, тәжірибесіз, әлі
ештеңеден көңілі қалып, қатаймаған ұяң, үркек жанға аз сын емес-ті. Бірақ өнерлі
кісіге тән тәкаппарлыққа салып, тас-түйін боп бекінді де, Қарашаштың мойнынан
құшақтап, еркелеп күлген болды:
– Жәй, әншейін ғой.– Қарашаш көңілі орнығып:
– Ақаң аман болса жақында келеді, айналып кетейін, жұрттың бәрі соғыс
басылады деп жатыр,–деді. Үйеме табақ сары ала етті әкеліп, қонақтардың алдына
жайғастырды. Еділхан ет турады. Ас туралып біткенше жұрттың әңгіме еткендері күй,
күйшілер жәйі болды. Әр қайсысы күй туралы өз ұғымдарын ортаға салуға тырысып
бақты. «Пәлен домбырашының түген күйді тартқаны-ай», немесе: «пәлен күйші түген
күйші отырған жерде домбыра ұстамайды екен» деген сықылды, өздері домбыра
білмейтін адамдардың дүмбілездеу болса да құмарта, шын ниеттерімен айтқан
сөздері бірін-бірі кимелеп, жарыса естіліп жатты. Ортаншы қонақ қызып кетіп: «ана
жылы Дина қатынның өзімен табақтас болғанын» да айтып жіберді. Динаның ғұмыры
бұл өлкеге аяқ баспағаны, оның Жаңақала, Азғыр, Астрахань жағында болғаны,
«табақтас болған» кісінің де бұл ауылдан аттап ешқайда шықпағаны осы
отырғандарға аян-ды. Сондықтан оған ешкім сенбесе де, Сандыбай мазақ еткісі кеп:
– Апырай, ә! – деп өтірік таң қалды.–Еділхан анау шынымен сеніп қалған екен деп:
– Қойыңызшы, ақа! – деді, Қарашаш:
– Ішің жарылсын! – деп дүңк еткізді.
Анау, әрбір өтірік айтқан кісінің көк беттігіне бағып, көпке дейін бедіреңдеп
болмады. Ақырында, жұрт тәлкек қып бара жатқасын: «Әжімгерей қарт көрген
екен»,– деп мойынсұнып, шынын айтуға мәжбүр болды.
– Е, бәсе.
– Солай болар.
– Сүйтіп шыныңды айтпайсың ба!– Қонақ аңдамай айтып қалған өтірігінен қатты
қысылса керек: мойнын ішіне тығып алып, табақтағы етке тап берді...
Қонақтар (жоқ қараушылар десе де болады) асықпай отырып ас жеп, күн екіндіге
таянғанда барып әрең аттанды.
Былай шыға бере Сандыбай:
– Апырай, әйел жынысында мынадай домбырашыны мен бірінші көруім, биләһи,
бұл Дина болады,– деді.
– Өзі сұлу да екен,– деді екіншісі. Сөйтті де көз қиығын Еділханға салды. Еділхан
төмен қарады.
– Тұлпардың тұяғы ғой, көзін көрмеймісің, аумайды.
– Тұлпарың кім?
– Қарашаш екеуінен жаман бала туа ма? – Айтуын айтып салып, өзі қысылып
қалды. Екі серігінің бетіне барлай көз тастады: екеуі де үнсіз, ойланып келеді.
– Жәй айттам, ол замандасым ғой, екеуміз ойнай береміз,– деп жуып-шайды.
– Ойыныңды Қарашаш естімесін.
Еділхан түкке түсінген жоқ. Тек жаңа ғана асты-үстеріне түсіп, ауыздарынан ақ май
ағызып аттандырған үй иесі туралы мына адамның әлденендей бір ерсі сөз айтып келе
жатқанын, жас та болса, шамалады. «Тіміскімей жүрмейді» дейтін Сандыбайды іштей
жек көріп алды.
7
«Жаңа өмір» колхозының орталығында төрт-ақ үй бар, бірі – кеңсе, бірі – дүкен,
қалған екеуі өлген малдардың терісін, алым-салықтаи жиналған сары май, жүн, ол-
пұл сақтайтын қойма мен бастауыш мектеп. Кеңсе мен мектептің әр қайсысында төрт-
төрттен сегіз терезе болады. Терезелердің бәрі кәдімгі бүп-бүтін әйнектен
салынғандықтан, бұл үйлер «Жаңа өмір» колхозының мәдени ошағы ретінде
қабылданады. Ал, дүкен мен қоймада терезе болуы міндетті емес, кіріп-шығатын есік
бар, сол жетеді.
Кеңсе балшықтан салған екі бөлмелі, асты-үсті тақтайсыз кішкене үй. Екі
бөлмесінде де қызыл матамен жапқан бір-бір ұзын стол, жеті-сегізден сырсыз ағаш
орындық тұрады. Бірінде екі күнде бір соғатын басқарма, жиналысқа ғана келетін
басқарманың былайғы мүшелері – ферма меңгерушілері отыруға тиіс-ті.
Басқарма екі-үш күннен бері шаруашылықтан оралмап еді. Бүгін кеңсеге ерте келді.
Колхоздың есепшілері екі әйел орындарына жаңа ғана отырған-ды. Темірәлі кіре
сала:
– Әнеугі жұмыстың нәтижесі не болды?–деп сұрады.
Әйелдің үлкені кішісін иегімен нұсқап:
– Есептеп атыр ғой,– деді – ертеңгі шайімді ішкен жоқ едім, сөйдеді де күнбатыс
жақтағы дөңгелек сулы сордың арғы бетіндегі үйіне кетті. Тем-ақаң кепкісін ұзын
столдың бір басына атып ұрып, екінші басына барып өзі отырды. Ашық тұрған
ортаңғы есіктен Дәмелінің бір иығы көрінеді. (Дәмелі жас, сұлу келіншек.
Басқарманың қатынының орнын» алғысы келмеді ме, дүкеншілікке көнбей, өзі
сұранып есепші болып істей бастағынына аз-ақ уақыт болған.) Анда-санда есеп-
шоттың сырт-сырт еткені естіледі: «Айдананың күншығыс жағында жеті шоқал,
Қазанғап тауының құбыла бауырында бес шоқал»... есеп-шот тырс-тырс қағылған
сайын Дәмелі күбір-күбір сөйлейді: «ұзындағы төрт те отыз бес, ені үш метр... асып
түспесі алты да қырық... ім-м»
Басқарма аудандық «Социалистік жол» газетінің осыдан бір ай бұрын шыққан
санын әрлі-берлі аударып қарап отыр. «Егер жау берілмесе оны құртар болар»
дегенді бас тақырып етіп, семіз әріптермен терілген көлемді мақаланың әр жеріне бір
үңіледі. Біздің әскерлердің жеңісі туралы күмпілдете жазып, астына «саяси шолушы Е.
Сәку» деп қол қойыпты. Басын көтеріп есепшілер отыратын бөлменің есігіне қарады;
Дәмелінің иығы селк-селк етеді. «Жылай ма, қайтеді бұ құрғыр» деп ұмтылыңқырап
байқаса, келіншек алақанымен аузын б