хандікі емес екені
елге белгілі. «Қызыл әскер», «Қызыл таң» секілді көрші колхоздың жігіттері
шығарған. Қошалақ қыздарының «елу үшке» келмегенмен, бой жетіп отырғаны рас.
Әрқайсысының құрығанда бір-бірден атастырып, айттырып қойған жігіттері
майданда. Еділхан сияқтыларды қыздар:– «інішек, атымды алып келші», «інішек
шебелетімді майлай қойшы» деп жұмсап масқара қылады, Өздеріне жоқ сұлулардан
бұл өлкенің бозбала атаулысы, сөйтіп «кек» алады.

«Көкбестім былтыр айғыр, биыл пішпе,
Қыздары Қошалақтың елу үште», ахо-ооу!

Бұл өлеңді Еділханның аузынан естісе, үлкендер: «Өй көргенсіз, өзгелер айтса-айта
берсін, сенікі не? Қошалақтың қыздары өзіңнің апаларың емес пе!» деп кейіп
тастайды.

9

Марттың аяқ шенінде Темірәлі колхоз активін жинап алды. Малдың көп өлгені,
пішеннің жетіспегені, елдің хал-жәйі туралы тәптіштеп, түбірлеп айтты. Сонсоң
майдандағы жағдайға тоқталды.
– Жоғарғы жақтың хабарына қарағанда,– деді ол,– соғыстың бітуіне таяу қалыпты.
Біз жеңіп болған көрінеміз. Әміркен деген бір күшті ел бар екен, өзі ССРО-ға дос
болып шығыпты...
– ...Сол Әміркен де Китлерді жек көреді екен. Бізге болысып Керманияны бір
жақтан ол да төмпештің астына алыпты. Есікке таман отырған бір шал:
– Алда қарашығым-ай, қайтсін енді...– деп көзіне жас алды.
–...Сөйтіп, жігіттер, біз жеңеміз... жеңдік енді! Төрт жыл бойы қысылып-
қымтырылып күн көрдік. Аудан: «халықтың көңілін көтеріңдер» деп жатыр. Май
тойына бір-ақ ай қалды. Ат жарату керек. Сіздерді,– деді басқарма, Сақал-Сатым
бастаған үш-төрт кісіге бұрылып,– актеп болмасаңыздар да, аттың бабын біледі, осы
мәселені ақылдасайық деп шақырдық.
– Әп, бәрекелде. Қайырлы болсын!
– Айналайын үкімет-ай, біледі-ау.
– Көңілдерін көтерсін деген ғой...– Жұрт ду-ду етіп, мәз боп жатыр. Шегелері
босаған ағаш орындықтар сықыр-сықыр, шиқ-шиқ етіп, әрең басылды.
– Бұрын бәйгеге түсіп жүрген аттарды ертеңнен бастап ұстап, терін ала беру
тапсырылады. Бұл мемлекеттік мәні бар іс! Басқарма мемлекеттік дегенді көтеріп,
дабырайтып айтты.
– Құп! Мақұл!
– Болды!
– Бұрын бәйгеге түспеген жылқы болса қайтеді?– деді біреу.
– Жаңадан жүйрік тауып жатсаңдар қарсылық жоқ, кез-келген үйірден ұстай
беріңдер!
– Заппермелер шатақ шығармайтын болсын!
Темірәлі тойға келетіндерді көлікпен күні бұрын қамтамасыз етуді мықтап
тапсырды.
...Осыдан екі күн өткен соң, Әжімгерей аулына Сақал-Сатым келді. Жетегінде
Сейсімет үйреткен жирен айғыр. Әжекең есік алдында, киіз жамап отырған кемпірінің
қасында екі қолын артына ұстап тұр еді. Жирен айғырды бірден таныды. Иесі әскерге
алынғанда ғана үстінен ер түскен. Қамшылар жақ қапталдығындағы бұрынғы
жауырдың орнына ақ түк шығыпты. Сейсімет соңғы екі қыста үстінен ер алмаған.
«Қайды тізесімен бұзады, кейемет қайатты» деп жүрді.
Сатым аман-саудан кейін.
– Әжеке, сізге ісім түсіп келді,– деді. Қарт қонағының бетіне таңдана, сақтана
қарады.
– Үйге кіріп сөйлесейік!
Төр алдындағы төсекке жайғасқан соң:
– Ал, айта бер, не шаруа?– деді. Анау неден бастарын білмеген кісіше бөгеліп
барып:
– Әжеке, қолқа салғалы келдім... қолқа... қолқа,– деп бөтен біреу естіп қалса
масқара болатындай айналасына сақтана көз жүгіртіп алды.
– Біз соғыста жеңеді екенбіз... май тойына колхоз суыт дайындала бастады... Бәйге
болады екен.
Әжімгерей, Сатымның түйткілдеп отырғанын пайдаланып:
– Е, қайырлы болсын! Тойымыз тойға ұлассын!– деді Сақал-Сатым:
– Әумиін! Соған бәйгенің атына шабатын бала іздеп таба алмай... бала біткен түгел
жігіт болып, өсіп кетіпті. Атқа жүк болады... амал жоқ, сізге келіп... қолқа салуға...
– Жарайды, келістім. Мен жеп-жеңілмін, шабайын,– деді қарт. Сақал-Сатым жалма-
жан саусақтарын сақалына көміп жіберіп, иегін қасыды:
– Сіздің баланы, Идаятты қалайын деп едім!
Әжімгерей ойланып қалды. Сосын, осының өзі шын айтып отыр ма дегендей,
Сатымның бетіне үңілді. Анау міз бақпайды. Сақалы күйектей болып отыр.
– Апырай, шырағым, біздің бала тым жас қой. Әлі онға да толған жоқ. Ат
тұяғының астында қалып жүрер. Жалғыздан қалған жалғыз еді! Мені де аясаңдаршы.
Кім біледі, жазым болып қалса... өкініші кете ме.
– Алла сақтайды ғой, Әжеке. Тәуекелшіл едіңіз, тәуекел етіңіз! Тем-ақаң да осы
балаға тоқтаған секілді. Елдің намысы үшін!.. Колхоз демей Сатым ел намысы деп
әдейі өсіріп, үлкейтіп айтты. «Тем-ақаң да осы балаға тоқтаған» дегені, әрине, шіп-
шикі өтірік. Бұл қулықты Әжекең де сезбейді емес, қалай болғанда да алуға келген
адамның әңгімесі осылай болатынын біледі. Қарт толып жатқан сылтаулар айтып,
көнбей қойды. Сатым да беріспеді. Әуелі бір бастап, келген қызметінің атын атап
алған соң, ар жағы оңай: алғашқыдай түйіртпектетпей, қонақ ашық, есіліп сөйледі.
Бірте-бірте дәлелдері де тиянақтанып, бел алып бара жатты.
– Солай-ақ болсын. Сонда шаптыратындарың қандай ат?
– Жетегімдегі. Көзіңіз түсті ме?
Жирен деуге әрі ішіндегі «р»-дан қашып, әрі шалды қорқытып алам ба деп
қауіптенді. Жирен айғырдың мінезі жұрттың бәріне аян-ды. Әжімгерей ыршып түсті:
– Қой, шыр