Алқынады қос өкпем, ысып демім,
Ұят болды, қол-аяқ ісінгенің.
Бұл сырыңды, табиғат, түсінбедім,
Мен сенің түсінбейтін кісің бе едім!
Мен келем бе, жаным-ау, тау келе ме,-
көңілім бір сәт қобалжиды әлденеге.
Бұлт боп бұғып,
сағым боп бұраңдайсың,
жеткізбесең, ей шыңдар, әурелеме.
Келем, келем өзімнің ішімде мен,
мен оттымын деп келем бұ шілдеден.,.
...Биікті аңсар ылғи да адам жанын
Биіктіктер, сен қашан түсінген ең?!

ПОЕЗДА

Келеді ағып... жылдамдық еді қандай,
көкжиекке біз қазір соғылардай.
Терезеден айнала қарай-қарай,
талай қырды қалыппыз абайламай.

Арал-теңіз дей ме анау ағарғанды,
көкжиекке сүйелген шар айнадай.

Құбылады маң дала не түрге еніп,
қарсақ қашты құлақты, кекілді елік.
Ақ құлақшаға оралған сым шарпысып,
бағандар мен бағандар тұр тартысып.
Қылт-қылт желіп олар да шығады алдан -
шұбарытып барады мына жалған,

Тез жүреді бұл поез, тез жүреді,
жүрек неткен тездікті сезгір еді.
Кейде дала кеңдігі қызықтырса,
жолдың ұзақ-ты-ғы тым бездіреді.

Жылдамдықпен түйгенбіз жанды бірге -
доңғалақтар дүбірле, ал, дүбірле!
Тым асығыс келеміз тым асығыс,
өйткені біз барамыз алғы күнге!

КӨРШІМІЗ БЕН "ҚАБАҒАН ИТ"
(Мысқыл)

Иә, бұл төбет қой, көк төбет,
мойынына көп салды шынжыр дақ.
Қайтеді өмірге ол өкпелеп,
шынжыры тұрғанда сыңғырлап!

Шынжырда бар дейді түрлі ырғақ:
иттерге шынжырдың шылдыры - музыка үніндей.
Бар кінә ауып сол шынжырға
тұрады иттің де иттігі білінбей.

Деме, дос, болып па сол да өлең,
ит пенен ит болсаң күн жырла, түн жырла.
Әңгіме: ит ұстар қолменен,
иттерді байлаған шынжырда

Иті де...
көрші де жақсы адам,
жақсы адам - айтсақ та не біліп
"Қабаған ит" деген сөзді оқып қақпадан
кетті жұрт иттерше ырылдай шегініп.
Жақсы адам. Сондықтан жүреміз именіп,

Сыздап тұр жүзі әне
Тілді ол адамнан үйреніп,
иттерден алыпты ызаны.
Ол менің бұл сөзімді естісе - бас кетті,
Ант етем куә ғып күн, айды!!
Шынжырлы ит беріп "құдайым" жақсы етті,
Әйтпесе, өзіне қай шынжыр шыдайды?!

О, ТАБИҒАТ, МЕНІ О БАСТА

О, табиғат, мені о баста жаратарда кісі ғып
алып па едің әуелі мына жәйді түсініп:
ең алдымен, адам ба, әлде, модель ме құр бұл өзі,
адам болса қуыршаққа ұқсамай ма мінезі?
Қайғырғанда қалай екен, көзіне үңіліп көріп пе ең
қалай екен, байқадың ба, кездерінде еріккен?
Қасиеттей ала ма екен ала бөтен заманын,
Үндемейсің ей, табиғат...
мен де үндемей қаламын.
Кең бе жаны?
Күрсінгенде шыға ма екен өз үні,
Күлгенде ше?
бітіп пе оған туған жердің төзімі?
Ол болмаса, жаратушы, өзің арттың ұятты,
жаман кітап жазып берген белгілі автор сияқты.

ТАМШЫ

Құм - жалаңаш жатыр еді, обал-ақ:
қарауытып дір-дір етті дөң, алап.
Тамшы, тамшы келеді әне домалап,
Көк бұлтының бар сезімін тонап ап.
Мөлдір тамшы қонды құмға секпіл боп,
жұрт шу етті: секпіл, секпіл деп тілдеп.
Мөлдір еді, мөлдір еді тамшы бұл -
кеудесінен шыққан үндей әншінің.
Енді қалай болды қоңыр, қарала -
қарамашы, қарама!..
Көмейіне түйдек бұлттар тек келіп,
көкжиек тұр үндей алмай кептеліп.
Ал, сол тамшы сәуле болып туды да...
ақырында құмға сіңді - кетті өліп.
...Тамшы тапты Жерді - мәңгі мекенін,
мезгіл-ана тербетеді мекені мен екеуін.
Өкінбес ед, білмейді ғой сол тамшы
Жердің-дағы тамшыға ұқсас екенін?!

ЭПИГРАММАЛАР

1
Қызық, қызық қарап тұрсақ "қасіреті" мұның да,
тұңғыш шыққан гүл секілді махаббаттың тыңында.
"Ақсары қыз", "Қара қыз"- деп жыр жазады ол
дамылсыз
әйелінен басқа адамның атын білмейд, шынында.

2
Күлме, досым, балағы оның алба-жұлба жыртық деп,
қайғырма оған жоқшылықтан пайда болған қырсық
деп.
Атағы оның жайылды елге "сұлу қыздар" аулында,
ал, балағы сол ауылдың иттерінің аузында.

* * *
Ей, бауырым, өзім жәйлі, мен жәйлі
тағы да бір жазбасам болмайды.
Өзімді айтсам - өзгешелік дейсің бе,
өзімшілдік дейсің бе әлде ондайды?

Айтсам егер асқар Алатау жәйлі,
көңіл шыңы көктің бұлтын аулайды.
Тау суреті жанарымда аунайды,
сол таулар да дәл өзімнен аумайды!

Мен өзіңмен бір белеңде көктеген
шыбық едім әлі толған жоқ денем.
Дей алмаймын қарық қылам, көп берем,
бойымдағы азын-аулақ отпенен.

Жалғыз өзім жиналыс боп қаулы алдым:
өз есемді - тек өзімнен даулармын;
екі қол мен бір бастан,
ал, қалғанын құрбылардан, құрдастан.

Кейде ойларым тасқа тайып жүрді ақсап,
айта алмадым тіс батырып, тырнақ сап.
Толқындағы қайық ем мен - бұл жақсы-ақ:
қағып алды бір мақсаттан бір мақсат...

ШАХТА ТУРАЛЫ ЕСТЕ
ҚАЛҒАНДАРДАН

Еске алып ем:
Қарағанды бір қараған секілді
күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Содан кейін менің қоңыр бетімді
Сүйді желі күн нұрымен таласып.

Әр тасынан бір-бір ұшқын жүр ыршып,
қарашы, анау пародоға үйілген:
Қара таулар қайғыдан да тымырсық,
әлсін-әлсін түтін құсад ыңырсып.

Мұның бәрі сөзбен