ң осы тілің ғой»,– деп,
атамыздың ұйт етіне найза салған екен. Сонда жайықтық атамыз найзаны әйі де, бейі
де жібеймей тістеп тұйып алыпты!..
Мұның ел арасында атам заманнан айтылып келе жатқан, күні бүгінге шейін бар,
тірі әңгіме екенін сары қарт білетін-ді. Бірақ Сейсіметтің «айғы аталайына» ешқандай
қатысы болмағанына тағы күмәнсіз. Басқа уақытта болса біраз әжуәлайтын-ақ сөз. Өзі
қанды майданға аттанғалы отырған, көңілі жүдеу, күйрек сорлының бір сәттік
мақтанышын мақұрым еткісі келмеді. Қалжыңдаса да, шындық атты ащыны басып,
аңқау қасқаның жалаңаш жанын күйдірмейін деген ниетпен ішінен бір күліп алды да:
– Әлбетте, қарағым, әлбетте. Арғысын айтпағанда күні кешегі Арсекеңді көре
қалдық. Бір-бір саусағы кіші-гірім күрекке сап болғандай еді. Өз қолыммен сақалын
талай алып ем ол жездемнің: Ұстара шақ келмейтін, қырқып қалғанда әр талы
дыңылдап ұшатын-ды. Асқан балуан болды о кісі. Ғұмыры жауырыны жерге тиіп
көрген жоқ,– деп тоқтады да,– қылтамақ қырқып кетті ғой есіл ерді,– дегенді жөтеліп
әрең айтты.
Арыстан марқұм, әрине, қарттың суреттегенінен мүлде басқа адам болыпты.
Күреске түспек тұрсын, төңкерілген күбіні көтере алмаған кісі, ұстараны ондай азапқа
салатын сақал-мұрт біткен жоқ. Бетінің әр жеріне бір шыққан жалғыз-жарым түкті
қуып жүріп қиятын қайшыдан басқа темір атаулының да қажеті болмапты. Жанып
таусылған жапаның күліндей, үпі десең ұшып кетер секілді жеңіл, жеңіл жапырақ қана
жан екен. Өзі дәулетті адам бола тұра, өмірі ешкімге артықшылық көрсетпеген ақ
көңіл, қайырқом, оның үстіне, шамасынан тыс шашпа, жайдақ шал-тын. Жаңағы
мақтаулардың ешқайсысы Арсекеңнің бойына жұқпағанымен аңғырт жігіттің жанына
жұғымды тиді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана қайтыс болған мүбақ кісінің балуан
да, батыр да, алып та еместігі, шеше сойына тартып алпамсадай боп өскен Сейсіметтің
мыңғырына дыңғыр етпейді. Бәр-бәріне қалтқысыз сеніп отыр. Иығын қомдап,
итініңкіреп, ілгері сұғынады. Арқасының құрысын жазатын кісі құсап, екі қолын екі
жаққа серпе созып көрді. Сөйтті де екі тізесінің басын екі жұдырығымен қойып-қойып
жіберді. Осының бәрін сырттай аңғарып, байқап отырған қу қарт, ішінен: «Менің осы
жиенім соғысқанда жер болып бір жеңілмесең, Китлер, сенде де иман болмас»,– деп
күлімсіреді.
Қызыл кемпір есік алдында жатқан аяқ киімдердің әрқайсысын «адыра қал, тұл
қал» деп бір-бір сілеп, жез легенді даңғыр еткізіп, анадай жерге әкеп тастады. Іле-
шала, түтіні мен буы бірдей бұрқыраған, үлкен сары самаурын келтірілді. Екі иінінен
дем алып, ыс-пыс етеді. Ондық шамның, жарығы ағара, айқындана түсті. Енді бір
сәтте есіктен екі баласын ертіп Мәруә кірді. Кемпір-шалға қарап, ерінін бір-бір жыбыр
еткізді де, босағаға қағылған киім ілгіш-қазыққа әуелі балаларының, сонсоң өзінің
сырт киімдерін шешіп ілді. Бірінің үстіне бірін міңгестіре, берекесіз жиналған аяқ-
табақтың бірде-бірін салдыратпай барып, үлдірікке кемпір қойған жаңағы ақ жапаны
ортасынан екі бүктеп отқа сүңгітті. Қазандық жанында тұрған шілтерді жез
шылапшынға шошақ, ноғай құманмен қолына су құйып, жуды да, екі баласын
жетектеп үлкен жаққа өтті. Екі бала әкесінің алдына таласа-тармаса құлады. Келіншек
имене келіп самаурынның шүмегі қарап тұрған жағына отырды. Кемпір:
– Құясың ба, айналайын, құя қойшы! – деп бір күрсініп, шалының төменгі жағына
отыра кетті. Шашағына қарағанда әуелде көк ала, кейін сорпа мен шай төгіле-төгіле
қоңыр ала болып кеткен дастарқан жайылды. Пеш түбіндегі кішкене қоңыр
сандықшадан кемпір тас-аяқтардың неше түрін шығарып жатыр. Бұлары, құдды,
сұрапыл соғыстан қайтқан жауынгерлердей бірінің о жері, бірінің бұ жері жоқ ылғи
мүгедек дүниелер-ді. Бір кезде сыры болғанын шамамен ғана білуге болатын, өзі
әбден мүжілген, кәдімгі балалы үйдің ағаш қасығы да сүт құйылған самар-аяқтың
ернеуіне сүйене қалды, уақ тартылған құмаршықтан табаға көміп пісірген нан, тұз
иісін бұрқыратып қарынға салып сақтаған күзгі сары май. Жіп тағып мойнына іліп
үретіндей-ақ, ортасын тесіп кептірген сарысу – бәрі-бәрі қоңыр ала дастарқанға
жарыса қойылды Манадан бері ата-бабаларының «ерлігін» сөз ғып, өзі, бейне бір,
қыруар жауды қырып қайтқан есіл сабаздай есіп отырған Сейсімет алдына алғашқы
шыны аяқ шай келгеннен-ақ үні өшкен. Тегінде, тілінің мүкісі бар адамдар сөйлемпаз
келеді ғой. Сейсімет те, әр нені бір айтып, сөйлегенді, не біреуден әлдене сұрап
мазалағанды ұнататын, ал, одан гөрі тамақ ішуге бейілді еді. Бүгін де сол дағдысына
басып, қарбытып-ақ бақты. Сары майға сүңгіп шыққан ыстық нан, жылпып, аузына
дамылсыз кетіп жатты. Мәруә тұрып кетіп, қазан астын жаңғыртты, іңкәл илеп қойып
қайтты. Қарт тізесінің сарсуы бар-ды, дастарқан басында малдас құрып отырудан
қажыды білем, қозғалақтап, тамағын кенеді.
– Сейсімет шырақ, ас та пісіп қалған болар.– Амал жоқ, қонақ қолын жайып ас
қайырды. Сол дастарқан жиналып үлгірмей-ақ, үйеме табақ ет келді. Ол табақ та түп-
көзі сорпаланып, Сейсіметтің алдынан таусылып құтылды. Астан кейін тілі қайта
шықты: көр-жерді көсеп сөйлеп біраз отырды. Көй