ағым, басымды қатырма! Балам жирен айғырға мінетін болғанда өзім
айтармын. Әңгіме осымен бітсін!– деп шалқая кетті. Сақал-Сатым жиреннің әбден
езіліп, жуасығанын «баспақ құсап» былжырап жүре беретін көнбістігін айтып
болмайды. Әжімгерей жұлып алғандай ғып:
– Айтпақшы, ол жүйрік пе еді? Жиренді бәйгеге қосам дегенді шығарып жүрген
кім?– деп сұрады.
– Ешкім де емес, мен.
– Онда өзің шап. Жиреннің жалы мен сенің сақалыңнан ұялса бәйгелерін берер.
– Әй, Әжеке-ай,– деп күліп жіберді Сатым.– Бұл өте күшті жылқы. Сейсімет осыдан
Қошалақтың кеңсесіне шейін шапқанда құлағының түбі ғана жіпсігенін талай
байқағанмын. Сонсоң... нағыз жел-тұяқтың өзі. Қыза-қыза келгенде мұның алдына ат
түспейді. Нанбасаңыз өзіңіз байқаңыз. Мал танитын адамсыз ғой.
Әжімгерей қисайып жатып ойға кетті, «бұл ғой бұлай деп отыр. Жиренді күшті
дегенге сенемін. Жүйріктігін қайдам. Сатым ақылсыз кісі емес, – ертең бір-екі рет терін
алғасын, түк шықпасына көзі жетеді де, айғырды үйіріне қосады. Біздің бала ат десе
жанын қиюға дайын. Несі бар, құмарынан шықсын. Және сұрап отырған анау-мынау
адам емес, Сақыл-Сатым. Ол өлер жерін білсе керек». Бірақ әзірге сыр ашпауға
бекінді.
– Мұндай күшті жылқыға бала мінгізіп қажеті не? Ерттеп мін де өзің шап. Жирен
топырақ артып мінсең де ауырламайды.
Сатым қара баланың ат құмар екенін, оның үстіне атқа жақсы отыратынын айтып
сайрап-ақ бақты. Қанша қу болғанымен, Әжімгерейдің ішінен келісіп қалғанын
аңғармады. Ертең бәйге алса балаға да, колхозға да үлкен абырой келетінін дәлелдеп
соқты. Бәйгеге шапқандардың ішінде бұдан жасы болмайды, ана колхоз пәленнің,
мына колхоз түгеннің зіңгіттей-зіңгіттей жігіт балаларын дайындап жатқанын әжуалай
әңгімеледі: Тіпті, осы колхоздың бұрын шауып жүрген өзге үш жүйрігіне мінетін
балалары да өңкей үп-үлкен кісілер болып кеткен-ді. Осының бәрін қайта-қайта
тәптіштеп, нығарлап сөйлеп отырып алды.
...Бір сағаттай уақыт өткенде, жүзі бал-бұл жанған кішкене қара бала Сатымның
атына, Сатым жирен айғырға мініп, Әжекең үйінен күнбатысқа қарай шоқытып бара
жатты.
Сақал-Сатым артына қарап-қарап қояды. Қара бала үзеңгіге жетпеген аяғын
таралғыға салған. Тепең-тепең дамылсыз тебініп келеді. Құла биенің екі қабырғасынан
екі аяғы қылтың-қылтың етеді. Сатым: «Көп тепеңдеме, жігіт кісі атты тебінбейді,
қамшылайды»,– деп ескертті. Бала тебінгенін қоя қойып, Сатымның өзі құсап оң
иығын қомдай көтеріп, сипай қамшылайды. Анау: «Е, солай, міне жігіт»,– деп мақтап
қойды.
Сатым бұл баланы бұрын ауылдың көп «қара домалақтарының» бірі есептейтін.
Былтыр жазда осы бала Еділханға еріп, ақсақ жылқышы Мәсәлімнің үйіне барады.
Сатым келгенде Мәсәлім, Еділхан, Идаят қара үшеуі үстінде ері бар асау шабдар
тайды құдық басында мойнындағы арқанының ұшынан ұстап үркітіп, тулатып жүрді.
Еділхан тай үйретем дегенде, әрі аяғы жарымжан, әрі жасы ұлғайып қалған Мәсәлім
өзі міне алмайтын болғасын қарсылық жасамайды, қайта қуанып кетеді: жылқының
бас біле бергені мақұл. Бірден мінуге жүрексініп, шабдар тайдың шабын терлетіп
жатқан беті еді. Сонда осы Идаят Мәсәлімге: «Тайды әуелі мен мінейінші... бере
қойыңызшы деймін, бере қойыңызшы»,– деп жалынған. Алдап та, қорқытып та
бетінен қайтара алмаған жылқышы әбден шаршаған соң: «Менен рұқсат, Еділхан
көнсе... тай енді сонікі ғой»,– деп құтылады. Бала Еділханға жалынады. Асау біраз
шаршады-ау деген мезгілде Мәсәлім шабдар тайды құлақтап тұрып Еділханға: «Ал,
бол мін!»,– дейді. Еділхан манадан бері соңынан қалмаған баланы көтеріп алып, ерге
қонжита салады. Қапелімде кімнің мінгенін аңғармай қалған жылқышы тайдың басын
қоя береді. Асау ата жөнелді. Үш-төрт мөңкігенде үстіндегі бала бөріктей ұшты.
Үлкендер баланың құлап жатқанын бір-ақ көрді. Идаят ауырсынып жылаудың
орнына: «Қапы кеттім, қапы кеттім!» – деп қайта ұмтылды. Енді ешкімнің батылы
бармайды. Қайтып мінгізбейтініне шын көзі жеткесін қара бала шабдар тайдың арт
жағынан аңдып келіп, қамшымен тартып қалды. Тай қос аяқтап теуіп-теуіп жіберді.
Қақ маңдайдан тиюге құрттай жетпеді. Бағанадан қызық көріп, оқшау тұрған Сатым
шошып, баланы ұстай алады, анау жұлқынып қолынан шығып кетті. Анадай жерге
барып отыра қалып, жер тепкілеп жылады.
Сонда-ақ Сатым:
– Мына бала ма, мына бала...– деп басын шайқаған. Сол Идаят бүгін, міне, бәйге
атына мінгелі келеді. Өзін біреудің ат түйедей қалап, сұрап алғанына дән риза. Сатым
бетіне қараса, жөн жоқ, жосық жоқ езуі құлағына жеткенше ыржияды. Ауылға
жақындағанда:
– Ақа, бір күн сіздің үйге, бір күн біздің үйге қонамыз ғой, ә? – деді.
– Иә, айналайын. Кәкеңмен солай келістік қой, о кісіні ешкім алдамайды.– Бұлар
қазыққа тақай бергенде алдарынан иттермен бірге Сатымның әйелі, Қуантайдың
кемпірі шықты. Екеуі қабаттаса:
– Апырым-ай, Әжекең қарғадай баласын қалай берді? – деп таңданысты. Сатым
үндемей атынан түсе берді. Қазира кемпір:
– Сүйтеді бұ қарттар. Бұлар сондай еді ғой... бұлар осындай енді!– Аузын бір сылп
еткізді де, үйіне кіріп кетті. Сатым әуелі жиреннің, сосын құла биенің көпшік
терліктер