п салды. Өткен
отырыста, кеңседе: сиыр пермесінің есеп-қисабына әлгі бір Әлібек деген жігітті
қойсақ қайтеді, семьясы көп, – дегенде де беті бүлк еткен жоқ. Әлібек кіші
басқарманың осынша тез оңға бұрған бүйрегінің сырқатын түсінген сайын тойды
кешеуілдетуге тырысқан. Себебі… себебі: «болған» күйеуден «болгалы» жүрген
күйеудің пайдалы екенін кім білмейді! Әлекеңе түрлі түсті сылтау айтқызған
осындай есеп-ті…
Сонымен бүгін той.
Әлібектің бес қанат қараша үйі болатын. Соны мана таңертең шөбі, топырағы
тың жаңа жерге, жарты шақырымдай күн шығысқа таман апарып, киізін қағып,
қайта тіккен-ді. Есік алдындағы үш-төрт жердің топырағы қопсып, қызарып қапты:
жер-ошақ қазған. Үй сыртында үш-төрт қарағай соқа андыздап көрінеді. Әлібек
сыртта, оң жақта екі қолын артына айқастыра ұстай, төсін (қарыны жоқ)
қайқайтып, айнала қарап тұр. Басқарманың қайнағасы – көкірегі қалақтай боп
қабысып жатса – ұят-тағы, барынша ірі, тоқ, толық көрінуге тырысады. Суағары
тып-тықыр, езуіне ғана қойған мұртының екі шалғысын уқалай-уқалай ерсі
сертиіп, едірейтіп жіберді. Екі бузауға арналып керілген желінің аржағындағы
қазаншұңқырда мал союшылардың бастары, иықтары шошаңдайды. Әрегіректегі
қабақта бір топ ит таласып жатыр. Жеңіліп, таланып қашқан екі-үшеуіне одан
сайын қаңсылатып, алты-жеті жалаң аяқ бала кесек ата қуалайды. Әлима жеңгей
малынып-ақ баққан, кимешегінің шалғайы тірсегіне түседі, қағаз салып байлаған
жаулығы оқшау, оқыс қоқыраяды. Үр-жаңа рәзен-калошын көрсетпей, жауып
жүрген ала шыт көйлекті белінен көтеріп, ышқырына қыстырды. Калоштың
жаңалығы, жалтырлығы сондай, қарасаң жүзің түседі. Қап-қара айна. Ондай
калошы бар аяққа тыным бола ма, әйел шұбатыла басып, біресе үйге кіреді, біресе
қайтып шығады. Істейтін ештеңе таппайды, өйткені, көлік жетер жердің қыз-
келіншегі осында, жарқырай күлісіп, қазан-аяқ маңына топырласады. Бәрі паң, бәрі
кербез. Басқарманың үйлену тойына анау-мынау адам қатыса ала ма!
– Әлеке!– Ошақ жақтан жүгіріп келген еңгезердей бір еркек Әлібектің тура
тұмсығына сүйеніп тұрып ентігін басты, қан мен түйіртпек-түйіртпек ет жұққан оң
қолымен желкесін қасыды,– Әлеке, етті... асты сала береміз бе қазір? Қонақтар
келгенше әлде нетіп, нағылып қоя тұрамыз ба?– Әлекең сәл ойланған кейіп
танытып ап, сүлесоқ үнмен:
– Сала беріңдер!– деп қолын сілтеді. Сонсоң шұғыл бұрылып, желкесінің
шұңқырын көрсетті.
Енді бір сәтте жаңағы топырағы қызарған жер-ошақтардың үстіне қап-қара, қап-
қара қазандар мінді де, со бойда қурай түтінінің тәтті иісі мүңк етті.
– Қарағым (Қарағымды бұ да білетін боп шықты) – деді Әлима қазан-аяқ жақтан
үйге сүйкенте тіккен киіз қостың есігінен ішке басын сұғып,– Қарағым, киінсейші!
Қонақтар келіп қалар.– Сонан кейін Мәруәның салыңкы қабағын аңғарып, жаны
ашығансыды,– киін, қарағым, Құдай бұйрығы, (Мәруә: «Құдай қашанғы бұйыра
береді» дей жаздап, тыйыла қойды) иә, Құдай бұйрығы, қайтейік. Алла қосса
қосағың жаман жан емес. Бағы жүріп тұрған азамат. Бағың ашылады енді.
Ашылсын, ләйім ашылсын!–деп, киіз қостың есігін жауып кеп жіберді.
Екі бала күнделікке шешелерінің жанынан ұзамаған. Әншейінде кекетіп, кемітіп,
түртіп-шұқып сиыстырмайтын балалар – Әлібектің ұлдарына шейін бүгін
емешелері үзіліп қапты. Мұрындарының асты жылтылдасып, бірінен соң бірі кіріп,
маза бермеді. Екі ұлдың екеуі де, неге екені белгісіз, шықпай, ойнамай отырып
алды. Бір мезет Мәруәнің өзі:
– Бара қойыңдар, бар, ойнай қойыңдар,– деген. Балалар тапжылмады.
Көздерінің астымен ұрланып-ұрланып шешелеріне қарайды. Жанарларында
қорқыныш пен таңданудан бөтен де бірдеңе бар тәрізді. Үйдегілердің істеген істері,
сөйлеген сөздері – бәр-бәрі жұмбақ, түсініксіз. Бұлар қалай да бір жаққа кететінге
ұсайды. Қайда кетеді? Ашаққа, үйге ме? Мамасы үн-түнсіз басын шайқап,
күрсінеді. Неге өйтеді? Жұрттың бетіне қараса – жайдары, бәрі жақсылық күтетін
сынды Ал, Мәруә? Сәби жүректер әлденендей бір беймәлім, тылсым тағдырдың
алдында жапан желі өтіндегі жалғыз жапырақтай, дір қағады.
Бұлт жыртығынан түскен күн сәулесіне қарап, жарық, жылу үміт еткен сол бір
жапырақтай, шешелерінің жүзіне одан сайын жаутаңдасады. Мәруә мұның бәрін
сезіп отыр. Тапқан қосағы – балаларға әке болмайтынын жаны ышқына
мойындайды. Ал, өзі? Енді шеше бола ала ма, жоқ па?
– Бері келіңдерші, әй, жолдарың болмаған байғұстарым, кішкене сорлыларым!–
екеуін қармап ап, тізесіне жатқызды.
Қошақаным, қоңырым.
Қоңыр қозым – момыным,– деп күңіренді. Балалар мамасын әндетіп отырға
санап, көңілденіп, жайраңдасып қалысты. Түндіксіз қостың іші күңгіртті анасының
бет-жүзін ешқайсы көре алған жоқ. Тек құлақтарына әлгі сарын келді:
Қошақаным, қоңырым.
Қоңыр қозым – момыным.
Осы сәтте бір бала есіктен ұрлана сығалады, қос уыс қант, жабысқақ арзан
кәмпит аралас ақ бауырсақ көрсетіп, ымдап, далаға шақырған. Екі ұл шешелерінің
тізесінен бастарын жұлып-жұлып ап, сыртқа шыға жөнелісті. Келесі минутте
қазандық аржағындағы сайда топ балаға шулай қосылып, ит қуалап кетті...
Кіші бесінде