ремін.
Жаяу соқпақ тапсам-дағы мың ұры
шыңға шықпас едім деймін ғұмыры,
Өйткені шың қасиеті не түрлі –
епке салып мен шықсам сол биіктік –
аласарып қалатұғын секілді.
Алатауға күн қонғанда қырындап,
бір торғайым оянып ед шырылдап;
байтал-үміт қаша берді шыбындап –
қуып бердім құрық ап,
еңбегімді еріндіктеп мініп ап.
Талап қудым күнін жалғап түнімен,
мансап үшін жасағам жоқ мұны мен –
биікпін деу – ұят дейтін
биіктің
“Мен” – дей алар правосын қуып ем.

Заң жүзінде жазылмаған бірақ ол,
іздеу, іздеу – менің барлық правом.
Қалай іздеу?
Қайдан іздеу? – ол жағын
шеше алады тәуекелім, болжалым.
Отыншыдан танып-білсем орманды,
Отанымды танығаным сол мәңгі.
Сонда тапқан сезіміммен, затыммен
саған деген адал махаббатыммен
шыңға жауған жас қардай
қара шыңның қаһарынан жасқанбай,
Бауыржанның атағынан жасқанбай,
тура қарап отты көзге құдірет –
қолын қыссам деп ем ерке даңқтың
“асса-лау-ма-ғалайкүм!” деп бір рет!
Бірақ арзан бақытқа мен көнбеймін,
ел – қазақтың болсын мейлі кең бейілі,
дейді, дейді кеңдігінен ел дейді:
Іріліктің кішілікке жасайтын
кеңшілігін пайдаландың сен дейді,
сондықтан да көнбеймін мен, көнбеймін,
кішіпейіл жан-ақ болсын ол мейлі –
бетсіздікпен қолын алып, батырды
аласартқым келмейді!
Өйткені мен Бауыржанның даңқы үшін,
биіктігі үшін осы даңқтың
есеп берем естіге де малғұнға:
алғы күннің, аңыздардың алдында
бейнеттердің, парыздардың алдында.
Ауа болып тараса атақ аспанға,
тау-тастарға сіңуі үшін жаңғырық
әр ісімнің иін мықтап қандырып,
созу үшін азабыңды да ән ғылып
тердің өзін төксем деймін қан ғылып!
Момышұлы қанын төгіп ел үшін
тас-тағдырдан тартып алды жеңісін.
Домбыраны, күректі де соққылап,
мен тер төгем – әлі жеңіс жоқ бірақ –
әй, обал-ау, обал, обал, обал бұл:

қаннан судың арзандығын содан біл
Күйіп-пісіп көмір қаздым, салып ән,
жаным менің жарылды ылғи ағынан,
“балта озбайды, деседі ғой, сабынан” –
жоқ, мен озам!
Бір жауынгер жеңсе – ермін,
себебі мен балта емеспін, семсермін.
“Балта озбайды; десе-десін, сабынан”,
қан жұғады суырылған семсерге,
сондықтан мен қынабымнан табылам;
бейбіт күнде суырылып неғылам?!
Сондықтан да тер төккендер атынан
қан төккенге табынам!
Теңіз де – ерлік,
шың да – ерлік,
шың көрінсе – мен де қалам бір кергіп.
Айналсоқтап танитын өз қорасын
сен – түйесің қарашыл,
табыну мен бағынудың арасын,
жағыну мен арылудың арасын
айыра алмай, сорлы болып барасың!
Рас, рас, табынудың түрі көп:
Түсінбесем, сені де
сыйламас ем, құдірет!
Сенің-дағы қолыңды алу – керек ед,
“асса-лаума-ғалайкүм” деп бір рет!
Оған дейін момын жанмын мен аса,
мінез-құлқым ішкенде де тамаша.
Жел жағына шыққан емен бұл жұрттың,
бұлтты күнгі ымырт сынды жым-жыртпын.
Сәл ұға алмай жүрген кезі мені елдің
бағы шығар, бәлкім, жабы-көбеңнің!?
Бұдан өзге, сірә, маған тағар түк
кінә да жоқ – жуар едім ағартып.
Сордан, сордан, сордан, сордан дегенмен,
әй, дегенмен сұңқардың да бағы артық.
...Көзі бітік біреу маған, көңілі өлі
“Тұмылдырық киген жансың сен!” – деді.
Шыдадым тек тәрбиеммен, тегіммен –
“Тұмылдырықты ит киеді” – дедім мен
Қайрайды ғой деймін, сірә, ол аға,
жасықтарды қайрамаса бола ма.
Сөзге бола егеспейік, құрысын,
кигізгесін – кигізші, аға, дұрысын,
тым құрыса, киейінші томаға!

5

Халық қана туғызады алыпты,
сен халықтың алыптығын таныттың.
Есіміңді қадірлейді ел, хас батыр,
сен де сыйла ықыласын халықтың.
Көкірегің өз халқыңа сенеді
ерді – сенім жасайды ғой, себебі,
сенің ісің, туған жердің емені
басқалардан қуаттырақ келеді.
Басар жанның әрбір батыл, ірі адым
желкесінде көзбен шолып қырағы,
әрқашан да Москвасы тұрады...
Сен – шың болсаң,
Халық дана – кең дала,
сені туған топырақ сол толғана.
Өзен болсаң,
халық – құяр теңізді,
қанша бұрқап аққанымен долдана,
қанша екпіндеп ұрғаныңмен жарға мың
еркіндік деп түсінеді ел бәр-бәрін,
еркелік деп қабылдайды қалғанын.
Сағымыңмен, мұнарыңмен сәл ғана
жар-жағадан биікпін деп паңдана
алыс көзді, аз-заматым, алдама!
Сонша шолып керегі жоқ шалғайды,
балаға әйгі, шалға әйгі:
Ер өзінің арынан биік болмайды,
су өзінің жарынан биік болмайды.

Ал, төбелер, тауды күндеуге ыңғайлан,
бәсекесіз туа алмайды бұл майдан:
Туар еді бәсекесіз тау қайдан,
шығар еді шың қайдан?!
Бізде-дағы қыжыл болған, бір кештік
қызу аулап қыздармен де бір өстік,
жолы болған жолдаспен де бірге өстік,
Олжаспен де бірге өстік –
сездіретін сезбесті,
білдіретін білместі,
жаса, жаса, дүниедегі бәсеке,
бәсеке тек болмаса екен күндестік!
Күндестік, көк түтініңді әрі аунат,
тек тап-таза жалыныңды алаулат!
Жел, сенің де жетпей қалар дәрменің
жанған шақта жарқырап бір жан – көңіл...
көңілдің бір шағы ма екен әлде бұл?
Шақырды алыс арман, мақсат, ой ымдап,
менің сұйық шашым да енді қойылмақ.
Мен қойылдым,
сен де, достым, қойың бақ!
Мықтылардың уайымын уайымдап,
өз жеңісімді өзім келем дайындап –
бәрін, бәрін елден бұрын мойындап.
Әділетке, адалдыққа сүйенген
Өнердегі “күндестерді” сүйем мен!
Біреуі оның сиыр емген тұлпар-тай,
екіншісі бұзау-торпақ бие емген:
екеуі де сүт емген ғой, сүт емген: ,
сүт емгендер, айналайын киеңнен!
Сүт бердім мен жалқы ұлыма – білесің,
сол көңілмен т