шындықты біле тұрып, маңайдан әлдене іздеп
әуреленді. Қолындағы сулық орамалды мұрынына апарды – жөргек,
кәдімгі жөргек сасиды. Оны тастай сап, жаулығының ұшын иіскеп қарады
– одан да сол, сәби иісі бұрқырайды. Көйлегінің омырауы, кимешегінің
шалғайы, кір-кір жеңі, қысқасы, шүберек атау-лының бәрінен бала иісі
келді. Мұның бүтіндей жаңсақ, торығу, аңсаудан туған түйсік екенін
түсінгісі келмеді, минуттік болса да ләззат, тұшыну сезіміне еркімен беріле,
көзін тарс жұмып алды. Сол күйде қанша отырғаны белгісіз, бір уақытта
маңына қайыра назар аударған, қарсы алдында қарты тұрды. Бастыра
байлаған қара құлақшын, сұрқай ескі күпі, сақалының арасына қияқ өсіпті.
Үлкен дөң мұрынының үстіне құс саңғып, ақшұбарлап тастапты. Қолты-
ғына қысқан бір қауым шүберегі бар: жөргек, жаялық, ит көйлек, малақай.
Иіс сонан шығады екен дейді. Кемпірдің үрейі ұшады. Тұрып кетейін десе
белі шойырылып көтертпейді. Есікті жауып, тақтай далда етпек-ті, қарт
тұтқадан ұстап апты, жібермеді. Алдында іркілмей еркін сөйлеп, үйренген
адамы болғандікі ме, тілі икемге оңай көнді: «Нағыл дейсің маған, менде
нең бар, сорлы-ау». Дауысы шықты ма, шықпады ма, тағы беймәлім,
әйтеуір шошып оянды. Күн қауысып кетіпті, айнала алакеуім . Жаңағы
қартының орынында – қарақшы, қолын созса жететіндей жақын. Көңілі
құлазып жүре берді. Ашық есіктен үйге, ішке қараған: қап-қара, үңірейіп
жатыр. Бас сұғуға батпады. Жалма-жан былай, ашыққа шықты...
ІІІ
Кемпірді содан үш күн өткенде Жаңақала жақтағы алыс
ағайындарының бірі кеп көшіріп әкетті. Қайтып қора шетіндегі
қарақшыны да көрген жан болмады.
Екінші тарау
Баспалдақтар
Осы есіктің жабылғанын айтпағанда, ашылғанының өзі ауыр, жан-
сезімге белгісіз бір торығу, қап-қара үмітсіздік әкеледі. Са-ақыр етіп
шалқасынан қайырылғанда бар ма, қабырғаң қақырап, сонымен қоса
ақырғы демің шығып кеткен сияқтанады. Ал есік қожасы тіпті қиын кісі, әлі
күнге сөзге келген емес, пиғылын ыммен, ишарамен білдіреді. Есікті әдейі
сұс, қыр қылайын деген адамша оқыс, жұлып ашады да, қақ көзіне
талтиып тұра қалады, сонсоң қабағын түйе, иегін сол жақ иығының үстіне
қарай селт көтеріп тастайды: «шық, жүр!». Бұ да соған дағдыланған, үн-
түнсіз еріп кете барады. Бүгін де орынынан сөлпие түрегелді, ұмытыла
бастаған алыс бір дауысқа құлағын түрді, таныс дауыс.
– Қақпаңдар, әй, Қасымжанды! Еркін өссін!– қарт тілін әзер қозғап,
кебірсіген ерінін екі-үш мәрте әлсіз ғана жалап өткен – тірі болсыншы тек!
Бұл түскі шәйдағы әңгіме-тін. Ақшамда Ақпан ата қайтыс болды.
Қасымбек «атасының баласы» еді. Жасы сол жылы алтыдан жетіге
қараған. Кележегіне мектепке барды... Одан бері де талай қабірді шөп
басты.
І
Қасымбектің тілі төртінші сыныпта шықты. Тым ерте шыққан екен
дейсіз-ау, кекетпей қоя тұрыңыз: ол үштен жетіге дейін сол жастардағы бір
баладай-ақ сөйледі. «Ата, ат болшы, әже, түйе құсап желші, апа, кәмпит
берші». Сәби тілін қақ төрге шоқалдай шөгіп алатын Ақпан шалдан бастап
бүкіл үй іші, көрші-қолаң, алыс-жақын ағайын, дос-жаранды қоспағанда
ылғи да дүкенде кезек күтіп тұратын бейтаныс әйелдерге шейін
қызықтайтын:
– Мынау кім баласы доп-домалақ?
– Атың кім, айнам?
– Айтмаймын.
Кез келген әйел тәтті ұсынды, еркелетті. Апасы бөтен жанның қолынан
дәм алғызбайды, «ұят, ұят!» деп безек қағады. Сол ұят деген қандай неме
өзі, көрер ме еді?! Баланың бір арманы осы еді. Ақыры көре алмай
барады...
Шешесі – мұғалім, районо бастығының әйелі, сағаты көп, қолы тимейді.
Үйге жасайтын жақсылығы: енесі не тағам дайындаса соны, «анау екен,
мынау екен» деп тәлімсімей іше салады. Кемпір-шал «үлкен жерден»
оқыған келінінің осы кісілігіне-ақ риза. Әрі Қасымбекті айында-жылында
есік алдындағы дүкенге ертіп кіргені болмаса, ішіне тартпайды. Тоқты
қоздаған қойдай мекіреніп, бауырына басып жатып алса қайтер еді! Ата-
ене бұған да мәз, жалғыз ұлының иіскеп-сүю рақатын қайдағы бір кәрі-
құртаңдарға еркімен қиып отырған келін жаман келін болар ма! Өзі
ертеңді-кеш сүрінеді де жүреді. Жұмыс. Қасымбектен кейін етегіне
оралатын да ешкім болмады. Таппайын деп жүр ме, қолы тимейтін шығар.
Қайтсін енді. Қарттар осылай ойлайды.
Сонымен Ақпан атаның отбасы ойрансыз, одыраң-тасы-раңы жоқ
тыныш, тұрлаулы шаңырақ болып күн кешіп жатты. Әрқайсысы өзін
бақытты сезінетін. Ал ең бақыттысы – Қасымбек, Қасымжан. Оның мінезі
ерте-ақ танылды.
– Қасымжан, ана төсекке отыршы?
– Отымаймын.
– Қасымжан, аяғың лас, шешіп шық!
– Шешмейім, лас емес.
Сөзі мұрынынан естіледі. Сөзге мұрыннан гөрі ауыз лайық екенін біле
тұра ешкім таңырқамайды, себебі талай пұшық пен сақауды көрген ел,
оның үстіне Қасымбек – бала, атасының баласы, туған әкесі районо,
жұрттың бәрі мұғалім.
– Ой, тіліңнен айналайын сол.
Ол жылдары жұрт бүгінгідей бастықтың әйеліне емес, әкесіне
жағынатын. Кімнің мектепке директор, не оқу ісін меңгеруші болғысы
келмейді. Көбінің дипломы жоқ. Бірақ бастықтың аты – бастық, ондай-
ондайды ескермейін десе – ескермейді, адамы сай келсе қағазда тұрған не
бар, қойыла салады.