халіне Құдайдан кейінгі кінәлі
өзі санады. Иә, өзі, жалғыз өзі. Алдымен Ханшәйіні баға алмады. Обалына
қалды. Сосын бауырындағы сәбиді өз ырқымен біреуге қиды. Бүгін міне
жанында жүрген жалғыз қарасынды өзі үгіттеп, өз қолымен аттандырып
отыр. Кімге өкпелейді, кімге міндетсиді? Бәрі өзінен, өз пиғылынан.
Ешкімнің ортағы жоқ, сазаңды да жалғыз өзің тарт!
Осы өңірдегі ит біткенді қасқыр құтайтпады, арқалап әкетіп тауысты.
Мына үй де талайын асыраған-ды, дыбысқа үріп жүгіретін шамаға жеткен
соң-ақ жоғала берді. Ақыры ит бағуды мүлде қойып, қора шетіне қарақшы
қалқитты да, соған қанағат қылды. Қазір, кешкі уақытта сол қарақшының
өзі қорқынышты. Әнеу бір күні кемпір соны аңғарған.
Далада дыбыс та санаулы ғой. Содан ба, мұның құлағы қияндағыны
шалатын. Со жолы не қара басқанын әлі күнге түсінбейді, әйтеуір секемсіз
ұйқтапты. Түнде біреудің келгенін таңертең құдыққа бара жатып білді...
Қос аттың ізі жосылып қапты. Шық түскен кезде жүргенге ұқсайды, демек,
түн ортасы ауа келген. О кім болды екен? Үй үстімен өткен алыс жылқы-
шылардың бірі ме? Кемпір екі үлкен шелек суды асыққаннан дем алмай
жеткізді. Келе Ханшәйіден жауап алды. Ол ешкімді көрмегенін айтты.
Онан кейін қарты екеуі біраз кіржіңдесті. Онан да ештеңе өнбеді. Сонсоң
қолына таяқ ұстап, үйден айнала із кесті. Қораның күншығыс жақ
сыртынан жылқының жас тезегін тапты. Тек оны қартына айтпады,
жасырды. Ішіне түйіп, ішінен налыды. Өкініші кейіннен келді. Сонан
қайтып киіз үйді аула сыртына тіктірмейтін болды. Әтте-ең не пайда...
Сондағы Ханшәйінің жаутаңдай, жалына қарағаны көз алдынан әлі
өшпейді: «шеше, киіз үйге екеуіміз жатайық тағы, бір түрлі қорқып
тұрмын». Әншейінде қыздың көрпесін түні бойы қымтап, әлсін-әлсін
сипалап, аймалап шықпаса көңілі көншімейтін. Со күні кежегесі кейін
тартып жібермеді. Қартының дімкәстігін сылтау етіп, шілдеде түнге қарай
айрықша ыситын шеген қыстауға түнеді. Ал қыз зілмәңкеге күндіз ғана
кіретін. Оныншыны жаңа бітірген, жатақхана тәрбиесі, мектеп әсерінен
арылып бітпеген кезі-тін. Құм қыздарының ішінде мектепке ерте – тоғыз
жасында барған. Сабақты жақсы, жеңіл үлгерді. Әсіресе тарих пен
әдебиетке алғыр болды: Ажарлы да еді. Сөйткен байғұсқа тап келген...
Кемпір әрі-бері мошқап, ештеңе айтқыза алмаған соң қоя салған.
Келісіп, сеніп емес, күдігін ішіне бүгіп қойған-ды. Содан бастап
Ханшәйінің мінезі өзгерді. Тар, ашуланшақ. Түкке құлқы жоқ, асқа да
тәбетсіз. Кейде өзінен-өзі сенделіп, шағыл асып кетеді. Қабақ астына
көзден тасаланып, жылап қайту үшін ғана баратынын кемпір сезіп жүрді.
Бәрінің басы сол қос аттың ізі соққан түннен басталғанын да сорлы көңіл
жазбай таныды. Ол түннің құпиясын уақыттың өзі ашты. Ұятсыздықпен
ашты. Кемпір аңдаусызда Ханшәйінің мойынына суық суға малынған
орамал лақтырды, даладан жылан өлтіріп әкеп, оны да салып қорқытты,
дәнеңе өнбеді. Қызы шошып оянған сайын үміттен-ді, алда тұрған
масқарадан өстіп, зорлықпен құтылмақ-ты. Амал не, еткен ем, оқыған дұға
– бірі дарымады, бәрі зая шықты. Келесі жылы көктемде сәби туды. Ешкім
күтпеген, қаламаған сәби. Құдайдың бұршақ салып тілегенге бермейтін
ұлы. Кемпір-шал әуелі осылай ойлап, балаға жатырқай қараған, сонсоң
батпай жақындады. Бір жұмадан кейін нәрестенің дүниеге қалай, кім боп
келгенін ұмыт етті, кәрі құшақтар қалтқысыз ашылып, әп-сәтте сүйіп,
сіңіріп алды. Қайтып өткенге мән берген жан болған жоқ. Ел құлағы үшін:
«Қарабайлы жақтағы немере туысымыздың баласы еді, асырап алдық»,–
деген лақап таратты. Келе-келе осы өздері шығарған өтірікке өздері
иланып кетті. Естіген жұрт сенбесе де көңілге қарап, нанған, көнген ыңғай
танытты.
Ханшәйінің туған апасы күйеуде-тін. Тұрмыс құрғанына алты-жеті жыл
айналса да баласыз еді. Мына жағдай дөп келді. Несі бар, ағайынды
адамдар, біріне – ұл, біріне – ұят керек, ыңғайы табыла қойды. Кәрілер
қанша тулағанмен ақылға жүгінді. Екі жақтың да ойлағаны ертеңгі күн –
бала, ана тағдыры. Сонымен, нәресте алшиып отырып асырайтын әке-
шеше тапты да, кемпір-шал шаладай бықсып, баяғы балшық пештің
түбінде ыбырсыған жөргек, жаялықтың ескі иесіне алданып қала берді...
Жаңа шеше сәбиді бауырына қысып түрегелгенде кемпір осы есікті өз
қолымен ашқан-ды. Қиыны қашқан тақтай есік, қазір ондағыдан да
ажарсыз, арса-арса көрінеді. Ойқы-шойқы маңдайынан түскен көлеңке
өрмелеп, қораға шығып барады. Керісінше, аула үстіндегі қарақшы
аласарып, бері еңкейіп келе жатқан тәрізді. Бәрі өзімнен,– деп ойлады
кемпір,– баланы айт дағы, баланы. Ол енді бұ қыстаудың қарасын көрмес,
несіне, кіміне қарайлайды? Өз алданышын өз қолымен кісіге шығарып
бергенін ойлағанда әлі күнге іші ашиды. Біреу – бөгделігін етті. Оның ар-
намысында не шаруасы болды десеңші! Маған бала қажет, қалғанын
өздерің біліңдер. Міне, айтылуға тиіс сөз. Әй, майталман-ай. Жападан-
жалғыз маң далада маңырап қалғаны да. Қазір қасында болса ғой. Тізесіне
жатқызып ап, құйрығынан қақса, желкесінен бір... Жөргек иісін сезінді.
Қайдағы иіс? Айнала шеген, топырақ, топырақ, шеген. Көңнен басқа иіс
берер дәнеңе жоқ. Осы