,
қылжақ керек:
– Пышақ менікі болғанмен,– деді Қалидың қолындағы өз пышағына қарап,–
пышақ менікі болғанмен, мал қалқоздыкі. Соям, соям десең, қарақ, мына мені сой.
Сұрау, төлеуім жоқ. Сексенге шығып отырмын. Неңді жейміз дейсің бе? Алла,
қарақ-ай сонда арықсынасың ғой, шамасы. Жеген кісіге ет көп менде, бөлек-салақ.
Қай пайғамбарым ед бір пайғамбарым пайғамбарлық құрарда Алла тағалаға келіп,
пәндең тойымсыз болса не шара ғылам деп сұрапты...– Осы қақбас не біледі, не
айтар дейсің сықылды немқұрайды оймен, бірі темекісін орап, теріс айналды, бірі
ат жеңілдеуді сылтау ғып тысқа жөнелді, енді бірі екі қолын көк желкесіне қойып,
шалқасынан жата кетті... Содан, шаңқай түсте, әдемі ақ сұр келіншек кіргенде ғана
қонақтар ұшып-ұшып түрегелісті. Келіншек төрдегілерге болар-болмас басын иіп,
аман-саудың ишарасын жасады да, шағын жез самаурын мен бір шелек суды
көтеріп шыға берді. Төрдегілер жымыңдасып, қуанысып қалысты. Қали жас
серігіне бұрылып, көзін қысқан, көзі қыли, сондықтан қартқа, үй иесіне қысылды.
Жәкең мырс етем деп жөтел тапты. Келін бір кіріп, атасының алдына, ішіне суылдақ
салған қалайы құбыр-түкіргіш қойды. «Шөлдеп қалдыңыз-ау»-ды әлденеше айтты.
Мына опырық көксау шалдың ана секілді сұлу келін алдындағы қадір-қасиетіне таң
боп қонақтар отыр. Бірақ, келесі сәттерде өздерінің де осы қартқа жалпақтап бара
жатқандарын аңғарған жоқ.
– Ақсақал,– лейтенант барынша тауып, есті сөйлеуге тырысады,– біз
жолаушымыз, үй үстіне келіп, өзіңізді көргесін сәлем бере шығайық деп түсіп ек.
Бәріміз де сіздей-сіздей бір-бір қарттың балаларымыз,– сөзінің әсерін байқамақ боп
анда-санда шай құйып отырған келіншекке көз қиығын тастап қояды, әйел
мізбақпаған сайын өз-өзіне сенімі азайып, әңгіменің басын біріктіре алмай,
пышырай түседі.
Дыңғызыл Советіне екі колхоз қарайтын, бірі – Ворошилов, екіншісі – Чапаев.
Қашқынның екеуінен де ат мінуі, дәм-тұз татуы мүмкін. Бұлар соның ізімен жүруге
тиіс. Ендеше, екі колхоздың бірінен таппағандарын екіншісінен неге іздемеске?
Қалекең осылай ойлап, атына екі серігінен бұрын мінген, тізгінін қағып қап:
– Даббай, кеттік Шапаевқа!–деген. Чапаев колхозының қырдағы орталығы
олар аттанған ауылдан бақа секірім жер-тін, қуғыншылар қонаға әрең жетті. Қеңсе
басында (дүкені бар) екі күн қонақтап, бүгін таңертең жол тартқан, содан
жеткендері.
– Уһ! Келін, бір аяқ құйшы,– деді Қали тас-аяғын енді қолының сыртымен
самаурынның алдына қарай сырғытып,– қаным кеуіп қапты, әй, үһ!– Күн түс
қайтып кеткен-ді. Шағырлы, көлеңке жаққа иірілген қойдың алды желге қарсы
үріп, шашырай, жайыла бастаған. Үй сыртынан бір әйел дауыстады:
– Қатын-ай, шаруа қайда, шырағым-ау!– Келіншек дастарқанын бұралап
апарып, қазан-аяқ іргеге атып ұрды да, атасына жаутаңдады. Жәкең жөтелі
басыл-ғасын ғана рұқсат етті:
– Бар, бара ғой, балам.
Үйде кісі отырғанда күтуші ешқайда кетпейтін. Қара су теріс ақсын, төрдегінің
бабын таппайынша есіктегіге тыным жоқ. Қаз дауысты Қазбек биден: «Кімнің
даусы зор» деп сұрағанда берген жауабы: «Қонақтың даусы зор!» бопты. Қали
осыған үйренген кісі еді. Қыр жұрты да бұзылған екен! Қойлы ауылдан құр
шаймен аттану, сушай... Қалекең серіктеріне бір-бір қарап өтіп, иығын көтерді: тым
құрса, өлі ет аспағаны ма? Ол манадан бері құрғақ шайды алдағы ет жегеннен кейін
тиетей шөлдің есебінен ішкен. Келіншек шығып кеткен бойда іші жалап қоя берді.
Дастарқанмен бірге жиылып кеткен ірімшік, құрт, сарысу тәрізді, құм халқының
байырғы тағамын місе тұтып, менсінбегеніне, міне, осы арада өкінді. Кенет, өзінің
азаматтығы, аты-жөні есіне түсіп, бүйірін таянды, сосын дәл бұ секілді аяқ асты жан
емес екенін сездіру үшін жұдырығын аузына апарып, тамағын кенеді, жөткірінді.
Көксау шалдың да кеңірдегі жыбырлап әрең шыдаған екен, Қалидың жаңағысынан
кейін қақылдай жөнелді. Ана екеуі дастарқан жиналысымен сыпырыла кетуді
ыңғайсыз санаған-ды, енді үй иесін жөтелмен буып тастап, тұра қайқаюды тағы жөн
көрмей, тосылып отыр еді.
Жағдайдан Жағыпардың өзі құтқарды, ақыл айта бастады. Аш кісіге ақыл
тыңдаудан өткен азап бар ма, қуғыншылар тұра-тұра келісті:
– Мына қуларыңмен,– деген қарт, жөтеле түсіп,– қарақтар, о бандыны ұстай
алмассыңдар. Есі бар неме болса ұсатпас. Ондайдың өзінен хабары қауіпті келеді.
Кешегі қырғыннан қашып құтылып жүрген адам сендерден құтылар. Бұл қырда
оған қарсы қайрат қылар кісі жоқ. Қатын-қалаш, қалғаны мен құсаған ылғи шіріген
тарамыс. Бандыдан қорқып малдарын әзер жайысады түге. Тыныштық
берсеңдерші! Бұрнағы күні со банды Ақпан қарттың үйінен шай ішіп аттаныпты.
Әнеукүні Мыңтөбе жақта деп естігенбіз. Кеше мұнда...– Қали жармаса кетті:
– Мұныңды манадан бері неге айтпадың, шал-ау, а? Біз оның бағытын таппай
жүрген жоқпыз ба? Отырып алып бұ қууларыңмен деп кекеткенше, а?– Қалған
екеу, табалдырықтан аттаса іздегендерін ұстап алатындай үміттеніп, есікке
ұмтылған, Қалекең күйбеңдеп қалды.
– Е-ей, қарақ-ай! Өзің байқамайсың ба, мынадай айдау жолда қандай банды
жүреді? Кілең пермі мен кеңсені кезіпс