ін,– деп қажының кенже қызын сыртқа сүйреді. Киіз үйдің көлеңкесінде терлік, тоқым, түйенің ескі жабуымен жабулы жатқан әлденені кеп ашып-ашып тастады:
– Міне, көр, менің адал, ең сүйікті жарым!
Келіншектің алдында бұрын-соңды бұл елден кездеспеген, бейтаныс ағаштың кісі кеудесіндей томары жатты.
...Едіге сөйтіп тапқан асылынан жасалған домбыраны немересіне түп көтере ұстатқанда «Ақ кемпірдің» жадына со бір кез, со бір көрініс оралған-ды.
4
Бір таң асырып, Қарагердің жүгенін сыпырған. Содан былай атқа мінуді қойды. Ешқайда аттап басқысы жоқ, кәдуілгі үй-күшік атанып, біржола шөгіп алды. Ат жіберіп шақыртқан жерден айып төлеп құтылды. Ана ауыл, мына ауылдың той-томалағынан ауырдыммен арылды. Ағайынның көзінде, расында, сырқат адамға қатты ұқсайтын: жағы суалып, түсі қуқылдана берді. Үй ішінде, шырт етпе ашуланшақ, қонақ қабылдауы да бұрынғыдай шалт емес; ән, күй, сауық аңсап келген байырғы жел-қабаз серіктері «қабағына қарағанда, қатыны мен қазанын баққан екен» десіп, бірер бас шайқасқан соң, қайтып соқпай кетті.
Ал, Едіге өзге алданыш, қызық тапқан. Құлынның сыңар сауырындай жұмыр томарды құшақтап ап, әрлі-берлі тасып жүргені. Түнде шағыл қабаққа, суылдаққа көмеді. Күндіз үйдің көлеңкесіне әкеп, киізбен қымтайды. Екі қолынан тыным кеткен: бір шаңыраққа біткен көк темір атаулыны қақтап, қырлап тауысты. Орақтың шыбығын сөгіп, қашау жасады. Шың-шың пышақ шыңдайды, баж-бұж еткізіп темір суарады. Тал түсте қи жағып, шоққа қақталып отырады. Сақалын ыс қапқан атайы күйші, сыйлы мырзаға көмекке ұмтылған кедей-қоңсы әйелдердің меселі қайтты. Олар ақыры, әр қайсы үйді-үйіне кіріп ап, беделді азаматтың күйе-күйе қолына ірге-аяқ саңылауынан сығалап, сыңқ-сыңқ күлісетінді шығарды.
Бұ қарбалас он шақты күнге созылып барып біткенде еңді, аққұба жігіттің орнында көсеудей қара біреу отырды.
Осынша еңбектің арқасында бір талыс ұсақ сайман жиналды. Қашау, пышақ, кескіштің алуан түрі, шапашот, бұл өңірде ешбір ағаш, темір ұсталары қолданып көрмеген, аты беймәлім аспаптар жасалды. Мұның бәрі суарылып, ұшталып, жүзделіп дайын тұрды. Өзі ұзақ, қауіпті сапарға аттанар батырдай асықпай, әр қаруын сынай қарайды. Осыдан соң барып, ағаш томарды алдына өңгерді. Тап сол сәтте ерінің іс-қимылын үрейлене, үнсіз бақылап жүрген Күлдана шыдамады:
– Томарды құмға көмгеніңіз неғылғаныңыз?
– Кептіргенім де.
– Құдай таба етпесін сізді, неше күн азаптанбай-ақ мына күннің көзіне бір түс тастасаңыз қақсып шықпай ма?
– Қақситыны рас.
– Сонда ше? – Ері таңдайын қағады:
– Қақсыту – кептіру емес. Күн ағашты қақсытады, кептірмейді.
– ?
– Шытынатып, жарып жібереді.
Томардың жуан елі, қатпар-қатпар қабығы оп-оңай сыпырылды. Пышақ ұшымен бір шетінен ептеп қана көтеруі мұң екен, өзі-өзінен томырылып түсті. Сонсоң ағашты әрлі-берлі домалантып, етегін алақанымен сипап көрді: бір жерінде жәй көзге елеусіз жарық болуы мүмкін, әйтсе оған құм ұялары хақ. Бабымен кепкен ағаш құмды ұстамайды. Күйшінің қабағына баққанда, томар бұл сынақтан да өткен тәрізді еді. Кенет, өткір жанары қабығы сыдырылған жалаңаш ағаштың бір нүктесіне қадала кетті. Сол, көңілі ауған жерге жалма-жан қолын апарды. Сұқ саусағының басымен ерсілі-қарсылы жүріп өтті, қайыра үңілді, қайта сипалады, сұлу саусақтарынан болар-болмас діріл байқалды. Сонсоң, бас шайқағаны шығар, бүкіл дене болмысымен ұзақ-ақ теңселді. Неткен өкініш! Мынау байтақ дүниеден бір мінсіз ештеңе табылмағаны ма? Осындай мін үшін талай тамырды босқа қырықпап па еді?! Құрт түскен оймақтай жеріне бола талай ғұмырды кесіп, талай дөңбекті босқа жарып, ақтарып кеткен жоқ па? Ағаш аласы да ішінде болады екен ғой? Қап! Майталман-ай! Есіл еңбек, есіл дәме! Жігіт мықтап күйзелді. Құлай сүйген қызының бойынан табылған кешірімсіз ақаудай көңілін құлазытып, бір сәт дүйім ғаламнан түңілтіп кетті. Қара томардың міні – мін емес, қасірет боп батты. Осы сезім үстінде сыртқа алып шығып, балталап-балталап тастағысы кеп бір отырды да, әлденеше уақыт аялаған ардағын самаурын жеміне көп көрді, томарға күрсіне бір назар тастады да, іргеге қарай ауната салды.
Содан екі күн өткенде, ертемен Едіге үйінде жұмыс қайта қызды. Қамшы сабындай ғана қайыңға сапталған титтей шапашоттың жүзі әлсін-әлсін қызып кетті. Шебер әлсін-әлсін кідіреді, ойланады, шот темірін алақанымен басып байқайды. Өткір жүз бір жерге екі мәрте дәл тигенде ғана жылан тіліндей жаңқа ұшады. Алдыңғы күні күйшіні сонша өкінткен оймақ аузындай дөңгелек без болатын, сол қазір тиіп кетсе тарс жарылатындай зәрені алып отыр. Жігіт безді бармағымен баса отырып, айналасын еппен, үбектеп шабады. Жоқ, шабудан гөрі жону, қырнауға ұқсайды.
Сөйтіп, көрші қарттар екінді намазының құрметіне құман ұстап шыққанда томардың бір жағы тегістеліп те қалды.
Келесі күні ою азабы басталды. Қиғыр, болат қашаудың өзі тайғанап бітті. Қашауды күш жұмсай, қаттырақ ұру – қауып, жарып алуы мүмкін. Әрі ағаштың табиғи «қыңырлығы», жік-ыңғайы жібермеді. Амалы құрыған шебер, ақыры бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жаңа тәсіл тапты. Ол – отпен ою. Жыңғыл, дүзгін томашаларының шоғын салып күйдіріп қараған, темірді бе