Ақ шағыл
жалқаулығы бар, Алла-тағала пиғылына берген жануар-тын. Әрбір бақытты
тіршіліктің бір үлкен қасіреті де болады ғой. Сары атанның қасіреті: момындығы мен
күші. Сонысына қызығушылар көп болатын. Олар: шыбындар мен жиі-жиі тезек
тасып тұратын әйелдер. Бүгін де, міне, сол тезек артқалы шыққан бір әйелдің астында,
бүгін де, сол, Ашақ шошағының сәскелігінде туып-өскен шыбын атаулы соңында
келеді. Басқа жер жетпегендей, гу-гу, ду-ду етісіп, мұрынға, кірпікке қонады.
Сондықтан сары атанның анда-санда «ауф», «вауф» бақырғаны: «а-ау, қойсаңдаршы»
дегені сықылды естіледі. Дөңдей түйе денесінен орын таппағандай, шыбындар
үстіндегі Мәруәның о жер, бұ жеріне быжылдап қонып маза бермейді. Келіншектің
онсыз да онша мол тігілмеген көйлегі көлікке мінгесін одан сайын жоғары шығып,
қысқарып кеткен. Тізеден жоғары ашық қалған қоңырқай, жұмыр, жас денеге
шыбындар қонғанымен қоймай, тайпаң-тайпаң жорғалап берекені алады. Ақ-адал
денесіне шыбын жарыстырып қою кімге мәз дейсіз. Мәруә да қол қусырып қарап
отыра алмайды, әлсін-әлсін алақанымен қағады, үркітеді. Жалаңаш етке тиген алақан
шарт-шарт етеді. Өстіп айдалада санын шапақтап келе жатқан келіншек бір сайға түсіп
түйесін шөгерді. Тезек күні бұрын теріліп, үйіліп қойылған-ды: Мәруә түсе қалды,
алашадан қусырған екі үлкен қапты түйенің белінен суырып алып, тезек қаптауға
кірісті...
Бұлар қыстаудан кеше ғана шыққан-ды. Қарашаш киіз үйін тігіп алды да, Мәруә
баяғы Сейсімет қазған ескі көранаға кірген. Қораларындағы қыстан қалған азын-
аулақ отынды аяп сақтап қойып, өрістен тасуға ұйғарысқан. Алдыңғы күні Қарашаш
қойын жайып жүріп теріп, жинап кеткен тезекті артып алуға келген беті. Бір қапты
толтырып, сары атанның жанына әрең сүйреп апарды. Екіншісін қаптай бергенде
қабақ астынан бір аттылы шыға келді. Тұрған жері қазан шұңқыр-тын: Жүргіншінің
қай жақтан келгенін байқамай қалды: «Кім де болса тезек артысуға жақсы болды».
Аттылы қабақтан түсіп, тура бері келе жатты. Тайқита, желкесіне киген картезіне
қарап таныды. Еділхан екен. Мәруә қолына кішігірім табақтай ақ жапаны ұстаған
күйі, қалшиып тұр. Еділхан жақындаған сайын ақсиып, күліп келеді. Әнеугі,
Сейсіметтен хат әкеліп бергеннен соң көріп тұрғаны осы-ды, бала қатты өсіп кеткен
сықылданды. Бұрын үзеңгіге әрең жететін аяғы ұзарып, тізесі шошаяды, ер үстінде
бүктетіліп отыр. Ат арқасының белгілі желігі болса керек, өзі тым желді, екпінді.
Анадай жерден-ақ:
– Сәлем бердік, жеңеше,– деді. Мәруә:
– Сәлемің сартқа, сақалың өртке, қайным. Жақсы келдің! Түс, тезек қаптайық.
«Кәрі келсе – асқа, жас келсе – іске» дейді, бол тез, әйтпесе балаңның белі бүкір
болады,– деп сыңқ-сыңқ күлді. Еділхан атынан домалай түсті. Келіншек қаптың
аузын ашып, анау тезек салды. Екеулеп жүріп екінші қапты толтырды, сонсоң оны да
түйенің жанына апарып тікейтіп қойды. Мәруә, тер шықпаса да, маңдайын сүртіп
күледі:
– Туһ, өзіңде түк күш жоқ білем.– Еділхан намыстанып:
– Ерегіссем мен анау алаша, қабыңды жалғыз көтерем,– деп ерсіді.
– Қапты қайтесің өзің менімен күресесің бе?
Жігіт қапелімде не айтарын білмей іркіліп қалды. Мәруә бастырмалатып жіберді:
– Әнеугі шүйіншіңді алмайсың ба?
– Қайдағы шүйінші?!
– Өй, аңқау неме сол...
Осыдан біраз уақыт өткен кезде Еділхан, күшік тазысы тұңғыш рет қоян алған жас
аңшыдай, есі шыға арсалаңдап үйіне қарай шауып бара жатты.
* * *
– Қонысың құтты болсын, Темірәлі, шырағым?
Әжімгерей төр алдындағы төсекке осы сөздерді айта отырды. Сақал-Сатым мен
Идаят төменірек жайғасты. Темірәлі қонақтардың етік, кебістерін босағаға реттеп
қойды, қамшыларын кереге басына іліп кеп, қазан-аяқ жақтан тізе бүкті.
– Құтты қонақ болыңыз!
Өзі бүгін сары ала таңнан тұрған-ды, бес қанат қараша үйін, болшы-болдың астына
алып жүріп, есіктің қақ көзіне, ауламен екі араға тіктірді. Аула дегенде ауыз
толғанмен, үлкен кісінің бөркіндей ғана, дөңгелек балшық-қора зілмеңке есігінен елу
метрдей жерде. Жартылай ашық, жартылай жабық бұл баспана басқарма үйінің
жалғыз сиыры үшін бүтін бір әлем іспеттес. Ал, Темірәлі мінген атқа сол қораның ығы
да жететін. Әжекеңнің «қонысың» деп қомпитып отырғаны – басқарманың шыққан
жайлауы – осындай еді. Мал аяғының сиректігінен, бұ жерге де шөп қаулап өсіпті.
Төселген алаша, текеметтің әр жер, әр жері томпайып көрінеді. Шөптің үстіне
жайылғанының белгісі. Ірге аяқтың жыртығынан түскен күн сәулесі үйдің ішін
батыстан шығысқа тартылған алтын сызықтармен кесіп-кесіп тастапты. Екі қатар
үлдіріктің төменгісіне сүйей қойылған жез леген көк жиектен жаңа көрінген айдай
қызғылттана жарқырайды. Күн екіндіге таянып қалған. Ірге-аяқ сәл жоғарылау
ұсталғанды: іргеден жап-жалтыр қара етіктің екі басы есікке қарай жүріп өтті.
Сейткенше болған жоқ, Сағынай кіріп келді:
– Ассалаумағалейкүм!
Босағада түрегеп тұрып етігін шешті. Сонсоң жұрттың бәріне жағалай, Идаятқа
шейін екі қолын беріп көрісті де, осы үйдің өз адамы құсап, Темірәлінің төменгі
жағына отыра кетті.
– Тем-ақа! Қонысыңыз құтты болсын! Ден-саулығыңыз қалай, жақс