Осындай лақабы, алыпқашпасы көп күндердің бірінде, июньнің орта шенінде,
Көкжал сорының күн батыс-арқасында отырған Ғұмар аулына бір топ аттылы сау
ете қалды. Күн шаңқай түс, шыжып тұрған. Жез түймелі ақ китель киген мосқалдау
біреу табалдырықтан аттай бере «су, су» деп қарауытты.
– Банды қуып жүрміз, банды! – Жаңағы адам бір аяқ салқын қымызды сіміріп
алғасын ғана тілге келді.– Банды қуып жүрміз. Банды! Ізі тура осы ауылға келді,
көрмедіңіз бе, жолдас?– Осыны айта Ғұмар мен Айсұлуға қадалды. Ғұмар назарын
төмен салды. Ойланып отырып-отырып.
– Жоқ, жоқ, көрген жоқпыз,– деді. Келгендер біріне-бірі қарады.
– Сен жігіт қисаңды қой,– деді Қали тіліне түкірігі сүрініп шашырай,– қисаңды
қой, а то падсот пайдош, патсот. Айт дегенде айт! Банды қайда? Мен өз
көзіммен,– осы арада өз көзін өзі шұқыды,– ізін әкеліп отырмын. Сен ізге үйренген
жігітсің, тайқыма!–Патсотты қатты айтқаны сондай, шешесінің тасасынан
қонақтарға ұрлана қарап, мұрнының асты қылт-қылт етіп отырған қалақай қара
бала бақырып қоя берді. Патсотты қатты айтқаны сондай, бұлар келгенде көріп
тұрып дыбыс бермеген көлеңкедегі сабалақ сары ит шәуілдеп үріп ала жөнелді.
– Ақсақал, дауыс көтермеңіз, ұят болады.– Дастарқанның төменгі бұрышында
қалған жастау милиционер баяу үн қатты, пагонына қарағанда, үлкені сол сияқты.–
Ұят болады, сәби қорқып кетті.– Айсұлу сол жігіттің алдында босаған тостағанды
манадан көріп, әдейі елемей, құймай қойған. Мына сөзден кейін қазір байқаған кісі
боп, ожаумен, тамшылата апарып қымыз құйды:
– Үйбәй, қайным-ау, іш, аңғармаппын ғой?– Ғұмар істің насырға шабарын енді
ұғынды, мына сықылды даңғырақты түсіндірудің оңай еместігін сезгенде тіпті қын-
жылып қалды. Әйткенмен амалдап көруге бел байлап, жаймен ғана:
– Іздерің нендей із? Малдың осы шарында із айыру қиын ғой?– деп,
қонақтарына жағалай, сұрана көз салған.
– Қамыс шоқының ар жағынан тап болды. Соған түсіп келдік, – деді манадан
сөзге араласпаған біреу.
– Оның бандының ізі екенін қайдан білдіңіздер?
– Сен, сен жігіт, шыныңды айт!– деді Қали.
– Екі аттың ізі. Екінші ат ылғи алдыңғысынан басып отырыпты. Демек, жетекте
жүрген. Аттылы екеу болса қатарласпас па еді. Бандының ат жетектеуі логикаға
сияды. Қашқын адам. Бірі болдырса бірін мінуге керек қой.– Қали Ғұмарға
шұқшия түседі:
– Енді бұлтара алмассың!
– Іздің қандай белгісі бар? Қалай айырдындар?
– Әй, соның сұрағына жауап беріп отырасың ба?
– Сабыр етіңіз, ақсақал!
– Сен, сен жігіт!
– Із жорғаның ізі. Төрттағандап жатыр. Жетегіндегі желе шоқырақтайды.
Шатыстыру мүмкін емес.
– Онда іздеген бандыларыңыз алдарыңызда отыр, ұстап байлай беріңіздер,–
деп, Ғұмар екі білегін айқастыра ұсынды.
– А-а-а-а? Не дейді, әй мынау не оттап кетті!– деп аңтарылды Қали. Ғұмар қарқ-
қарқ күлді!
– Сен жігіт, қаңқылдама, бұл ойыншық болмас саған! – Жастау милиционер
басын шайқады, сонысынан қызарып кетті:
– Айтпап па едім сізге, ізге алаңдамайық деп, асығыссыз, Қалеке.
Қалекеңнің ептеген ескі оқуын айтпағанда, есейіңкіреп алған екі кластық білімі
бар. Өз айтуынша, милиция қатарында қызмет атқарғанына жиырма бес жылдан
асыпты. Осы күнге шейін аузында «бай», «кулак» сықылды, мағынасы әлдеқашан
ескірген сөздер жүреді. Қылмысты адамды: қашқын-пысқын, ұры-қарыны ата жауы
санайды. Қырға шыққанда, еркелік, еркіндігі де болар, ептеп қорқытып, қатын-
қалаштан қой жейтінінен бөтен залалы жоқ. Ал, кейде ақ көздігі мен надандығы
арқасында ақ-қараны айырмай, асыра сілтеп кететіні болады. Сонысын кешірсең –
Қали нағыз керек адам.
– Иә, ол мен. Мініп жүрген атымның бірі жоғалып кетіп, кеше со жақтан тауып
алып қайттым!– Қали әлі де болса бет бақтырар емес. Ғұмардың сөзіне түсініп
жарымаған, сенімі одан да аз. Бірақ, алғашқыдай барқылдамай, бәсеңси бастады:
– Қой, қой, жігіт, бұлтақтатпа, біз ізімен келіп отырмыз!– деп, із қазір дәл
алдында жатқандай, дастарқанның бетіне үңілді. Серіктері қатені түгел
мойындағаннан кейін ғана амалсыз түрегелген. Сонда да мұны, үй иесін кіналап
кететін секілді ниетпен:
– Жоқ-ау, неге жөн сөйлемейсің деймін сен?– деп тағы бір шұқшиып, есікке
беттеді. Қали ізге қайыра тесіліп біраз қарағасын барып:
– Сушай деймін-ау, мына ыстықта колхоздың атымен сонша неге қатты жүрдің,
а? Аямайсың, а?– деп бұрқылдады, сонсоң қоқима картозы құлағын жапырып,
Дыңғызылға өтетін жолға бағыттады...
8
Қарашаштың үйіне бір қауым әйел жиналған. Әуелі біраз өсек айтты, сосын шай
ішті, сосын тағы біраз өсек айтып ап, үлкен қызыл тулақты алдарына жайды, жүн
салды. Қолдарында бір-бір тал сабау. Сабау ұшынан ұшқан жүн, қайта қонбайды,
жүкке, керегенің көгіне ілініп желбірейді, содан үйдің іші түте-түте. Анда-санда тал
таяқ жүннің жұқа жеріне, тулаққа тиіп тақ-тұқ етеді. Кертеш мұрын сары сабауын
суырып, талдың сыдырылған қабығын жұлып тастады. Бөз көйлегінің мол етегімен
бетін, маңдайын сүртті. Уһ, деп айналасына қарады.
– Имансыз, сабаудай бай ұстап отырып,– деп сабаумен жалаң тулақты тарс-тарс
ұрып қойды,– тым құрс