енбегендеріне қосылып, көріне
көзге, бұра тартады. Темірәлі, Сатымдар қапелімде не айтарын білмей, сасып,
аңтарылып қалды. Олардың үнсіздігін мойындадыға жорыған аналар, тіпті
батылданып, бел алып бара жатты:
– Мұндай да иттік болады екен!
– Масқара, масқара!
– Үкіметтің берген бәйгесін...
– ...Алдап алмақ қой!
– Жауапқа тарту керек!
Көшекең атанған басқарма ауыл советтің председателіне тап-тап береді:
– Даббай, Құла қасқаның бәйгесін бер!
– Бәсе десейші, беріңдер бәйгемізді! Әйтпесе...– Топ гүж-гүж: Алақандарына
түкіріп, білектерін сыбанады. Істің насырға шауып бара жатқанын сезген совет:
– Ау, жолдастар, не болған сендерге! Сабыр етіңіздер, қазір бәрін де анықтаймыз,–
деді. Жұрт тына қалды. Председатель Сатымға бұрылып:
– Мынау манағы жирен айғыр ма? – деп сұрады. Сатым:
– Нан соқсын, сол... әлбетте сол! – деп тұттыға айқайлады.
– Әрине сол жирен! Ана жылы Сейсімет үйреткен жирен!
– Бұларда да иман жоқ екен!
– Осы айғырды біз құлын күнінен білеміз ғой!
– Күрең дейді... терлегесін сүйтпегенде қайтеді?
Енді «Жаңа өмір» колхозының адамдары шулады. Ешкім ешкімді тыңдап жатқан
жоқ. Даң-дұң, ың-жың. Бірін-бірі киіп, бірін-бірі көміп жатқан осынау дыбыс
топанының бетіне анда-санда қылт-қилт етіп «ат», «бәйгі», «құла қасқа», «күрең»,
«жирен» деген сөздер қалқып шығады да қайта батады.
– Уоу, жарандар,– Әжімгерей түйесін тебініп, топтың ортасына сыналап еніп келе
жатты. Алғашқыда елең етпеген жұрт өңшең аттылының төбесінен қарап тұрған
еңгезердей сары қартты көріп, таңырқасып қалды. Айқай-шу бірте-бірте сыбыр-
күбірге айналып барып, әрең басылды.
– Уоу, жарандар! Бір тай озды деп қалғандарың қырыласыңдар ма? Тұяқтан тұяқ
озбай тұра ма! Сендер дауласқанмен жүйрік-жүйріктігін етпей қалмайды. Оған бола
арамтер болмаңдар. Жүйрікке обал болады, бәйгесін бер, ағайын,– деп тоқтады.
Жұрт тағы шу етті:
– Бұ қарт баласының бәйгесін сұрап тұр!
– Қартайғанда қайтеді екен. Комиссия шешеді...
– Осы араға кіріспесе де болар еді...
Бұл сөздер бәсең айтылғанмен Әжімгерей естіп қалды. Қарт:– үлкен кісілердің
құлағының мүкіс болмағаны-ақ жаман осы,– деп күбірледі.
Сонсоң дауыстап:
– Азаматтар, сөзді дұрыс ұғыңдар. Мен баланың бәйгісі емес, аттың бәйгесін айтып
тұрмын. Ендігісін өздерің біліңдер,– деді де, түйесін бұрып алып, бүлкілдеп жүре
берді.
– Көптен көріп тұрған жақсылығымыз еді!
– Тойымызды бұзды-ау мыналар.
– Аттары қалып қойғасын іштері күйіп тұр ғой, түге!
Аттары озған «Жаңа өмір» колхозының кісілері түс-құстан осындай реніш сөздер
айтып жатыр. Әркім әр тұстан қамшыларын шошаңдатып әлдене сөйлейді. Біреулер:
«Мені жіберші», «Жібер деймін мені» десіп, өңмендейді. Бірақ олардың қолын ұстап
тұрған ешкім тағы жоқ. Қарбаласты пайдаланды білем, Көшекең не істерге білмей,
манағыдан бері есін жия алмай аңқиып қалған председательдің қолындағы бір қауым
қызыл ала шүберекті жұлып алып, қойнына тықты. Осы кезде Қарашаш жұртты киіп-
жарып Көшекеңе жетіп барды.
– Ой, хақымақ, анаңды... кімді басынасың-ай сен! Бәйгемізді тартып алып? Тартып
алу олай емес, былай!
Анау төніп келген кеспелтек, қара сұр әйелді көргенде сасып қалды. Күтпеген
жерден жармасқан қарулы қол матаны жырта-мырта тартып алды. Аулағырақ тұрған,
басы самар-аяқтай қара шал:
– А, Құдай, Құдай! Бүйтіп қор еткенше алсаң етті! Азаматымның қолын қатынға
қақтырдың-ау! Әй, иманың бұйырмас-ау, Китлер сенің! Қайран ел! Қайран азаматтар!
Қолыңды қатын қайырғасын не қауқар қалды сенде! Құдай, Құдай, қу Құдай! – деп
зарлап қоя берді.
Мына сөз жұрттың бәрінен гөрі Көшекеңе көбірек әсер етті-ау дейім, атын бауырға
салып-салып жіберіп, топтан сытылып шықты да:
– Әй, біздікілер, жүріңдер кеттік! Құла қасқаның бір тері болар, бәйгісі құрысын
бермесе! Төбелессек бір-бір қатын үйімізде де бар,– деп, бір топ шал-шапырды ертіп
алып, жортып жүре берді. Тағы бір шал анадай жерге барып, артына қайырылды:
– Әй, Қошалақ, тойларың томалақ бо-л-сы-ын! – деп шіңгірледі.
Тойдың қалған жағы шынында «томалақ» болды. Жирен айғырдан басталған
келіспеушілік – кесірге айналды. Гәп жиреннің озғанында емес, күтпеген жерден
озғанында-тын. Бәйгіден қаралаяқ келгенде мұндай дау шықпайтын еді. Жиреннің
түрі, мінезі... жұрт сонысына қараған-ды.
Көшекеңдерден соң жиренді жетектеп, Қарашашты ертіп Сақал-Сатым кетті.
Күресте балуаны жығылған бір топ тағы бөлінді. Онының басы қосылса өкпелеспей
тараспайтын қасқа жұрт, ақыр соңында өстіп, тоз-тоз боп тынды.
* * *
Қазанғап тауының құбыла бауырындағы айдау жолға келіп түскенде ғана Идаят:
– Көке, мен оздым ғой, а? – деп сұрады.
– Оздың ғой, айналайын, оздың.– Қарт сәл мүдіріп қалды, сонсоң естілер-естілмес
қып: – алғашқы адымың даудан басталды-ау, қарағым-ай, қайдан білейін,– деді.
Әжекең мұны ішімнен айттым деп ойлады...
ЕКІНШІ БӨЛІМ
1
– Сейсімет келіпті! Сейсімет ақам келіпті!
Идаят әншейінде аттап кіретін қос табалдырықтан ішке секіріп түсті. Түскен жерінің
топырағы бұрқ ете қалды. Екі иінінен дем алып, танаулап тұр. Жастық а