Қалекең сондай жан. Қулығының құнын шай пісірімнен кейін ғана түсінді. Өзіне-өзі
істеген қорлықты мойындау кімге жеңіл, ондайда, әйтеуір, біреуді кінәлап, әйтеуір
біреуді айыптау, бәрін жиып-теріп соған жабу керек қой, Қали да енді сол, ескі
тәсілге көшті:
– Өзі со бандымен бірге қашып бара жатып, мұндағы кісіге ақыл айтады, хат
жолдайды!– деп бір тоқтап еді, кенет, ойына әлдене түсіп, сөзін әрі қарай, жалма-
жан өрбітіп әкетті. – Осы қыздың өзінде бір шикілік жатпасын! Бізге ізін шұқытып
қойып, сонымен жол ұтпақ шығар, бәлкім, а? Кім біледі, қағазды ана бандымен
келісіп жазған болар? Аткуда мы знайым, а?– Қызды кінәлаймын деп, тағы бір
бәлені ойлап тапқанын сезген жоқ. Қабақ асып кеткен серіктерінің соңынан айқай
салды:
– Ілтинант жолдас! Ілтинант жолдас! – лейтенант қайрылмаған соң өзі кетті,
атын бауырлап-бауырлап шауып ала қайқайды. Сейсімет оның кеткеніне қуанды.
Қырсықты содан тартып келе жатқан. Өзі жөнді іштеңе аңғармайды, көзі түспейді,
тағы мұны: «Бала, анау не, қарашы, хат жатпасын», «бала, мынау не, іздері
көбейіп кеткен жоқ па?»– деп, оңды-солды үңілтіп, зықысын шығарған. Қазір ол
азаптан құтылды. Ішінен ағасын: «кетсең атамның айжағына, аузыңды ұйайын!»
Өстіп, бір сыпырды да, шөптің арасынан көрінген сарғыш-қоқыр топыраққа
қадалды. Сатым айтқан белгі бойынша Жирен айғырдың ізін танып алған. Ылғи бір
ізді,– қашқынның астындағы шығар,– мінер жақ алдыңғы аяғы сәл маймақтау ізді
басып отырады. Мәнісі: Жиренге әлі ер салынбаған. Соған қарағанда әзір
ештеңеден қауіптенбейді, сылт аяңмен кетіп барады. Қабақтан түскенде болмаса,
бүлк етпейді. Міне, мына жерде иректей бастады. Әуелі оңға салды, сосын солға
ойысты. Тағы да оңға, оңға, солға, солға, оңға. Бір кезде оң қолға кілт бұрылды да,
шөккен түйе құсаған қияқ шоқалдың қасына тоқтады. Құмдауытта бір ғана із
жатыр: биік тақа, қазақы кебіс, шөпті баспай, әдейі ашықпен жүріпті. Сейсімет атын
қаңтара сап, жаяу ілесті. Із ұзамады, шоқалды айнала беріп, оң қолын таяна...
Сейсімет сол қолдың таңбасы қалған жерді қамшының сабымен түртіп кеп жіберді.
Сиыр тіліндей ені бар, сарғыш қағазды, құмын қағып-қағып, қалтасына салды,
атына қарғып мініп аналардың артынан арсалаңдай шапты. Қағазды лейтенанттың
қолына ұстатып жатып:
– Жолдас, камандій дакладывайт Айыстонв міне, таптым!– деп алқынды.
Лейтенант хатты тағы да ішінен, тез-тез оқып шығып, қалғандарын жағалай,
түгендей шолды, мұрнының астын, ойланғаны шығар, бір сүйкеп тастаған соң
аяғының ұшын үзеңгіге тірей көтерілді:
– Тыңдаңыздарі!
(Қуғыншы дегені ме, әлде басқа ма?)– Қ. Сіздердің жолдарыңызды бөгедім-ау
деймін. Қырда із шығару – оңай шаруа емес. Сіздер үшін, ауданнан өкіл болып
келуге жаралған адамдар үшін, дозақтың-дозағы. Қырда, астына мінген атын
күніне бір жоғалтып тұрмаса ішкендері бойына тарамайтын жарықтықтар болады,
сондайлардың бірін ертіп алыңыздар, себебі, олар ізге түсіп үйренген ғой.
Сүйтіңіздер, ағалар! Қазір сәске түс. Қайда бара жатқанын білмеймін. Кеше бір
сөзінде: «Қалмақ қыры» деп қалды. Қайта сұрап ем, безеріп, үндемей қойды.
Өйдеген жер бар ма еді? Кешке қайда тоқтайтынын білмейім. Осы келе жатқанда ел
– тамақ іздеп келеміз. Бұ қырда жұрт біздегіден де сирек отыра ма дейім. Әлде жер
от па, әйтеуір, мал ізі некен-саяқ. Соған қарағанда, енді елсіз жүре алмайтын
шығармыз. Ауыл көрсеңіздер тастамаңыздар. Мен бүгін бұдан басқа хабар
бермеймін, іздемеңіздер. Ертең осы кезде болмаса... біздің өздеріңізден қанша
уақыт бұрын кеткенімізді аттарымыздың тезегіне қарап айыру жөн. Мынадай
ыстықта, ашық жерге түскен тезек тез кебеді. Жарып қарасаңыздар... Ал, болдым.
Р» –Лейтенант Қалидың миына әр сөзін сіңіре, былай деді.
– Сіздің күдігіңіз орынсыз сықылды, ақсақал!– Қали көпшіліктің жүзін өкпелей,
кінәлай бір тінтіп өтті де, назарын төмен тастап, мұрнының астынан міңгірлеп
сөйледі:
– Мына қыз, – деді Тайқұнанов кіржіңдеп – мына қыз бізді ізіне байлағаны,
табынтқаны аздай, тезегін тергізбек пе? Өзі біреумен қашып бара жатып! Тағы
кінәлайды, ақыл үйретеді. Біз оны бандыға ұстап беріппіз бе?
– Міне, от, менің айтқаным осы ғой.
– Жақсы, жолдастар жүрейік енді.
– Тшу, ей.
...Кешке қарай із түлкі-бұлтаққа қайта салды. Тура, бағытқа тарта беруге
ешкімнің батылы бармады. Қанша асыққанмен, күн бесіннен төмен түскесін жүріс
өніп жарыған жоқ. Сонымен, әбден мойыған, банды ұстаудан үміт үзе бастаған топ
іңірлете Досанкінің бергі сыртындағы дүзгінді шоқалақтардың (шағыл таппады)
арасына кіріп, жатып қалысты.
...Ертеңіне із шығару тіпті қиынға түсті. Су бойына жақындаған сайын жер қара
бұдырға айналып, құйқаланып бара жатқан, оған қоса қалың шықтың астынан тұяқ
табын тану, ажырату, иіскеп білетін ит болмаса, адамның мүмкіндігінен тыс тірлік
еді. Сондықтан жұрттың жүйке тамырлары тырсылдап, бірін-бірі сарқа, қаси
сөйлеп, іри-тіри, ызы-ғызы боп ет пісірімдей жүргесін дүзгіннің күн батыс
таусылысындағы қазан шұңқырда отырған жұрын бөріктей кішкентай қараша
үйдің үстінен шықты. Қ