Цикл

Шанада

Айнала аппақ,
аппақ дала
қар аппақ,
Ойнайды жел аппақ қарды парақтап.
Бір шанада екеу отыр құнысқан,
шана артында үйіріледі күміс-шаң.

Тұяқтардан кесек-кесек ұшқан қар
домаланып безіп барад - ұстаңдар!
Құрысқан қол көтерілген жағаны
Әлсін-әлсін ебедейсіздеу қағады.

Таяп қалды, таяп қалды екінді.
Боз аспанның батыс жағы кетілді.
Бірте-бірте қүн барады қызарып -
жіберген-ау мынау өмір ыза ғып?!

Сұрғылт мұнар сайға қонып қалыңдап,
Көлеңке жүр жыраны өлшеп адымдап.
Көкжиектің сұп-сұр болған ернінен
Қып-қызыл күн сүйді-ау бір сәт жалындап!

* * *
Аударып тастадым календарь бір бетін,
көйлегім тастадым көне бір.
Өлімді жек көрсе кімде-кім,
атқарған болады адамдық міндетін.
Көңілден, дүние, көңілден,
мына біз шаттығың маздаған...
Не рақат көрсем де өмірден,
бәрі де әлі де аз маған!
Сол күндер әлемге көп мінез тастады,
әлсіздік жаутаңдап күштіге,
Мұңая төніпті Европа аспаны
әкемнің өлігі үстіне.
Көмейде кетті өліп есіл үн,
бәріне бір түйір қорғасын кесті құн.
Мен кейін сол әке есімін
шешемнен естідім.
Сондықтан әкенің есімі
мен үшін бір тұнық - қозғама...
құлақта - үн ғана,
қағазда - сөз ғана.

ҮЗІНДІ
Майдан.
Балшық.
Сұп-сұр жер
табанынан солқылдатып сорады -
тоңған солдат...
Шешіп алып шинелін
винтовканың затворын орады.
Қара түтін жұтып жатты көкжиек,
бұлттарды айдап үлгермеді жел-дағы.
Солдат отыр олжа көріп тоңғанын
бір фашист атсам дейді болғаны.
Бөбегіндей бейне бір
винтовкасын құрғатып.
Мылтық дүмі иығына бір батып -
қаруыңды сезінудің өзі де бір бақыт.
Атты солдат жауын мықтап көздеп ап
неткен күшті жалғыз оқтың жарқылы:
зулады оқ, жауға қарай зулады
сол солдаттың өз маңдайы арқылы.

* * *
Аз-ақ уақыт бөлінген-ау өлуге,
өмірге көп;
айналмайды бал уға.
Сондықтан да асықпайды от сөнуге,
шикі тезек асықанмен жануға.
Күлімсіреп бата алады күн ғана,
ертең қайта шығады ғой себебі.
Қайта тумас тіршіліктер
сол үшін де қайғышылдау келеді.
Күздің күні қанша жарқырағанмен,
таңы - суыса
келер қысқа жоримыз ғой біз бәрін.
Сол секілді,
күлкілердің ар жағынан кей сәтте
сезіледі, ажал, сенің ызғарың.
Сондықтан да біздің тұрмыс түзелді,
дәрінің де, қарудың да бар түрі.
Ғұмырды тек ұзартамыз біз енді
ерте тұрып, кеш жатулар арқылы...

* * *
Көп адамның тұрағы бар,
табаны жоқ секілді.
Табансыздың тайқымасқа
амалы жоқ секілді.
көп ісімнің азабы бар,
сауабы жоқ секілді.
Көп ойлардың сауалы бар,
жауабы жоқ секілді.
Бұдан өзге түк ұға алмай, түк алмай,
Отырмын мен суып қалған қиялдай.
Отырмын мен сонша жүдеп, сонша арып
Айлы түнгі Алатаудай томсарып.
Табансызға таяқ болғым келгенмен,
азаптыны аяп көргім келгенмен,
сауалдарға жауап бергім келгенмен
көкірегімнен көре алмадым көлді өнген,
жанған шырақ көре алмадым кеудемнен.
Өйткені мен - қателігім сезінем
қарап едім дұшпандардың көзімен.

ТЕҢІЗ ТУРАЛЫ

Теңіз, теңіз!.. жел тұрмай-ақ тулады ой,
теңіз болса табар ма еді жан шыдам.
Теніз бірден - теңіз болып туған ғой,
мен теңізді құям деймін тамшыдан?!...
Теңіздердің құдіретіне елігіп,
толқып, толқып аламын.
Көп толқынды жел көтерсе демігіп,
мен - теңізді көтергендей боламын.
Толқындарды сындырады жел бүктеп,
теңіз жатыр басын сүйеп даңқына.
Кім теңізге туған болса еліктеп,
сол жарайды, тым құрыса, тамшыға.
Тебірене, тебірене бұл теңіз
толқындардың шашы ағарып кеткен бе?
Адам жанына үңілуді білсеңіз
таңданбайсыз теңіздер мен көктемге.
Мен жырыма: "Теңіз, теңіз",- дегіздім,
теңіз жәйлі шертіп жүрміз шын аңыз.
Табынбаймыз атағына теңіздің,
оның даңқын шығарған да мына біз.
Толқындардың тізбектерін жел үзді,
теңізде де тұтастық жоқ- дәл шыным.
Табыну - жоқ, тану үшін теңізді
Білсем деймін қасиетін тамшының!...

МЕНІҢ ҮЙІМ
Төрт қабырға,
қос терезе,
сырлы еден...
қос көлеңке түсіреді бір денем:
күннің нұры,
шамның нұры бар тағы -
бірі жанса,
бірі солғын тартады.
Төрт қабырға... қос терезе, сырлы еден.
Екі төсек бір бұрышта,
ал анау
керек екен шкафты да бағалау.
Тау-тау болып кітап жатыр үйілген,
бұдан өзге түк көрмедің бе үйімнен?...
Жо-жоқ! Жалған!
Өсек айтпа ей, досым,
Сен қоя тұр, менің тілім сөйлесін.
Өзің айтшы, осы үйдің әр бұрышынан
көрмедің бе қанағаттың бейнесін?!
Айтып ең ғой кейде мақтау, кейде сын
сәбиімнің көріп тұрып жейдесін.
Неғып қана көрмедің, дос, осы үйден
Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін!...
Саусағымнан дағы өшпесе сияның
күн нұрындай қуат табар қиялым.
Қанағатты жіберем де қарынға,
күннің нұрын жүрегіме құямын.
Күннің нұры, себебі, тым жас, әлді,
ал, шам нұры жасанды ғой, жасанды.
Шамның жарығы-нан туған өнерді
жасандылық жайлар екен қашанғы.