қайдан сезіп қалғанын білмеймін, дәл осы сәтте төбемізден өте берген титтей қара
торғайды көздемей-ақ атып салды, өзі солақай, қол басынан сәл үлкен мылтығын
маған көрсетті де, қайтадан қалтасына сүңгітті. Қазір мен алдарыңызда отырсам
сұрақты қалай жаудырар едіңіздер! Мысалы, «ол ұйықтамай ма?» шынымды
айтайын, мұның ұйықтағанын көрген емен! Не жан екенін түсінбеймін. Қазақтың
тілін білгені болмаса, бөтен халық секілді. Орыс пен ноғайдан басқа... тағы қандай
жұрт бар еді? Қайдан білейін. Бір күні отырып тағы қағытты: «Сендердің осы әрбір
кірлеріңді жуған жерге топырақ үйіп, белгі соғатындарың не?» (Өлік арулағанды
айтқаны. Мыңтөбе жақтан талайын кергенбіз). Нағыз бұзылғанның өзі. Сырын
айтпайды. Топшылауымша, бұл кісі өлтірген жан, қалай болғанда, да, өте ауыр
қылмысы бар, ешкімнен кешірім күтпейді, өзге түгіл туған әкесі кешірмейтін
бірдеңесі... әне, құдықтың көздеу топырағы шыға бастады. Қазір бітіреді. Ғафу
етіңіздер, ағайлар (менен кіші емес шығарсыздар, әйтпесе, мына қаңғысты баяғыда
ұстар едіңіздер). Сонымен, ағайлар, былай: менің сіздерге көмек еткім келеді, қалай
демеңіз. Ұят та болса айтайын. Шоқал артына түскен ізімді аңдыңыздар. Сіздерге
де бірдеңемен айналысу керек шығар. Мені ол одан қалған уақытта көзінен таса
етпейді. Қағаз жазып қалдырып отырармын. Күдіктенсе, атып та кетер. Маған енді
бәрі бір. Тек, сіздердің осы бір адамды тосқан, тұтқандарыңызды көрсем деп ем!
Сейсімет кемсеңдеп қоя берді:
– Алла, қайағым-ай!
– Жау қойнында жатып ап, әй, сушай, бұ да жау! – деп елірді Қали.
Тағы біреу таңдайын қақты:
– Қатын дұшпан деген осы.
«...Сүйтіңіздер, ағайлар, арланбаңыздар. Мені атып кетсе сіздерге мынау
ұстатпайды. Асығыңыздар! Ал, шықты құдықтан, көріскенше. Р». Ілкіде бұ хатқа,
бір түрлі, бұл маңнан естілмеген тосын сөздерге не үкім, не баға кесерге білмей,
бәрі тұқырып, үнсіз қалған. Бірақ тілдің жатықтығы, сөздің өткірлігі мен астарына
мән берген ешқайсы болмады.
– Е-е-е-й, бақытсыз сорлы! Ел құрып, су құрып, мұның түсуін қарасаңшы қолға!
Қасқа бала!– Қайрекең кәдімгідей күйзеле, басын шайқағаны шығар, бүкіл дене-
тұлғасымен теңселді. Бандыдан да бұрын, осы бүлдіршін қыздың ертеңгі тағдыры,
қай-қайсын да толғантып тастады. Әркім өзімен-өзі, оңаша ойға шомды. Бәрі үнсіз.
Шығыс-арқадан мақпалдай майда самал еседі, құм түсі сұрғылт, көгіс. Қияқ
қауылдырықтары біркелкі жылтсыз, момын. Күншығыс жақтағы шағыл қабақтары
ғана қоламташа қызарады. Төбеде, бұлармен бірге, бір бағытта жүзіп келе жатқан
кішкене бұлттың оң қанаты лап етіп жанды да, сол орнында тұрып қалды.
Бұлар банды қарасын үшінші күні ғана көрді. Сонда, жалғыз баласы өлген
кемпір-шалға құран оқып шыққан жолы, батқан күннің қызылы сембей (жазда
батқан күннің арайы таңға ұласады ғой) бір шағылдың етегіне далаға қонған.
Құмның түнгі ауасы қандай! Алған хабар, ашқан деректерін сүйсіне әңгімелеп
жатып, қырқай ұйқыға кетті. Егер банды кері оралып, мыналардың үстінен түскен
болса... тұтқынының санын бірден онға өсірген болар еді: күзетке бүгін ғана
қосылған тың кісі ретінде Сейсіметті қалдырған: Сейсіметтің күзетінің күштілігі
сондай, таңертең, күн көтеріле тоғыз милиционер жабыла жұлқылап, әрең оятып
алды...
Енді ізден қия басуға болмады. Өйткені, Қуантайдың қызы жазған қағазын қай
шоқалдың далдасына жасырарын кім біледі?! Әр қабақтың артында бір-бір құпия
жатқандай, кез-келген үрпекке, кез-келген төмпекке жұрт дәмелене, әрі күдікпен
қарай бастады. Жүріс қайдан өнсін! Он аттылының оны бірдей аяқ астына – ізге
үңілді де отырды. Өстіп, түске шейін көрініп тұрған шағылға ғана жетті.
– От што, бәріміз үңілмейік ізге! Екі адам жетеді,– Қалекең Сейсімет пен
Тайқұнановқа қараған,– ізге көзі жіті екі жігітті бөлейік те, қалғанымыз озыңқырап
отырайық!– Мына ұсыныс мақұл көрінді.
– Табылған ақыл,– деді лейтенант,– табылған ақыл, бірақ Тайқұнановтан көрі
Сіз, өзіңіз қалғаныңыз жөн болар, Қалеке, қырдың жота-жылғасын жақсы білесіз!
Тәжірибелі кісі керек мұндайға! – Екеуін ізге бөліп, сегізі, тебінгілері сартылдап
желе жөнелді.
Дүниеде бөлінбейтін не бар дейсіз, қулықтың өзі ақылды, ақылсыз боп екіге
бөлінетін секілді. Ақылдысы өзімізге керек, ақылсызын алып көрейікші! Бұл –
ақылсыз қулық,– өзгеге емес, өзіңе ғана жүретін қулық! Қараптан қарап отырып,
өзіңізге керемет бір зиян істегіңіз келді дейік. Қалай істейсіз, ал? Жо-жоқ, кез
келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Мұның да асқан шеберлері болады. Сондай
шеберлердің бірі – Қалекең ешқашан өзіне, жұтқан асынан басқа, жақсылық
жасамаған кісі-тін, осы жолы, жаңағы ұсынысы арқылы бір жан бағайын деген,
серіктері қостай кеткенде, тіпті қуанып еді. Ішінен, қулықтың арқасында, мына
секілді босқа көз талдырудан құтылдым санап, бір көтеріліп қалған: бәлем, қалай
екен, тартыңдар! Бандының ізін қамыт қып киесіңдер ме, шынжыр ғып
сүйретесіңдер ме – еріктерің! Тағы қапы кетті, тағы алдырды: екі серігіне сілтегені
өзіне тиді. Қулықты, арамдықты біреу