ғана бір алған -
күрсіну мен сүйсінуден құралған.
Арман, арман алға бұрды бетімді,
нені қусам - сүйем соған жетуді.
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке
бүкіл дүние жүрек құсап тоқтап қалар секілді!

* * *
Несібесін шұқып терді ел тары ғып,
тары десе - қарайды елдің бәрі ұғып.
Ұғу түбі - әрі қайғы, әрі үміт.
...Соның бәрін жеңіп келсең, кәрілік,
керегі не тарылып.
Ал, әзірге, жастық шақ,
күйіңді әкел, үйіп-төк,
ән мен күйді тұр ғой анау сүйіп көк.
Алатауға тағы...
тағы қарайық,
еңсе қалсын тағы да бір биіктеп!..

ОРМАН

Желсіз де тербелед ну орман,
ну орман - баяғы ну орман:
Кей бұта көгеріп, кей бұта қуарған.
Ну орман ыңырсып күні-түн
тербейді қайғысын, үмітін.
Кей сәтте түйіліп қара орман,
қарайды қабақпен қабарған.
Жапырақ - көк ала, сары ала,
қалтылдап аулаққа бара ма!
Ну орман - көп тілді бір орман,
мыңдаған бұтақтан құралған.
Мың бұтақ тілінде сөйлейді
бір орман.
Кейде орман сылайды бойын жәй,
ойлары тұрғанда қойылмай:
шөбіңді ор, қойың жай.
Сол орман рухын етеді құс мазақ,
Сабырлы адамның ұшқалақ ойындай.
Басында бар қиял, бар талап
орман тұр алды - көл, арты - алап;
Мәз боп тұр көктемді көтеріп,
көкжиекті арқалап.
Ну орман тұр сыңсып.
Күн айық,
жел есті желпініп, тыңайып.
Әр бұтақ - орман боп жырлайды,
орман боп мұңайып.
Әр бұтақ өзінше - бір кеуде,
кеуде боп күрсініп жүр кейде.
Орманға шынымен еліктеп көрер ем,
Біреулер күлмей ме?!

* * *
Сенің, туған жер, деміңді бір алған
сеземін мен таңғы самал, мұнардан.
Бір басылып, бір шыққандай,
көкірегің
шоқалдар мен төбелерден құралған.

Алатаудан аңқып аққан өзеннен
дарының мен арыныңды сезем мен.
Көкжиекке аунап кеткен түндерден
аунап кеткен қасіретіңді білем мен.
О, туған жер.

Аппақ қарда кара қиқым жатыр шаң -
қиқым ой мен қырсық пиғыл тозаңы.
Бір жүйріктен бір жүйрігің озады,
соны көріп менің де арқам қозады.
О, туған жер.

* * *
Сан-сан айлар өткен сайын сан айлар,
ағарады сақалдар мен самайлар.
Адам шіркін қартаюды санайды ар,
айлар, айлар, барады өтіп сан айлар.

Қартсың десе қамығады көп ойлар,
қартсың десе қалғиды орман-тоғайлар.
Айлар, айлар, алға барсаң санай бар,
ағарды екен қанша сақал-самайлар.

Айлар, айлар, өте берші, өте бер,
айлар жүгін күндер енді көтерер.
Бұл әлемде сөнбей тұрса от егер,
менің-дағы қарыздарым өтелер...

Айлар, айлар... көрдім жүзін сан айдың,
Айлар өтсін санамаймын...
Санаймын!
Ай өткенін мен туғалы талай бір
самайына қарап білдім ағайдың...

* * *
...Әлі жүрмін.
Түк бітірген жоқпын мен,
іш қазанын жалайды ыза от-тілмен.
Алып, алып көп қарызды көп күннен,
біреуін де өтей алмай өттім мен?

Жоқ, өткем жоқ,
өтпегенде қалды нем!
жиырма бестен өттім елдің алдымен.
Туған едім ең соңынан бұл жұрттың,
ең алдымен соғар ма екем санды мен?

Осы ойлармен атты әнеки, таң-дағы,
Тағы бір күн келе жатыр жанғалы...
Мен өткем жоқ,
өтеді екен жылдар тек,
бірақ менде қалады екен салмағы.


КӨРЕМІСІҢ, КӨЗ?

...Жібек бұлақ желкілдейді,
бар ағы
кәрі әжемнің бұрымындай ағады.
Тасты шашып, тау құлағын жарады,
көлки құлап, толқын ұзап барады:
еремісің, көз?
Бұлақ-бурыл будақ-будақ ырғыды,
теңеп-бөлеп үлгірмеді жыр мұңы;
Жастық шақтың, махаббаттың тұрғыны -
мына алаңда тұр ашылып қыр гүлі -
көремісің, көз?

* * *
Қүркіреген толқындар,
осынша үнді барады өзен қайда алып?
Мұнда қандай құдірет бар мен тыңдар,
көрсем бе екен ойланып?
Жақпар - жадау, түк сезбейді дөң үсті,
ал, баурайда көп толқындар төбелесті, өлісті...
Акырында бәрі бірге ағуға
Келісті.
Өйткені олар барады екен бәрі алға -
Алға жүру керек еді маған да.
Мен ойланып тұрғанымда шет қалып
көп толқындар кетті ағып...

БУЫН

Әй, осы бір... буын деген бір "бәле"
әкелді екен жырға не.
Он бір, сегіз.... шыдай алман, әй тегі,
ал егерде он бес болса қайтеді?

Жоқ!. Болмайды - болмайдыға көнбес те ем,
Абай аға жазған болса он беспен.
Тоғыз болса үшеуі асып кетеді,
алтау болса - жетеді.

Буын, буын емес сенің мазағың,
(мазақтауға болады ғой бірақ та).
Қандай ғажап құйылады құлаққа
"Мен сәлем жазамын".

Олай болса мен сәлем айтамын,
сол бір сыншы жолдасқа:
мазмұнда екен бар керемет- байқадым,
сыншыда да мазмұн деген болмас па!

Буын санап саусақ бүккен бір қырсық
шыға келді тағы алдымнан білгірсіп.
Бір буының асып кетсе -
бір апта
дау соғады: жақпайды деп құлаққа.
Бақсам оның құлағында екен таланты,
мен батыппын босқа ойға.
Құлақ деген - мықты талант, тегінде,
Бірақ Бас қайда!

* * *
Тұрмыз, міне, вокзалда...
ал, вокзалда тұру деген жоқ заңда:
әлдебіреу жалтаң-жұлтаң қағады,
сықыр еткен кей ботинка табаны
жұртты өзіне бір қаратып алады.
Ел тып-тыныш.
Сабыр тауып үлгірген
өсекші тұр білгірмен,
көңілдері қояды тек өрепкіп.
Талай көзден әрі де өттік, бері өттік.
Бір