шылбырларын ілді де, аңырып-аңырып тұрып қалды:
сүлік-қара кемпір анадай жерде қара сиырдың қасында қаздиып тұр. Талжібек
үйден жүгіре шығып, мыналарға көз қырын салмастан, жаңағы, жіптегі дүниелерді
сыпырып ап жоғалды. Іле қайтып кеп, әуелі Сатымды, сосын Идаятты құшақтап,
дауыс етіп көрісті. Қара бала еңіреп қоя берді. Сақал: «қой, қалқам, Жібекжан, қоя
ғой»,– деп қауқалақтап жұбатқан болды. Қара кемпір сонда барып жақындады,
әуелі ернін жыбырлатты, сосын сойдақ тісін көрсетті, сосын көсеу қолдарын
ұсынды. Еріні енді бір жыбыр еткесін ғана үні естілді:
– Беу-еуу, Тәңір қарғаған-ай, құдалар екен ғой. Көрмегесін танымай атқан.–
Құдағи алдымен аттағы қоржындарға, сосын құдалардың бетіне тоқталды, сәл
кідірістен кейін барып.– Аман ба кім, кім аман ба?– деді. Талжібек көзін сүртіп,
қонақтарды үйге бастай бере:
– Шеше, бұ кісі біздің ағай, Сатым,– Идаятты мойнынан құшақтап,– інім,
Әжекең атамның жалғызы Идаят,– деп таныстырды. Кемпір есігін көңілдене ашты.
Қонақтар төрге жайғасқан соң құдағи аман-сауын жаңадан қайталады:
– Аман ба, кім? Кім, аман ба?– Құмның, ұзындығы жарты шақырым аман-
сауына үйренген Сатым көрші-көлем, ағайын-тума, мал-жан, қора-қопсының жай-
жапсарын, ішінде «р-ы» жоқ сөздермен біраз тәптіштеген, жауапқа пәлендей
жарымады. Кұдағи басын изеді, не шайқады, не ернін жыбырлатты, әйтеуір,
сөйлемеудің амалын келтірді де өзі пеш түбіндегі таяу-бағанаға арқа сүйей, қаздия
қойды. Төбеге қауылдырығын алмай жапқан қамыстың шашағы сүңгі-сүңгі. Қайсы
бір тұстарда шүберектің, дымқыл сыпырғыштың ізі айғызданып көрінеді – әлдекім
тазартпақ боп әнтек әуреленген құсайды.
Терезе маңдайшасынан әнеугі еруде тамшы ағыпты, соның ізі жақтаудың
балшығы ырық-жырық. Талжібектің үйінен келген қара ала текемет
шиыршықтаулы, бұрышта, жоғарғы басын ақ жаулықпен мықтап орап, байлап-
тастаған. Сүйенген күйі, қатып қалған құдағидың дәл өзі сынды, қаншырдай. Идаят
текемет пен кемпірге кезек-кезек көз салады. Айырма – бірінің отырып, бірінің
тұрғаны ғана. Ұнатпаған кісінің көзіне кемпір, шынында, осылай шалынатын.
Ел, әсіресе іш бойы әлі күйленіп кете алмаған-ды. Осыны ескеріп, ұғынған жанға
құдағидың кінәсі онша ауыр емес-ті...
Күн кіші бесіннен төмен тұр. Аспан ашық. Арқадан самал еседі. Арғы, Қанішкен
бетте, бірін-біріне мінгестіре салынған балшық үйлердің арасын сыналай өскен там-
тұм тал-теректер, көкпеңбек. Шығыс-арқа жағынан шағыл басып келе жатқан
Самаркіннен өңге маңайдың қырбық көгіне шейін аттың тұсарлығын қабады.
Есіктің алды жалпақ өзек. Жасыл мақпалға шалқасынан тастаған ұзын, иір-иір айна
іспетті, жарқырайды. Жағаға жақын біткен былтырғы қусақ қамыс, жаңбыр, қар
суы мұжып салған кескінсіз үйлердің бейнесі – су бетінде. Анда-санда болар-болмас
тербеліп, дірілдеп қояды. «Бұ неғылған жаман жер!– деп ойлады Идаят,– ең
болмаса иттері де жоқ па үретін?!» Сақал Сатым құбыла батысын нұсқап, иегін
көтерген:
– Қандай сұлу! Байқайсың ба?
...Алғашқы шыны шайды алдарына ала бергенде күйеу жігіт келді. Есіктен кіре
бар әңгімесін бір-ақ ақтарды. Түрі қара, қотыраш болғанмен, жаны жазық, ақ
желең көрінген. Жанботаның ол қасиетін жұртпен бірдей сезе отырып,
мойындамауға тырысқан Идаят қана.
– Иә, Жанбота, құлақ сенде, қалқам,– Сатым ананың сөзіне еріп, берілген сайын,
кішкене серігі тарыла, тырыса түседі,– құлақ сенде, қалқам, ауданыңда не
жаңалық?!–деп күйеу бала бірдеңе асатып жіберетіндей, аузын ашқан-ды. Идаят
көп сөздерін әдейі қырыстанып, тыңдамаған. Ал, мынасы құлағына еріксіз
шалынды:
– Жаңадан зәйім шықты. Қошалаққа да кешікпей барып қалар.
Шаруашылықты қалпына келтіру керек. Үй басына кемі бес жүз сомнан бөлінуге
тиіс!– Сатым финанс қызметкерінің манадан бергі әңгімесін көңілденіп, ұйып
тыңдап еді, дәл осы тұста қабағын шытты. Жанбота бір сөз айтса қара баланың
мұрнының үсті екі-үш рет тыржияды. Зәйім шығарыпты дейді, соны да жаңалық
көріп айтып отыр-ау! Шықса қайтеді? Осы қотыраш қарасыз да зәйім шығар. Не
айтса да құнын түсіруге, жоққа саюға дайын-ды. Талжібек тас аяғын жиып тастап,
Шөтке шаштың қасына тізе бүкті, айналып-толғанып, бетіне бетін басты. Күйеу
жігіт бірер кезек ықыластана, арқасынан қақты:
– Ой, айналайын, қара тентек!–«Қара тентек» одан бетер, дәл соның қабағы
жазылмаса дүние тұл қалатындай, құрыса түскен. Ақыры, амалды кұдағи тапты,
баланың көзіне үңіліп жіберіп:
– Ұйқысы келіп отыр екен кімнің. Төсек сал, жата берсін,– деді. Несі бар, ұйқысы
келді десе – ұйықтап-ақ қалсын!
Бұлардың алып шыққан азықтары үш күннен кейін таусылды. Сонсоң-ақ
құдағидың өңі қашты. Сонымен, үш күн өткенде ол үйде Идаят – екеу болды. Екі
бірдей тырысқақтың қайсысының бабын кім табады?! Сонымен қара баланың
иығына шөккен бұлт: «Бірінші бәйгі, жолдастар, аудандық жарыста жеке келгені
үшін Қошалақ ауыл советіне қарасты «Жаңа өмір» колхозының күрең айғырына
беріледі» деген, ауатком председателінің сөзімен бірге ұшты да, қара кемпірдің
қабағы қонақтарын аттандыра шыққанда ашылған.
Сатым көрген, естігенін тәптіштегенде ысқаяқ қа