Өндіріп жазып келе жатқан ақындарымыздың бірі Тұманбай Молдағалиевтің кейінгі кітабы "Ескерткішке" ақынның, негізінен, жол-сапар әсерлері, көңіл күйі жырлары енген. Тұманбай - нәзік, сыршыл ақын.
Қазіргі өлең өнері, тағы да айтамыз, өскен өнер. 40-50-жылдары жазылған жап-жақсы өлеңдеріміздің кейбірі бүгін қарасаң ескіріп, ол жылдары шаққан биіктеріміз аласарып қалыпты. Бұл - заңды нәрсе. Бірақ, шын мәніндегі жақсы шығарма ешқашан ескірмеуге тиіс. Спортта спортшылар күнбе-күн рекорд жасай бермейді. Олар рекордты өздерінен өздері озған шағында ғана жасайды. Мұндай шақ адам өмірінде біреу бола ма, он бола ма - оны айту қиын. Осы қағиданы поэзияға да қолдануға болады. Әр ақынның өзінен өзі биік шығатын, өзінен өзі озып кететін кездері болса керек. Сәбиттің "Майға сәлемін", Қасымның "Байқалын", Әбудің "Ақша бұлтын", Әбділдәнің "Аралдарын", Хамиттің "Жайық жырларын", Қалижанның "Махамбет қабіріндегі тебіренісін", Сырбайдың "Ақын мен толқынын", Жұбанның "Жыр туралы жырын", Қуандықтың "Реквиемін" т.б. ақындардың жекелеген туындыларын біз осындай озық үлгілер санаймыз. Біздің кейінгі ақындарымызда жақсы өлең көп-ақ. Жақсы кітаптарымыз да бар. Бірақ жақсының жақсысы, жаңаның жаңасы болмай ма, Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді. Осы жағынан қарағанда, "пәленнің пәлен өлеңі-ай, шіркін!" деп тамсанатын үздік шығарманы біз алғы күннен күтіп келеміз. Қазір ақындарымыз ойлану, толғану үстінде. Алда В.И. Лениннің туғанына 100 жыл, Қазақстанның 50 жылдық мерекелі асуы тұр. Осыған байланысты үздік көркем шығармаларға конкурстар жарияланып жатыр. Осы асулар бір шаң берер, бір сілкінер деп сенеміз.
("Қазақ әдебиеті", 1969 жылғы 9 мамыр)