Ақ шағыл
Ескене... аттары дардай.
Шыңдарына бұлт ілінбегенмен бұл өлке үшін аса даңқты жер. «Жарықтық
Қошалақтың таулары-ай. Жиырма бес шақырымнан көрінеді» деп жұрттың мақтана,
әрі таңдана әңгіме етісетін Қошалағы осы. Ашақ шошағы сықылды биікке шығып
қарағанда көрінетіні де рас. Әсіресе бұлтсыз күндері, таңертеңгі уақытта сағымдана
құбылып әдемі шалынады... Анау осы «Жаңа өмір» колхозының кеңсесі. Өзін мереке
құрметіне ақ кістеп ағартып қойыпты. Одан арғы... совет. Екеуіне де қызыл жалау
ілініпті. Көкпеңбек жерде әппақ үй, қызыл жалау жарасып-ақ қалған. Әлдеқайда біреу
«Әк, әк» деп сиыр айдайды. Қайдан шыққан дауыс екенін білмек боп Әжімгерей көзі
жеткенінше айналаның бәрін тінтіп қарай бастады: іштеңе көре алмады.
– Таңертеңгі дауыс!
Осы кезде Бәйге таудың басына түйелі біреу шықты. Мұрынның ұшына қонған
маса құсап ербиіп тұр...
– Сисекең! Сисенбай қарт қой.
– Шайға жүріңіздер,– деп дауыстады үй жақтан. Бұлар асықпай аяңдап үйге таяй
берді. Басқарманың кішкене қорасының ішінде Сақал-Сатым жирен айғырды жабулап
жатыр еді. Түйе жүнінен жіңішке иіріп тоқыған алаша жабу. Айналасын сары бөзбен
көмкеріпті. Тәмірәлі атты айнала күйбеңдеп жүрген. Сатымды көріп күліп жіберді.
Шайға, дастарқан басына отырғасын ғана ойын айтты.
– Сатым, сен осы жирен айғырдан шынымен үміт етесің бе?
14
Сәске кезінде жұрт тұс-тұстан Бәйге тауға қарай ағыла бастады. Әр тұс, әр топта
бір-бір қызыл жалау желбірейді. Тулар әдейі болса керек, кілең ақ боз ат мінгендерге
ұстатылыпты. Кейбірінің сап-ағашы қысқа болғандықтан, жалау төгіліп кетіп, аттың
сауырын жауып келеді. Қызылды-жасылды топтың алды тауға шыққанда, соңы сайда
қапты. Ішінара түйеге мінгендер кездеседі. Олар мен мұндалап, анадайдан көрінеді.
Тауға алдымен шыққандар топ-топ боп ошарылып тұр. Дәл осы сәтте Бәйге тау,
Қазанғап жақтан қараған көзге, таудан гөрі түрлі түсті бейнелері бар мол ала шарқат
жамылған әйел иығына көбірек ұқсайтын.
– Осының бәрі біздің Қошалақтың кісісі ме?!– Талжібек өз көзіне өзі сенбеді. Оның
ойынша, адамдарының бәрін соғыс әкеткен жетім-жесір елде осынша атқа мінер
жұрттың болуы бір түрлі сияқтанды.
– Қайдан Қошалақ болсын. Бұл сегіз колхоздың адамы ғой,– деді Қарашаш.
Ғұмыры мұнша көп кісінің бір жерге жиналғанын көрмеген жас қызға егде әйел
осының өзін азсынып тұрған сықылды көрінді. Талжібек таңданғанын жасыра алмай:
– Бәрібір көп... тым көп, – деді. Қарашаш қатаң ескертті:
– Ешуақытта адамды көп деп айтушы болма!– Қыз үндеген жоқ. Айнала жұрттың
мінген аттары, киген киімдеріне таң тамаша боп қарайды. Неше түрлі өмілдірік,
құйысқан, айыл-тұрман барды. Әне біреу бой жеткен қыз ақ киізден, айналасын қызыл
матамен жиектеген тебінгі тағыпты. Атын тебінген сайын жалп-жалп етеді.
– Қап, жеңешем көрмеді-ау мұны!
Жеңешесі – Мәруә. Осыдан екі-үш күн бұрын Қарашаш Мәсәлімнен екі ат сұрап
әкелген. Тойға Мәруә мен Талжібекті жіберіп, өзі малда қалатын болып келіскен-ді.
Бүгін, аяқ астынан Мәруә бармайтынын айтты. Талай күннен дайындалып, желігіп
қалған жас қыздың көңілін қимай, амал жоқ, Қарашаштың өзі ерген.
– Жеңешең құрысын!
Қарашаш та көзімен әр топты бір тінтіп, әлдекімді іздейтін сықылды.
– Сәлем бердік, апа!
– Апай, сәләметсіз бе?
– Мерекелеріңіз құтты болсын?
– Апа, мал-жан аман ба?
Көпшіліктен оқшаулау тұрған бұл екеуіне бір топ бозбала келіп амандасты.
Қарашаш ешқайсысын жыға танымағанымен сәлемдерін алды. Тіпті кейбіреулерінен:
«жаман әкең тірі ме, бар ма» деп те сұрады. Жас жігіттер сәлемнің ар жағында не
айтарларын білмей, бұларды қоршап тұрып-тұрып жөндеріне кетті.
– Бұлар кімдер?
– Ит біледі оларды,– деді Қарашаш,– қай бір менің екі туып, бір қалғаным дейсің,
сенің көзіңе түсу үшін айналсоқтап жүрген боқмұрындар да.
– Талжібек қызарып кетті. Екеуі төбенің басшылар тұрған ең биік тұсына қарай
жүрді. Халық әбден жиналып болды-ау деген кезде Қошалақ ауыл Советінің
председателі қағазға жазып алған сөзін оқып берді. Одан кейін бастауыш мектептің
мұғалімі сөз алды. Оның сөзінен жұрттың естігені: «Жасасын!» деген жалғыз сөз.
Осыны айтты да мұғалім атын қамшылап, топтың шетіне қарай ығысты. Совет
председателі дауыстап:
– Сөз жолдас Смағұлов Ысқақбай қойшыға беріледі,– деп айналасына қарады.
Торы атты қарт итініп-тебініп ортаға әрең жетті. Тізгінін ердің қасына іліп қойып,
қалтасын ақтаруға кірісті. Бір қалтасынан кір-кір мұрын орамал мен темекі дорба
шықты. Оларды сілкіп-сілкіп, қалтасына қайта салды. Екінші қалтасынан бір
сабақ шуда жіп пен бір шөкім қойдың жүнін алып, сасқанынан, лақтырып жіберді.
Председатель асықтырып тұр:
– Болыңыз, сөйлеңіз, ақсақал!– Қойшы одан сайын абдырады. Бір мезгілде барып,
қойын қалтасынан ұйпалақтанып қалған алақандай қағазды суырып ап: «Өй, атаңның
көрі... мында екен ғой» деп салды. Өзі дауысым мұнша қатты шығар деп ойламаса
керек, төменгі ернін тістей қойды. Председатель жанында тұрған ауданның өкіліне
жалтақ-жұлтақ қарайды.
– Жолдастар,– деді қарт қағазына үңіліп,– С-сіздерді б-бүгінгі е-еңбекшілердің х-
хал