жаңағы тарғыл мысық титтей сұр
тышқанды шиқылдата тістеп, тура жайнамаздың алдына келгенде қоя берді.
Алғашында байқамай қап, кенет, өзіне қарай тырбалаңдап жүгірген тышқанды
көргенде кемпір атып тұрды.
– Қара қағынды келсін, қара қағынды келгір!
Ақ таяқты мысыққа жіберіп кеп қалды, мысық, қазан-аяқ жаққа қарай жанұшыра
тырбаңдаған тышқанды май табанымен қағып алып аузына салды да, табалдырықтан
сыртқа бір-ақ қарғыды. Кемпір қайтадан отырып жатып:
– Ай, бай-бай-бай, Құдай-ай, қай жеріне келіп едім? –деп дағдарды.
Осылай оқылған намаз түске шейін созылды. Шай үш қайнап, үш басылды. Келін
бұ сықылды діндәр енесінің намазын қалай бұзсын! Мана енесі намазға тұрғанда екі
шелегін алып құдыққа кеткен. Қайтып келсе әлі оқып жатыр. Самаурынға су құйып, от
қойды. Су ағашты алып, қызыл тайыншаны қуып бара жатқанын бір көрген. Енді бір
айналып есіктен қараса... туһ, неғылған бітпейтін намаз! Ақыры, самаурынға салатын
ағаш азайғасын, амал жоқ, таба шоқты әкеліп анадай жерге қоя салды.
12
Қамшысын босағаға тастай сала, төрге кеп отырып жатып Сақал-Сатым:
– Азамат қатын көнбейді, келіспейді,– деді.
– Неменеге көнбейді, нені айтып отырсың? –
– Азамат қатын қызым елуге келгенше Еділханға тимейді дейді.
– А-а-а! Сен құда түсе кеткен екенсің ғой, иә. Еділханның несі бар екен?
Қарт бітпейтін бір ұзақ әңгіме күткен кісі құсап дұрысталып, жайланып отырды.
Қарашаштың аман-сауы былай басталған:
– Иә, Сақалың күйектей болып нағып жүрсің таң атпай?– Сонсоң төр алдында
малдасын құрып тәштиіп отырған Идаятты бес жыл көрмегендей, маңдайынан қайта-
қайта сүйді.
– Айналып кетейін. Әжекеңнің жалғызы... Тұлпардың тұяғы ғой,– деп еміренді.–
Көкең мен мамаң сау ма? Мамаң жыламай ма? Келін не істеп жатыр? – Идаят бұл
сұрақтардың ешқайсысына жауап берген жоқ. Тек, шөткенің қылы құсап, тікірейіп
тұрған шашын қайырған боп, маңдайының жаңағы Қарашаш сүйген жерін
алақанымен байқатпай сүртіп-сүртіп тастады.
Идаят үшін Сатым жауап берді:
– Жақсы ғой, Әжекең жаман емес, қайтсын енді.
– Кемпір-шалды шақырып алуға әнеукүні Темірәлі айтып кетті дегесін алдына
түспей отырғаным. Көңілдерін бөлу керек еді... қиын-ау,– деді Қарашаш,– оған ертең
жүресіңдер ме?
– Иә.
– Әжекеңе айттың ғой? Келісіп пе еді?
– Келіскен, айтқанмын.
– Әжекеңді қойшы, ана қызыл кемпірге обал. Үйден шықпайды. Ұршық, мал, тезек
деп жүріп алады. Сатым:
– Саған қызметім түсіп келді,– деді.
– Айта бер, құлағым сенде.
– Ауылдас хақы деген болады ғой. Жұмсағасын... Қарашаш бөліп жіберді.
– Күмілжімей тез айт, шаруам бар.
– Ауылдас хақы деген болады ғой... Соны өтейін деп...
– Қарашаш:
– Әй, бол енді, бол! Көмейіңе көл тұрып отыр ма! Ал... ауылдас хақы! Одан басқа
не айтасың?– деп дігір салды. Сатым әрбір жол таппаған кісінің әдетінше тура
тартты:
– Талжібегің бой жетіпті... құтты қонағың болайық... құда түсе келіп едік!– Ата-
ананың өз баласын қашан да сәби көретін дағдысы бойынша, Қарашаш та Талжібегін
жас санайтын. Сонысына бағып реніш білдірді:
– Бой жетіптің не? Қарғадай баланы?
Дегенмен осының сөзінде де бір шындық болар-ау деген қауіппен, әрі аяғына шейін
естімек боп:
– Кіміңе, қай балаңа айттырмақсың? – деп сұрады. Әйелдің: «қай балаңа» дегені
тура жарасының жалаңаш жеріне тиді, бірақ сыр бермей:
– Өзің білесің, менде бала болмады ғой. Еділханға, Қанипаның інісіне... дей беріп
еді, Қарашаш әрі қарай тыңдамады:
– Немене, әлгі ит боғындай жылпылдаған көк мұрын хақымаққа ма? Қанипаны
сауысқанша шықылықтатып құдағи ет дейсің ғой? Қой оны!– Сақал-Сатымның
дүниедегі жек көретін нәрсесі біреуден бірдеңе сұрау. Әншейінде ағып кететін тілі
ондайда, күрмеліп, мүсәпір ететін. Бұ жолы да сондай жағдайда қалды. «Азамат
қатынның» Еділханды менсінбегені шамына тиіп кетті:
– Қалқам, сен де қой ондайды! Мынадай қысас заманда азаматты кемітіп, асылық
сөйлеме! Ол да өз балаңдай бала! Өзі жас, оқыған! Не мін таға аласың оған?!–
Қарашаш шалқасынан түсті:
– Сондағы мегзеп отырғаның біздің қыздың мектеп көрмегені ме? Ол мектеп
көрмесе де Еділханнан ақылды. Харіпті де одан кем танымайды! Кіһі, оқыған, оқыған
– Сатымның сөзін қайталап, кекетіп,– оқыған! Оқығаны сол ма, «қара қағазбен» хатты
айыра алмай оттап... біреудің жаназасымен тойын шатастырғаны? Ой, хақымақ!
Азаматты кемітпе, асылық сөйлеме! Ондай азаматыңның анасын... Жібегімді мен ертең
қан төгіп келген мүгедек еркектердің біріне тоқалдыққа берермін онан да! Ал, осы
қазақ сөйлегенде қыртпай сөйлесе қайтер еді!– Кіһі, кіһі деп пысқырынып алды да,–
менің қызым кімнен бай сұрапты? Хақымақ болмай кет бар, қайқай!
Сақал-Сатым осының бәрін айтып берді.
– Әй, жынды байғұс! Біздің бала несімен жақпады екен? Үстіп жүріп әп-әсем
баласының обалына қалады-ау. Қап, қап!– деді Әжімгерей. Кемпір:
– А-а-а? – деді.
* * *
Сағынай Әжімгерей ауылынан оралып, үйіне келген бойда почташы Оразғалиды
шақырта бала жүгіртті. Орекең үйі алыс емес-ті, ақсақ қарт батып-шығып келгенінше
шай пісірім уақыт өтті. Есіктен оң тізесін б