Айнала, күзгі айран құсап, сарғая ұйыпты. Жел сусыма құмды жаңа қармен
араластыра жымдап, шегендеп тастапты. Мұндай қар бірер түн асқасын көлік
көтереді. Ақсақ ойылып, жіліншік қияды. Ерігенде тіпті қауіп. Өтірік күлкі секілді, беті
жылтырап, жіпсіп жатқан жерді басып қалсаң, асты қазан ой, құлама жар боп
шығады...
Қарашаш бітпейтін, ұзын шылым сорғандай, аузы-мұрнынан дамылсыз бу
бұрқырап, ақ қала соғып жүр. Құйған кірпіштей ғып бұрыштап ойып лақтырылған
қар қалаған жеріне барып сықыр етіп, бір ырғалып тұра қалады Екінші күрекпен
Мәруә кірісті. Екеуінде де үн жоқ.
Қарашаш бүгін күн шықпай тұрған. Әуелі өз үйінің есік-терезесін аршыды. Сонсоң
қой қораға барды. Осы түнде өлген қойлардың түктері қырау-қырау. Көзге бір түрлі
ескі, көне көрінді Жатарда ғана тірі жануарлар... өлімтіктерді бұрышқа апарып
текшеледі, кімге айтқаны белгісіз: «Әй, хақымақсыңдар-ау, анаңды»... деп бір сыбады
да, қораның үстіне өрледі. Қарын аршып, бес-алты шөп тастады.
Мәруә Қарашаштың жүзінде бір бітеу, дүмбілез кейістік бар екенін жаңа байқады:
томсырайып ап, қарды атқылап жатыр. Әлде кімде кеткен есе-кегін содан алатын
тәрізді. Бұл да үн-түнсіз күрей берді. Анда-санда көзінің астымен қарап қояды: сол
қалпы. Келіншек шыдамады:
– Апа! Апасында үн жоқ.
– Апа! Бүгін бір түрлі көңілсізсіз ғой, не болды?
– Не көңіл сұрайсың, әй, хақымақ, ұйықтаңқыра!
– Апа, ұят болды, ұйықтап қалыппын. Сіз ерте тұрып талай шаруа бітіріпсіз,
дұрысында, екі үйдің жұмысы болғасын екеуміз бірдей істеуіміз керек қой...
– Әй, хақымақсың-ау, (анаңды деп келе жатты да) айналып кетейін,– деді,
Қарашаш,– күрегін лақтырып жіберді, қойып қалатындай төніп кеп,– мен сенен артық
атқан он шақты күрек қарымды бұлдайды дейсің ғой? Сені жас қой деп, балалары
бар ғой деп, мен болсам көрген бейбақпын ғой деп, түнгі күзетке де көп жұмсамай,
өткен түнде ғана... есік аштырмай қалар деп... Осы тәріздес тагы басқа «дептерді»
үсті-үстіне бастырмалатып, бұрқырай жөнелді. Ара-тұра «әй, хақымақсың-ауын»
қыстырып қояды. Тамақты көп ішетінін, қарташылдығын, жылқыдан бөтен ештеңені
оқсата алмайтынын, ақырында міне, қатын-баласына тышқақ лақ та қалдырмай,
әскерге тайып тұрғанын тәптіштеп, Сейсіметті де біраз сілейтіп берді. Жарылып кеткен
брезент-қауғадан атқылаған судай, сөз де таусылды-ау деймін. Қарашаш кенет жым
болды. Лақтырып тастаған күрегін қайта алды. Түлкі құлақшынның бауын ілмектей
байлаған иегінің астына ағаш-күректің сабын тіреп қойып тұр. Тағы несі қалды, енді
несін сөйлесем екен деп ойланатын сықылды. Бір кезде оқыс дауыстап қалды:
– Сен не білесің!
– Мәруә үндеген жоқ.
Түнде тағы бес қой өліпті.
– ?
– Сенің неңді алады колхоз? Қара күшігіңді ала ма? Сорлайтын Қарашаш. Өйткені
одан бірдеңе алуға болады, оның малы бар. Колхоз өлетін қойын қойы бар кісіге
бақтырады. Төлетіп алуға оңай. Үсіп өлген жаман тоқтысының орнына мына сені,
сұлу қатынды алмайды колхоз!– Манадан бері Мәруә кірпігін көтере алмай тұрған.
Бірдеңе айтайын деп еді, айтса ақылды сөз айту керек екен. Ондай сөз оралмады.
Әйелдің қолынан қысылғанда келетін жылау ғой, ол да сөйтті. Қарашаш шошына
жүгірді. Келе құшақтай алды. Айтарын айтып ап, артынан аяйтын ұсақ мейірім.
– Әй, хақымақсың-ау, айналып кетейін! Осыдан біраз уақыт өткенде екі әйел
Қарашаштың үйінде терлеп-тепшіп, қуырдақпен шай ішіп отырды.
Қарашаштың күйеуін ешкім білмейді. Ескі көздердің айтуына қарағанда, бір кезде
болған көрінеді. Бірақ ештеңесі ешкімнің есінде жоқ. Ол жайлы сұрай қалсаңыз,
білетіндер де, білмейтіндер де білмейтін боп шығады. Қарашаштың өзі де күйеуінің
есімін аузына алған емес. Қайбір астарлы шалдардың емеурінін аңғарсаңыз күйеу
жігіттің әкесі «хазіретке қол берген», атақты бай адам болыпты. Бір ғажабы, сол қарт
өмірінін, соңғы жылдарында ала-бөле жұтқа ұшырайды, жылқысы үйірлеп, қойы
қоралап қырылады. «Бағы қайтқан заман ғой, не шара!» – деп қарт жатады. Күні
бүгінгіше үлкендер: «Ол ауырды ғой, ауру болды ғой»,–деп күрсінеді. Сол «ауру»
оны ұзаққа апармаса керек: Сөйтіп, Қарашаштың қайын-атасы 1917 жылдың күзінде
дүние салады. Қанша жұтағанмен мол байлық күш бере ме?! Байдың жалғыз
баласына күн көрістік бірдеңе бәрібір қалады. Аңқұмар, думанқұмар сылқым жігіт
Әмірәлі жүріп-жүріп, жиырма беске келген шағында осы Қарашашқа үйленеді.
Екеуінен Өмірәлі атты ұл туады. Қамсыз, харекетсіз ауқатты семья «Өмірәлі» деп өмір
сүріп жатады. Өмірәлі жеті-сегіз жасқа толғанда әкесі бытқыл кезіп, қоян атам деп өзін
атып алыпты-мыс. Оның сүйегінің қайда жерленгені де белгісіз. Бұл маңайдың
өлілерін қоятын жалғыз қауымы – Ашақ. Онда әр бейіттің басында құлпытас, не бір
белгі тұрады. Ішінен Өмірәлі деген есімді оқыған кісі тағы жоқ... Сонымен
Қарашаштың күйеуі жайлы қырыққа келмегендердің білетіні осы ғана. Былтыр
әскерге алынған Өмірәліден басқа, жасы он бес-он алтыларға келген бір қыз бар.
«Сіңлімнің қызы еді, қырқынан шықпай тұрып асырап алдым»,– дейді Қарашаш.
Өзінің ешкіммен етене жақындығы да шамалы. Айналамен араласы одан да аз.
Қазығына айын