ттетпеген қасиетті ағаш май сіңді шүберектің күйгені тәрізді қоңырсып жүре берді. Қызыл шоқ түскен жерін үңгіп әкетті. Темірден істелген құралдар тек от орнын тегістеуге, қырып-жонуға жұмсалды. Томар сыртының да талай жері әлгі әдіспен – отпен жонылды… Сонымен, алты қанат отаудың ақ киізін елден ерек ыс басып, сүңгі шалған уақытта Едігенің қолында кеуделі қоңыр домбыра пайда болды. Бірақ домбыраның мақтаулы ғұмыры қысқа еді: күйшіні әу баста-ақ күдіктендірген без отты көп сезінгендіктен бе, әлде басқа ма – әйтеуір бір күні көз көре шырт жарылды. Содан бастап күйлердің майда, қоңыр үніне әккі құлақ қана шалатын жағымсыз ызыл араласты. Без қанша үбектегенмен, күндердің күнінде ойылып түсіп қалатынын күйші көңілі сонда-ақ түйсінген-ді.
Едіге талғам, тәлімге үйренген бапшыл кісі. Күй ырғағы мен қыз қылығына тәнті, әлемнен әсемдік, шынайылық қана іздейтін. Әсіресе күйге, домбыраға қояр талабы өзінен, тіпті, дәуірінің бойынан биік жатты. Осы елде, өзі сынды талай күйшіні тудырған топырақта жақсы домбыра хат емес-ті. Ол барды қанағат тұтпады, жоқты табуға ниеттенді. Ақыры тапқан да сықылданған. Әттең, мына бір без. Соны ойлағанда бүйрегіндегі тасы қозғалған адамдай шырт ұйқыдан ыңырсып оянады: Сондықтан жұрттың қоңыр домбыраға арнап айтқан мақтаулары жұбата алмады, қайта аурудың үмітсіз екенін көре тұрып көлгірсіген көкіменің сөзіндей жәйсіз тиді. Ғұмырының соңғы күніне шейін мінсіз ағаш іздейтінін де іштей сонда мойындады. Сол күндерден бастап-ақ түсіне томар енетін шығарды. Дәл бүйірінде саусақ басындай безі бар қоңыр домбыра Едіге жігіт, Едіге шалға, сол арқылы дүйім елге қырық бес жылдай қызмет етті. Үш-төрт тыс қап, қисапсыз қой шегін тоздырды. Талайды жылатты, талайды жұбатты. Бүтін Азғыр мен Атыраудың аралығындағы құм өңірінде талайдың таңдайын қақтырды. Қоңыр домбырасыз өткен той-томалақ, сауық-шілдехана аз-ақ шығар. Әдетте қазақ бұ түстегі домбыраларды «қара» атайды. Бірақ Едігенің домбырасы ел көзіне түскен алғаш күннен бастап, неге екені белгісіз, қоңыр атанды. Кейінгі бір сәуегейлердің айтуынша, үніне байланысты берілген секілді. Расында, ол домбыраның даусын алғаш тыңдаған адамның көзіне «қоңырдан» басқа түс елестеуі мүмкін емес-ті.
5
Едіге күйшінің түсіне ағаш, сөйтіп, қырық жылдан астам енді. Көзін жұмса болды, ылғи бір қисық-қыңыр бұта, қызыл, сары қабықты томарлар, жуан-жуан бөренелер елестеп бітті. Жасы қартайған сайын жаратылысынан қиялшыл, қызыққыш, онсыз да қызғындау ақылдың иесі диагнозы беймәлім, бөлекше бір ауруға айналып бара жатқан. Қоңыр домбыраны немересіне басы бүтін бергеннен кейін Едіге қарт Еділдің жоғарғы саласындағы нағашыларына аттанған-ды. Содан таптым, таптым деп қуанып оралды. «Ұлым, таптым, тауып келдім» дегені тағы да сол ағаш – ұзыны бір аршын, зілдей қара дөңбек еді. Ақкемпір қартының жүзіне үрейлене көз салған, себебі Едігенің баяғы қоңыр домбыраны жасаған кездегі жүрек қызуы, өмірге деген ыстық, обыр көңілі, тіпті ондай бейнетті енді көтеретін дене қауһары жоқ екенін білген-ді...
Қарт күйші ақыры арманына жете алмады. Ғасырдан ғасырға өтер мінсіз домбыра жасалмады. Мына дөңбекті де алдыңғы тәсілмен күте бастаған. Мұны да алғаш шағыл қабаққа, суылдаққа көміп кептірмекші еді, бірақ екі-үш күннен соң томар бойында, бір қарағанға әлдене жәндікке ұқсас солғын көк бөрткен пайда болды. Шал бір түрлі тітіркеніп қалды: өз денесінен де сондай өзгеріс сезген тәрізденді, тұла бойы құсеттеніп кетті. Томарды өз қолымен ыстық құмға батырған-ды. Құмның құрғақтығына бәс тіге алады. Қалай көктейді? Өмір бойы арманы – ағаш болғандікі ме, шебер ағаш атаулыны жанына тым жақын сезінетін-ді. Қу, ұрықсыз санаған томары бүр жарғанын көрген сәттен бастап кәрі терісін бөрткен қаптады. Дөңбек бойындағы бүр де өлмеді, қайта көбейе берді. Қарттың домбыра ою ісінен уақытша бас тартуына тура келді. Шебердің ұғымынша, көктеп тұрған тірі ағаштан бұйым жасауға болмайды. Ағаш алдымен қурауы, өлуі тиіс. Амал не, дөңбектің бойындағы кішкене көк бүртіктердің ғұмыры атайы домбырашының ғұмырынан ұзақ екен: екі айдан соң Едіге қарт дүние салды. Қатігез тағдыр оны қытықтап өлтірген сияқтанды; шебер қышынып, жұлынып, өмір бойы күй балы сорғалаған он саусағының тырнағынан таусылып үзілді. Ақкемпір: «Уай, жазған шіркін-ай, асылық етті-ау Құдайға, дүниеде жоқ мінсіз мүлік ұстатар ма пендеге!» деп аңыраған. Бұл сөздер де асылық саналды ма, кім біледі, артынан іле-шала өзі кетті.
Қарттың көзі жұмылысымен қара дөңбек те қурап сала берді. Бүршіктері өз-өзінен үгітіліп түсті. Ауыл ақсақалдары таңдайларын қағысып, беттерін сипасты: «ала келген ажал да марқұмға бүршік боп көрінген, әйтпесе, мына томардың тамырынан нәр үзілгелі бір он жыл өткен шығар».
6
Адам ғұмыры төмен, молаға қарай құлдилаған сайын тездік еселей түседі деседі. Соған қарағанда, өлім, мола ғана емес, барлық бақытсыздық атаулының да мекен-тұрағы – ойда, ылдида болса керек. Уақыттың өзі алды-артыңа қаратпай айдап құлдырата бере ме, қалай?!
Елік те атасы сын-ды атайы күйші саналып үлгірген-ді. Әттең, мезгіл дүмі желкелеп, өнер бақытын қызықтатпады, қайта қол