фермасының меңгерушісі болғаны, тіпті құрықшылдығына шейін айтыпты.
Майдандағы жағдай, елдегі адамдардың ерлік еңбегі жөнінде сөз болса, тізімнің жуан
ортасында мұның аты аталады. Соның бәрі баяғы бір пішеншінің өтірігінің арқасы
ғой? Рас, жүн, май, ет жоспарын да артығымен орындады. Оның ішінде өтірік жоқ
екеніне кім кепіл? Жоқ, Темірәліні – Темірәлі еткен шындық емес, өтірік, адал еңбек
емес, алдау болды. Қолтығынан сүйеген елі де, еңбегі де емес, маяның астына
жасырынған сол бір момақан шоқалдар екен. Кенет көз алдына құмның сансыз көп
шоқалдары кеп тұра қалды. «Аяғыңды байқап бас, сүрінесің!»
– Әкет мыналарыңды!– деп ақырды әйеліне.– «Іш, ішпесең жинаймын» деуге
батылы жетпей, шай-құманды ет пісірім босқа қайнатқан әйел шайдың шама аралас
сарқындысы қалған шыны аяғына қарап мөлиіп, үнсіз-түнсіз отырудан жалыққанды.
Ұша түрегеліп, дастарқан, шыны, нан ол-пұлын апыл-ғұпыл жинап алып тайып
тұрды. Күйеуінің бетіне жалтақ-жұлтақ қарап қайта кірді, самаурынды, сосын құман
мен бір таба шоқты әкетті.
Басқарма үйдің ішінде әрілі-берілі жүре бастады. Апрель болмай тастамайтын
мақталы шалбарының сол жақ балақ-бауы шешіліп кетіпті, оны оң аяғының өкшесімен
басып тұрып, сол аяғын ілгері, сілке аттады. Ызып тіккен қара шүберек бау ізінде
иретіліп қалды. Өз балағының бауы емес, жіп-жіңішке қара жылан жатқандай, қайтып
келіп сол аяғының үлкен башайымен езіп-езіп тастады. Екі шықшытының бұлшық
еттері бүлк-бүлк етеді. Онсыз да қара қоңыр жүзі қошқылданып түтеп жүр. Терезенің
алдына барып, терезе жабындысын жұлқып ашты. Даладан түн көре алмады: қап-
қара, үңірейіп тұр. Одан бөлменің қақ ортасына тоқтап, ана бұрышқа, мына бұрышқа,
сонсоң еденге, төбеге қарады. Үлкен қара көздерінің ақ еттері қызғылт. Сулы жанары
шатынай жарқырайды. Кірпігін қағып қалса мөлдір жас емес, қызыл ұшқын ыршитын
секілді. Әлдекімнің тұмсығын бұзатындай жұдырығын тас түйіп апты. Бұзғанда,
кімнің тұмсығын бұзады? Шоқалдардың ба?.. Ортада парлап тұрған ондық шамның
пілтесін көтеріп кеп жіберді, шөлмегі шырт сынып кетті: лезде түтін, күйе шалған
тұрба үйдің ішін қара көлеңкелеп бара жатты. Темірәлі шамды бір үріп сөндірді де
келесі бөлмеге енді Бұ жақтағы шам тіпті өлеусіреп жанады. Пілтесін сөнбейтіндей ғып
қана қалдырып, терезенің алдына қойыпты. Қатар тұрған екі темір төсектің бірінде
әйелі жатыр. Көзі жұмулы. Темақаң шамның пілтесін сәл көтеріп еді, әйелдің жабулы
кірпіктері қыбыр-қыбыр етті, көзінің алды бір-екі рет тартып-тартып қойды. «Ояу
жатырсың-ау, шайтан» деп ойлады екінші төсектің шетінде шешініп отырып. Басқарма
қайда қоярға білмеген басын жастыққа қойды. Бірақ көз ілген жоқ.
4
Сіресіп түскен қалың қардың бас-аяғы бір жұманың ішінде берекесі ұшты.
Құбыладан ескен жып-жылы өкпек жел, ауру кісінің тамырындай, лып-лып етеді.
Асты саз, жусанды, бұйырғынды жерлерде ойдым-ойдым қақ бар. Құрғақ тұзды
сорлар айдын көлге айналыпты. Қар тозған киіздей алашабырланып, теріс қабақтарда
ғана жатыр. Қырға шығып құбылаға қарасаң қыс та, арқаға қарасаң жаз. Күн шуақта
бетін құм сипаған күртікті тұстардан бу көтеріледі. Қарың жауған кезде-ақ жел айдап
әкеткен шағылдардың басында дембіл-дембіл құм шұбарады. Аспан көгаштап жуған
күләңкөрдей, көгілдір, таза. Әр жерінде бұтаға ілінген түбіт құсап бір-бір уыс ақ бұлт
желбірейді.
Биіктеп, асқақтап кетіпті!
...Қуантай қарттың қырқы осындай күндерге, марттың орта шеніне тура келді. Жер
аяғы ашылып, жұрт арқасы кеңіген кез-ді, көлікке жүре алатын алыс-жақын
ағайыннан келмегені кемде-кем. Мына шеті Дыңғызыл, Қошалақ, мына шеті
Көктатыр, Қарағайлыдан жеткен адамдар бір төбе. Есіктің алды, ауланың іші абыр-
сабыр. Шеген қораның кез-келген жеріне қаға салған темір, ағаш қазықтарда түрлі
түсті көрпе-көпшігі бар көліктер. Ет-шолан мен қыстаудың арасындағы азғантай
ашыққа жеті қанат үлкен киіз үй тігіліпті. Қыстай бүктеуде жатқан үзік,
туырлықтардың қыртысы жазылмағанына қарағанда, үй бүгін ғана тігілсе керек. Ірге-
аяқтың етегін айнала шөппен бастырып тастапты. Екі-үш жерден жер-ошақ қазып,
қазан асыпты. Есік алдында түтіндері бұрқырап тұрған зор-зор екі самаурынның
жанында жеті-сегіз әйел. Жаулықтары қорағаштай-қорағаштай үш кемпір бірін-бірі
«қыз-ау»,, «шешей-ау», «келін-ау» деп қойып, күншығыс жақтағы ақ тікен шоқалды
айналып барады. Қарсы беттегі қабақтың үстінде алты-жеті шал тұр. Бәрі
ортасындағы ақ сақалды, семіз сары қартқа ентелейді. Анау не айтса да жарыса,
жамыраса қостайды. Әр қайсысы өзінің сөз ұғатынын көрсетуге тырысады. Сары қарт
сөзін ішіндегі біреудің атын атап, соған арнап айтса, қалғандары жүдеп, қоңылтақсып
қалады. Әжімгерейдің де сонша табындыратындай тосын айтып тұрғаны шамалы...
«Биыл қыс қатты болды»... «көктем ерте шығып келеді» сықылды жай сөздер. Соған
аналар осындай «пікірді» өздері айта алмайтын сынды шұлғысады кеп. Сақалдар тым
жеңілтек, арзан шошаңдайды. Жүздерінде шын ықыласымен қайыса, қауырт ойланып
қалған кейіп бар. Анда-санда, жаңқадай біреу Әжімгерейге еліктеп ауыр бұрылып,
алыс қарайды. Ананың кішкене ма