а Құдайдан қорықса нетті?
– А-а-а?– деді бір әйел.
– Не зат?– деді екінші әйел.
– Кімді айтасың?– деді үшіншісі. Сабаулар бірінен соң бірі жүннен суырыла
бастады. Қартаңдау біреуі құлағын жалма-жан кимешектің сыртына шығара қойды:
– Мәруә имансыз,– деді анау.
Кенет демдері бітіп, тыныстай алмай қалған секілді, ауыздарын ашты, үй-іші бір
сәтте жым болды. Жүннен ұшқан шаңның өзі кілт басыла қойған сықылданды.
Сабаулар сол көтерілген күйінде, әйелдердің төбелерінде тұр. Құлақтар ауыздарға
тақала түсті. Көптен оқыс ештеңе ести алмай пұшайман боп жүрген жұрт көзінде
үміт ұшқыны ойнады. Адам таңқалдырар бірдеңе болып тұрмаған ғұмырдың несі
ғұмыр?! Іш пыстырады. Солай емес пе?
– Әлгі Қанипаның інісі ше?
– Сонымен Мәруәның бірдемесі бар көрінеді.– Сүйініш-күйініш пе, таңдану,
шошыну ма әлде осылардың бәрі қосылған бірдеңе ме, әйтеуір, адам үніне әрі
ұқсап, әрі ұқсамайтын бір түрлі қойыртпақ дыбыс шықты. Ол дыбыс тосын, ерсі
шыққандықтан ауыздар жаңағы ашылған күйінде, жабылуды ұмытып кетті.
Өтірікті өлшеп айтатын кісіге: сүт пісірім уақыт өткенде ғана біреуінің жағы
қимылдап, тілге келген:
– Беті қара бетпақ!
– Сұмдық-а-а-й-й!– Сабаулар бір-бірден тулаққа қайта түсе бастады.
– Жер жұтсын!– Жас, ақ сұр келіншек отырған орнында ырғаң-ырғаң етті.
Сонсың екі дүркін естілер-естілмес қып:
– Жер жұтсын оны!– деп тістене сыбырлады.
– Мұны кім айтты?– деп сұрады бір әйел.
Анау:
– Мен айтам!– деді. Қырдың әйелдері өсекті пәлен сүйдеді, түген бүйдеді деп,
жауапкершілігін өзгеге аудара соғатын. «Мен айтам» дегенде бәрі аңтарылып, бір-
біріне қарасты. Мына секілді ұятсыз әңгімені өзге біреуге аудармағанын
ескерсеңіз... сене беріңіз! Қарашаш сөзге араласпаған-ды, сабауға тарқатылмаған
пұшпақ жүнді теріп түтіп, тулаққа тастап отырған, ешкімнің бетіне тура қарамай,
әңгіменің соңын дүңк еткізіп бір-ақ түйді:
– Әй, хақымақсың-ау, анаңды!– Бұл сөздер ешкімге арналмай адрессіз айтылды.
Бірақ ешқайсы: бұл маған лайық, маған арналған сөз деп таласқан жоқ. Хикаяны
мұнымен доғарғысы келмеген біреуі ғана:
– Құтырған ғой! Әбден тасқан ғой!– деп күйінді.
Құм әйелдері өсекті соғыс кезінде де айтты. Онда тек басқарма, басқарманың
жұбайы, тағы солар секілді, өздерінше атақты санаған адамдарының шоқал
айналғанына шейін теріп, әңгіме түзетін. Енді тең-тұстарын, қарапайым, салпы-етек,
саудыр-салақтарды, көбіне осыларды мінеп-сынайтынды шығарды. Бұ да бейбіт
күннің көп белгілерінің бірі ретінде 1946 жыл календарының талай парағын
аударып үлгірген-ді.
– Құтырған ғой! Әбден тасқан ғой!
...Нақ осы сәтте Мәруә бір қап жапа-тезекті қолтырмаштап, ошақ басына таяй
берген. Қазандық жанындағы кішкене ақ төмпешікке отыра кетті. Иығынан кендір
арқанды ауырсына, ыңқылдай, әрең сырғытты: арқан бұғанасын, иығының үстін
қиып тастапты. Мана таңертең кеткен, содан оралған беті. Түу өрістен кепкен-
кепкенін түрткілеп жүріп, тезек жинады, іріктеді. Үйге жеткенше үш дем алды.
Ұзынша қап тақымын, тілерсегін қағып жүргізбеді. Бетінен, маңдайынан жосылған
терді алақанының қырымен бір сыпырып тастады да орнынан тұрды... Нақ осы
сәтте, Тереңқұдық шошағының түбінде Қали бастаған үш қуғыншы ат шалдырып
кідірген. Айнала қалың қияқты. Екпінді желге еміс-еміс сыбдырайды, пісіп, көңірсіп
тұрған сұлы бастары біріне-бірі сүйене, баяу, ауыр ырғалады. Бұлар ортада,
алақандай қызылтақ үстінде.
– Қалеке, сіздің мына бастауыңызбен бандыны қолға түсіре алмаспыз, ол бізді
түсіріп жүрмесін.– Осылай сөйлеп, жастау милиционер сыр-сыр газет жыртып,
шылымын орайды.– Біз шыққалы қашан, өзі түгіл әлі ізін де көргеніміз жоқ. –
Қали шамдана қалды:
– Көрмесең ілтінәнт жолдас, көзің маған бітпеген шығар. Жазғаным: қырдың
жолын білгенім бе? Осы он бес күн ішінде бүйірің орта түсіп көрді ме? Дейсің кеп
енді.
– Қырдың жолы – жол ғой, бізге керегі бандының жолы. Елден де ұят секілді,
жалғыз атты біреуді осынша қуғанымыз,– жігіт темекісін екі-үш рет сорды да
лақтырып жіберді,– жолдас майорға не бетімізді айтамыз!– Күнбе-күн ат үстінде
бос селкілдеуден жігіттер қажи бастаған. Әрі ұсталып жатқан банды болмағасын,
осы жүрістің заялығын бірінен-бірі көруге айналып еді.
– Әбекеңе жауапты өзім берем. Мен барда қысылмай-ақ қой. Одан да күн
ысымай қойлы ауылға жетейік,– деді Қали мықынын таяна, лейтенанттың басынан
аса қарап,– мен тұрғанда қысылма дедім ғой саған!
– Сіздің бетіңіз маған бет бола ма,– деді анау қызара бастап,– Қошалаққа
барғасын о кісіге рациямен хабарлауым керек, сонда не айтам? Он бес күн ел кезіп,
ет жеп, шай іштік дейім бе?
Қошалаққа шыққан өкіл атаулы қырды жай бір қыдырыс, дем алыс
есептейтіндігі сөз боп жүретін. Лейтенант соны мегзеді.
– Өй, о кісінің...– деді үшінші милиционер, күйініп,– сенің оған не өтірік
айтқаның мен үшін бұйым емес. Мені қинайтын – біздің қорқақтығымыз. Сол
жалғыз атты қаңғысқа дүйім елді үрейлендіртіп қойып, босқа қопиятынымыз
батады.
– Сен қалай сөйлейсің өзің, сушай,– Қали қорқақтық дегенді, неге екені белгісіз,
жеке өзіне қабы