ізге?– Үйдегілер аң-таң. Біріне-бірі қарап, бәрі
қосылып, лейтенанттың аузына жаутаңдады.– Шалап сұрады, алып шығып беріп
ем, жаныңнан, ішіп жарымапты. Сарқытында не тұр дейсің, періштедей бала екен,
өзім тауыса салайын деп сіміріп қалсам, аяқтың түбінде қолыңдағы қағаз жүр.
Лақтырып тастап, қартқа келіп айттым, бұл ұрсып маған... өзі танымайды. Не керек
екен деймін-ау. Дұғалық па, ішірткі ме, білмеймін.
– Рақмет, шеше! Тастамағаныңыз дұрыс болыпты.– Лейтенант серіктеріне
табанда бұйрық етті:
– Кеттік! Болыңдар!– сонсоң үй иесіне түсіндірді:
– Бұл, ақсақал, біз іздеп жүрген банды, соның қасындағы қыз жазыпты.
– Мәссаған!
– Што?
– А-а-а?
Ауылдан көрінім жер ұзағасын ғана Қали батылданып:
– Панимайш, әй, хатын оқысайшы, тыңдайық! – деді. Лейтенант ақ
гимнастеркасының төс қалтасынан, қайта бүктегенде қобыраңқырап кеткен қағазды
алып, ат басын тартты. Әріптер қара қарандашпен сығылыстыра, үлкен, тақта
шайдың қағазына тізіліпті.
Қыз өз бетінше хат таныған-ды. Туа біткен зейіні, түсірімі шығар, ескі
қиссалардың көбін жатқа соғатын. Қырда сирек кезігетін газет, кітаптарды қуып
оқиды. Сәбит, Асқар, Тайыр жырларына сусыны бір қанған емес. Ал, айда-жылда
қолына роман түссе, – о, ондай бақыт қайда,– табыла қалса бет-парақтары
түтеленгенше судыратады. Қайсыбір тұстары түйдек-түйдегімен көкірегіне ұялап,
көңілінде қалғанға шейін қайталай береді. «Ботагөз Бурабай тауының нақ жар
қабағына салынған бір бөлмелі кішкене қарағай үйдің терезесінің алдындағы
айнаға түрегеп...» деп бастай жөнелгенде бар ма, құрбы-құрдастары дереу қолына
қарайтын: «қайдан, нені оқып отыр? Дос қызының тілегі бойынша, соның атынан
жігіттерге жауап жазғанда, тіпті, төгілдіреді. Тек, әттең, мұның сөзін ғашықтар
болмаса, өтірік күйдім-сүйдімдер қайдан ұқсын!.. Сонымен, қашқынның қасындағы
осындай, мектеп көрмегендігі қырсығынан грамматикаға шорқақтығын
ескермегенде тілді, сөз құдіретін түсінетін, көркем ой атаулыны үлкен қадыр, қасиет
тұтатын жан-ды. Оның үстіне мына, күтпеген сапардың қасіреті ашып, ызаға
айналып, онсыз да сүйір тілін біраз ушықтырып тастаған. Әлгі айтқандай казақ
грамматикасына, әсіресе, қыстырма, қаратпа сөздердің жазылуына енгізген біраз
өзгеріс-жаңалығын есептемегенде, түгел нұсқасы мынау еді.
«Қуғыншы! Мен тұқымы өшкір соғыстың, кешегі кер мезгілдің кесірін үйде
отырып тартқан бір бейбақпын. Мынау, менше, содан қашқан кісі. Енді, сіздер
үшін, мен де қашқынмын. Бірақ, ұсталуды, қолға түсуді тілеймін. Қалай тілеймін
және қа-ла-ай. Тірі болсаңыздар түбі бір жетерсіңіздер, бұл адамды сіздер қуғалы
қашан, күн таусылмасын, әлі де біраз қуарсыздар деймін, себебі, біздің ауыл –
құм елі қонақты жақсы күтеді, әсіресе, аудан жақтан келген сіздер
сықылдыларды тіпті жібергісі жоқ. Демек, Қошалақ жұртының жаюлы дастарқаны
мен ниет-пейіліне қарасаңыздар – негізгі қызметтеріңізді келер жылға, бәлкім, одан
да әріге ысыра тұрғандарыңыз мақұл. Көлігі бар кісіге қыдыратын-ақ жер. Мен
осы қырда туып-өскен кісі ретінде, айып етпеңіздер, сіздерге мынадай жөн сілтегім
келеді. Қырға жүргенде жолдарыңызда үйі кең, қонақ асыға мырза талай қарт бар,
бірін тастай көрмеңіздер. Әсіресе, Қамысшоқыдан асқанша. Одан асқасын
«Жаңаөмірдің» кеңсесіне жеткенше аялдамаңыздар, жолдағы ел – ылғи
пішеншілер, жылқының көк сүтінен – қымыздан бөтен ештеңелері жоқ, сіздер ас
іздемегенмен ауқатты дастарқан, көңілге болса да, жақсы ғой. Ал, кеңсе басы
жаман болмайды, елі жиі, дүкені жақын, әрі біздің қалқоздың сорпаға
шығарларының бәрі со маңда: қалқып қонақтаңыздар да жүре беріңіздер!»... Осы
тұста Қалекең шыдамай кетті:
– Әй, мынау не дегені бізге? Беззабразия! – «Жарайды. Ол қазір құдық қазып
отыр. Мені қарауылға қойды. Өзі көріп тұратын жердемін. Біздің топырақтың
жомарттығынан тарттым: белуардан қазса су шығады. Тереңірек болса ғой! Сол
бір Алла қарғаған күні мені қолына түсірді. Қалай түсіргенін айтып жатпаймын –
сіздерге бәрі бір, оған қоса әрі қағаз, әрі уақыт жетпейді. Анау құдықтан шыққанша
мен жазып, жасырып үлгіруім керек. Біз Саздының үстімен Қарайғырға соқтық,
Мыңтөбе бардық. Сөйтіп кете берерміз дегем, олай болмады, бір күні, жын
ұрғандай, кілт бұрылып Қошалаққа тартты. Бақсам, Дыңғызыл, Сазды, Қарайғыр,
Мыңтөбе қаңғырысы әншейін, мақсұтсыз, онсыз да адасып жүрген сіздерді
адастыра түсу, із тастау екен. Асылы, шын баратын жері болса, соған енді беттеген
шығар деп ойлаймын. Айдана мен Қазанқаптың арасынан өткелі маңдайымыз
ауған жоқ. Тек өте жәй жүріп келеміз. Кейде таңертеңнен кешке дейін жүрген
жолымыз – мал өрісінен аспайды, нағып қана жете алмайсыздар, Құдай-ау! Кеше
отырып, мырс-мырс күледі: «біз мына бір үйден шай ішейік, олар әдепті жігіттер
ғой, жас үйленгендердің үстіне кіре қоймас, түссе – ана үй бар». Әбден тарықтым.
Кімнен ақыл аларсың: еш адаммен сөйлестірмейді. Намысым келеді, на-мысым! Көп
болса намыс дегеніме күлерсіз – күле беріңіз! Әнеугүні шығыстан қатты бір жел
тұрды-ау, сонда... қашып құтылуды ойладым. Атым жүйрік. Жирен айғыр оның
же