іңдер. Қеңседен не алады ол? Зәнәтиясына
келе ме? Әлде оған жан керек емес пе? Баламысың деген-ау, әй, қарақтар, қарақтар,
қай пайғамбарым ед бір пайғамбарым Алла тағалаға...
– Міне-міне от, от,– Қали белбеу, тер-орамал, көр-жерін жинастырып ыпы-тыпы
болды,– сушай, пайғамбарың мен Аллаң өзіңе, шай-суыңа рақмет,– деп сүрініп-
қабынып, серіктерінің соңынан шыға бергенде төбесін маңдайшаға соғып алған, бас
киімі ұшып түсті. Атына сол, картозын қолтығына қысқан күйі, жалаңбас жетті.
Сөйтіп, о қонақтар да жаңа пайғамбардың Алла тағалаға не айтқанын тыңдамай
аттанған.
* * *
«Жаңа өмірдің» кеңсесі қоңыр-салқын. Қабырғаларының қалыңдығы бір аршын,
екі терезеге де газет желімдеп, қараңғылап тастаған. Тақтайсыз, саз еденге күніне
екі-үш қайтара су шашылады. Екі әйел түу сордың ар жағындағы ауыз-құдықтан
шелектеп су тасып, еденді суғарғандары сол-ды, гүрс-гүрс тыныстап, жанында екі-
үш кісісі бар Ықыласов кірді. Сулы еденде тайғанақтай аттап, орнына барды.
Столға, ішуге қойыл-ған бір шәйнек салқын суды басына, қыртыс-қыртыс
желкесіне, екі қолтығына кезек-кезек кұйдырып, рахаттана жуынды. Сонсоң
бәтеңкесін шешіп, балағын түрінді. Ақ кенеп кителін терезе алдына жалп еткізіп,
мәйкішең, буылтық-буылтық боп столына қонжиды. Жұртқа Бекеңнің осы
қарапайымдылығы ұнайтын. Неткен қазақы, неткен жақсы адам десеңші! Басқарма
басымен кеңседе балағын түріп, жалаң аяқ отырады. Сүйсінетініңіз сонша, еңіреп
жібергіңіз келеді, бірақ, ересектігіңіз, оған қоса ақылыңыздың барлығы есіңізге
түседі де, қалтаңыздан көз жасыңызды сүрту үшін шығарған орамалыңызбен
мұрныңыздың астын бір сүйкеп, қайта саласыз. Ал, о кісінің жұмыс істегенін
көрсеңіз ғой! Бекең көне тақтай орындықты опыра бір қозғалып қойып еді; бөлмеге
бір кісі енді. Бет-жүзі түйенің мойнағындай керіле қатқан қара шал. Даладан,
күннен келген адамға іш тым қараңғы-тын, қарт ілкіде есік алдында шегіншектеп,
тұрып қалды. Көзі үйренгесін барып ілгері аттады, ұшы тарқатылып кеткен бұзау-
тісін сүйрете кеп, бос орындыққа отырды:
– Азаматтар, амансыңдар ма? Баршаңыз да аман ғой?– Мұнысына жауап
болмаған соң:
– Бәрекелде-е-е!– деп нөсер кездегі терезе әйнегіндей шұбырған бетін сүртті.
Бармақтай қара шыбын басқарманың төбесін айналып ұшады, шыбынша ызылда-
майды, сонаша даңылдайды. Бір кезде терезеге ұсталған газетке соғылып, дыз-дыз
етіп, құлап түсті.
– М-м-е-е-е, кәрия, қолқаң не, айта отырың,– деді Ықыласов маңдайынан жаңа
ұшқан шыбынның орның екі саусағының басымен шип еткізіп,– мыналар да
тыңдасын!– Анау құйылған терді жүзінен тағы бір сыпырды. Сонсоң жасы
жетпістен асқан кәрі болса да, ылғи әйел, бала-шаға арасында азамат атанып,
әлпешке үйренген еркек кіндіктінің осы жылдарғы кердеңдігіне бақты, бірден
бұра, қисық сөйледі.
– Ібірай, шырақ, басқа қонғанды, шыбын да болса қақпас болар,– деді, бір сәт
кеудесін көтеріп, айнала қарай,– бақыт қой, бақыт құсы ғой!
– Мына ыстықта,– ферма меңгерушілерінің бірі бұл тұста айтқалы отырған
сөзінің есебінен таңқылдап тұрып күліп алды, мына ыстықта, қосағасы, біздің
Бекеңе дәл осы сөзді айту үшін келмеген шығарсыз, сірә, солай ма?– деді.
– Әлбетте, балам, әлбетте. Айтқанмен, құсқа лайық бас, басқа лайық шыбын
болады дегенім ғой, әншейін,– Бекеңнің қарны екі-үш рет, үсті-үстіне көтеріліп, ба-
сылды. Жаңағы жігіт қартқа таңырқап бір назар салды да, бәсең ғана:
– Қайтесіз оны, қосағасы, шаруаңызды бітірсеңізші,– деді.
– Бәрекелде-е-е, балам, шаруа болса – шаруа болсын, мен әлгі Қатима келіннің
зібенесінен келдім.– Біреу бөліп жіберді:
– Төтесін айт!
– Жөн, төтесі болса төтесі болсын. Мая салатын айырымның сабы жоқ, сынып
қалды, айырсап берсеңдер ізімше қайтам.– Жаңағы ферма меңгерушісі тағы
килікті:
– Ойбай-ау, Бекең қайдан табады айыр-сапты. Іскіләдтан тұтам ағаш таппай
отырмыз. Өзіңіз бірдеңе етіп лекерлей тұрмайсыз ба?
– Лекерлеуге болмай отыр.
– Дегенмен, лекерлеп дегенім-ау.– Қарт күннің ыстығынан ба, мінезі сол ма, тез
тырсылдады:
– Көлеңкеде отырып алып түге, лекерле дейді, немен лекерлеймін, өзің айтшы?
– Бірдеңе саптай тұрсаңыз дегенім-ау. Айыр-сап сұрап басқармаға келуіңіз
енді, кішкене, былай, артықтау сияқты.
– Немді саптаймын? Жілгімді саптамасам,– деді шал шынымен сарқылып, –
біздің үйдің жанында ағаш өспейді.
– Бізде де өспейді.
Кәрия орнынан буындары күтірлей көтерілді де есікке беттеді. Бір аяғын
табалдырықтың ар жағына қойып, артына бұрылды:
– Маған бәрі бір. Барам да отырам көлеңкеде шыбынымды қағып,– деп, мырс
етті де жөнеле берді. Кеңседегілер шу ете түсті.
– Қырсығын көрдің, бе, өле алмай жүріп?!
– Ескі адамдар осындай қараңғы келеді ғой.
– Жалқаулар да,– деді, өзгелерге қарағанда көрегендіктен дәмесі зорырақ біреу,
жалқаулар. Ауыр қызметтен алақаны күлбіресе, көрер ем, қалай сайрағанын!
Ақсақал, ақсақал дегенге түк істемей, тілі мен жағына сүйеніп алған. Осының бәрі
Темақаңның лаңы. Пәленшеке, түгеншеке деп маймаңдатып, бетімен жіберген.
– Шыбын екеш шыбынға дейін сөз етеді!
– Еріккен!
– Бұларды,– дед