орыны, қойшы әйтеуір, жоқтан
өзгені шұқылап-сипалап, қызға көрсетеді. Қыз үй ішін алба-дұлба ғып
тастап қайда барсын, жалма-жан инесін сабақтай бастайды; жамайды,
жапсырады, ызады, торлайды. Бірін түртіп жіберсе, аржағынан төрт-бес
істің басы көрінеді. Біткені байқалмайды, ылғи бітпегендері көзге ұрады.
Кәдімгі күйбең, ошақ пен үйдің арасы. Ең ғажабы, бұған кемпір де, қыз да
қынжылмайды, қайта жұмыстың, сылтаудың табыл-ғанына қуанатын
секілді.
Түс қайтып бара жатқан. Қатқылдың оқшау биік шөптерінің басын
селдірете қосып сағым кілкиді. Әрі, көкжиекке таманғы ойдым жерлер
көлге ұқсайды. Көз шалымында жиырылып-жазылып, әлсін-әлсін жоғалып
кетеді, қайыра табылады. Жел жоқ, ауа ұйып тұр. Қыстау, қораның күнге
қураған көне сабаны мен көңінің иісі кеңсірік жарады. Айқара ашылған
сыртқы есік арса-арса, қиқы-жиқы көлеңке тастайды. Ханшәйінің көлеңкесі
әр шөптің басына бір сүрінеді: қазандық маңындағы сояу қияқтардың
басына ілінген қол орамал, нәски тәрізді ұсақ-түйек кірлерін
жинастырады. Сапар алдындағы соңғы дайындық.
«Біз... мен,– деді кемпір, бұдан жыл жарым бұрын дүние салған қарты
екеуінің атынан сөйлейтін қашанғы ғадетіне бағып,– біз, мен сені
жанымнан артық санадым. Өзің білесің, сенің «табаныңа қадалатын шөңге
менің маңдайыма» деп талай тіледім. Құдай тілекті берді, шүкір, міне,
даланы тауысып, қала оқуына жүргелі отырсың. Мен қарсылық етпеймін.
Қарсы болып қайтейін, Құдай сақтасын. Обалыңа қалсам таңда, мақшарда
не бетімді айтам? Сөйт, шырақжан, бағың ашылсын, қайда жүрсең аман
бол. Қайтейін енді, әлгі бір... қара басты ғой онда, қара басты
сақалымызбен. Жарайды, айтпайын, жағыма жылан жұмыртқа-лағыр, осы
ауызыма қайдағы қайдан түседі? Сонада есіңде ме, үш келеп жіп жудық
қой, соны бояу керек еді, Алла сәтін салса саған арнап үлкен бір терме
алаша тоқымақ болғанмын. Қара жібі дайын. Қызыл, сары, көк қалып тұр.
Жайнатып тұсыңа ұстап қойсаң – мүліктің көкесі де. Талайлардың
ауызының суы құрыр әлі. Айтпақшы, сенен бірдеңе сұрайын деп едім, сол
әлгі жоғарғы жақта оқитындардың кәрі әке-шешелері бола ма екен? Әй,
сонда олар сағынбай ма? Аш өзекті жарып шыққан...– сырт айналып
күбірледі,– Құдай мені тағы шатастырды-ау, оқу, осы күнгінің оқуы сиқыр
дейді, еліктіріп әкететін шығар. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі...»
ой, дүние-ой, бұрынғылар білмесе неге айтсын. Тәмәм шеккесін, білгесін
ғой. Жөн, жө-өн. Заман өздеріңдікі, біз қарт екеуіміз, астағыпыралла, тағы
не деп кеттім, Құдай, тие берсін бақырға. Желеп-жебеп жатқан дағы
бишара. Сені қандай көрді ол. «Ақшәйіден Ханшәйінің бір қозылық
артық-шылығы бар» деп отыратын. Сүйткен бейбақ топырағын жел үріп
айдалада жатыр. Мына шағылдың аржағынан бес-алты түп шағыр
аударып едім. Қазір қурап, үгітіліп біткен болар. Солай ет, шырақ,
жортқанда – жолың, Қызыр – жолдасың еткей де, ақ ешкінің түбітін
қылшықтап, басыңа шәлі тоқып берсем тоңбассың әйтеуір. Қарт бақыр
аштықтан суық жаман дейтін. Кетесің бе? Жөн енді, жөн.
Осыдан шәй пісірім уақыт өткенде бет-жүзін ақ орамалмен шанди
байлаған бойжеткен ерге қонды. Кемпір манағыдан бері созған әңгімесін
күрт үзіп, ат қазықтан ұстап, сілейіп тұр. Әлденеге мықтап таңданған
тәрізді, тіссіз ауызы ашық-ты, жаулығының ұшын қайырып әкеп баса
қойды. Келесі сәтте екеуінің көздері кездесе кеткен, жалма-жан тайдырып
әкетісті. Нақ осы минутта мәнді бірдеңе айтылу керек екенін іштей екеуі де
сезді. Әрқайсысы өзінше толғанады, сәтке лайық ыстық бір сөз, көңіл
босататын күшті сөйлем іздейді. Дәл солай: көңіл босататын. Кемпір үшін
ол сөз Ханшәйіні аттан кері түсіретіндей әсерлі шығуға тиіс. Ал қызға...
кемпірдің ойынша, бәрібір сықылданды. Қайткен күнде де кету, тезірек
мына кәрі қақпастан құтылу керек, соған асығып тұрған боп сезілді.
Екеуі бір-біріне қайта-қайта жалтақтасты, осы айтуға татиды-ау деген
сөздерінің бастары бірікпеді, ақыры, кемпір... көпті көрген көне емес пе,
жол тауып кетті: – Әлгі қоңыр қолғабыңды ұмытқан жоқсың ба?– деді.
Анау басын шайқады. Жанарлары тағы табысты, тағы тайқыды. Енді бір
мезетте кемпірдің кәрі еріні икемге келмей, бақыраш құсап бұрыштанып
бара жатты. Арқасына салмақ бата бастаған кер байтал бірер шұлғып,
шыбынын қағып тастады да, аяңдап жүре берді. Қыз ат басын тура Күннің
астына бұрған. Артына бір қарағанда шешесінің зілмеңке төбесінде
тұрғанын көрді. Алдағы шағыл-үрпекке шыға беріп, ішегін үзе, өксіп-
өксіп жіберді. Содан маң далада біреу естіп қалатындай, өзі өзінен
булығып, шәй пісірім жылады. Сәт сайын қыстау үстіндегі кемпір тұлғасы
аласара түсті, бірте-бірте жіңішкере-жіңішкере, ақыры, бір тал қияқтың
басына ілініп қалған шөкім түбіттей әлсірей, үлбірей кеп көзден ғайып
болды.
Ханшәйі жарты сағаттан соң Қарабайлы станциясына өтетін керуен
жолына кезіккен, сол минутта оған өкше ізінде қалған күйбең тірлігінен
гөрі мына айдау апаратын алғы ғұмыры қызықты, тартымды тәрізденді,
бар зейін-ниетімен асыға, тебініп-тебініп қап, атын желдірте жөнелді.
ІІ
Кемпір мұржаның жанында, құбыла – батысқа қадалып алған,
тапжылм