. Манағы сиыршыны көшіруге
кім кетті? Осы колхоздың озат қойшылары. Еңбек адамдарына құрмет, мме-ее,
патшот. Атшот не боп жатыр? Тездетіңдер. Газеттің сөзін өтірікке шығаратын
біздің қақымыз жоқ.
– Сөз! Сөз-ақ, өзіңіз естіртіңіз. Өзіңіз тұрғанда бізге не жорық.
– Тағы бір азаматтық етіңіз!
– Маған, мысалы жаманат естіртуден мың қойды суғару оңай.
– Сол оңайын-ақ істеші!
Сандыбай атына ұшып мінді. Желіске мүсе тұтпай, сылт текірекке салды.
Ескененің құбыла-сәскелігінде отырған жылқышы Мәсәлім аулына атын қансорпа
ғып жетті. Сандыбай көлікке бапты кісі еді. Осы жолы аямады. Қамшысы аздай
тебініп-тепкілеп аттың қос өкпесін түсірді. «Жаңаөмірдің» пырсылдатылы Бекең
жанына бір топ кісі ертіп, қазаны есіттіру, көңіл айту үшін осылай қарай аттанғалы
жатыр. Мұны енді ешкім білмейді. Ешқандай самолет бұдан бұрын жеткізуі мүмкін
емес. Жаңалықтың көкесі емес пе? Бұ сықылды тосын сөзді жеткізуге шыққан аттың
тері – су ғой, су! Мәсәлім бір жамбастап жатқан. Ауырлай, сыздай көтеріліп
отырды.
– Әлгі аудандарыңда не жаңалық бар,– деп сұрады, сүлесоқтау алысқан аман-
саудан кейін.– Су көп келді дей ме биыл?
– Оны білем, естіді