ЖЫЛ ҚАНАТЫНДАҒЫ ЖЫР
Біз "Жазушы" баспасынан 1968 жылы шыққан 70 шамалы өлең кітабын оқып шықтық. Бәрінің де жырлайтыны - бүгінгі заман: космос пен химия заманы; бұл заман тұрмыстағы тыныштықты қандай ұнатса, махаббаттағы мазасыздықты, творчестводағы тойымсыздықты сондай ұнатады екен.
Өнерге тән өміршеңдік, өмірге тән ерлік бар. Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екен - дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын да - өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. Біздің оптимизм деп жүргеніміз, бір сөзбен, өмірге сену деген сөз. Ал, өнер - осы сенімнің айнасы.
Өмірге сену, оны дәріптеу - алдымен өнерге сену, өнерді дәріптеу екені хақ. Ақын Әбділда Тәжібаев:
Патшалар өліпті,
палуандар өліпті,
Емендер сыныпты,
темірлер сыныпты.
Қай ақын, қай жерде,
қай жылы сөніпті?
Қай құдай ақынның
өлгенін көріпті?! - деуі осы сенімнің арқасы.
Қалижан Бекхожиннің "Қайран жастық" жинағы туралы баспасөз бетінде жақсы-жақсы пікірлер шығып жүр.
Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты. Шашына қарап-қарап шал есептеген адамдарыңыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз, жаңағы ойыңыздан ұялып қалады екенсіз. Мұндай "шалдарымыз", әрине, көп емес. Санап кетсеңіз, бір қолдың саусағына да жетпейді. Қалижан Бекхожин өлеңді төгіп-ақ келе жатқан ақын. Өлеңдері барған сайын от алып, барған сайын жаңарып, жасылданып бара жатқан сияқты. Шаш ағарған сайын жыр бағы көгере түсетіндей. "Шыққан күннен күтем ылғи жаңалық" дегені сықылды, ақын ылғи да бір жаңа тіркес, жаңа ой, жаңа ырғақ іздейді. Көбіне-көп табады да. Ақын бағыбан сықылды: жыр бағының әр түбін күніге он түртіп, қисық өскен бұтағын қырқып, түзулерін мәпелеп, ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі - творчествоға қас нәрсе. Бұл - жасқа да, кәріге де ортақ.
Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы - әжім, жаңбыры - тер, еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады. "Махамбет қабіріндегі тебіреніс" алдымен ақынның өзін-өзі қайрауы, өзін-өзі жауапқа алуы деп түсінеміз.
… Ал, мен -
Боқсақтағы боз қамыстай,
Тоғышарға иілген,
Бошалақпын, боз баспын.
Қойшы мінген жабымын,
Бәйгіге түсіп озбаспын…
Сен, бейне
Мұзды балақ қыран ең,
Қанатымен тас жарып,
Ажалын күткен қиядан.
Мен кейде
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме,
Сенің әруағыңнан ұялам.
Осы өлеңді естісе, Махамбеттің өзі де мәз болар еді. Қалижан поэзиясы - қашаннан адуын поэзия. Ол шым-шымдап еппен тартуды білмейді, ұстағанын жұлқып тартады, не жұлып алады, не шалқасынан түседі. "Қайран жастық" - негізінен, жақсы кітап, бірақ осы жақсы кітап үшін де "Махамбет қабіріндегі тебіреніс" - оқыс жақсы өлең.
Қазіргі қазақ лирикасы - өскен елдің лирикасы. Қазіргі өлеңде бос сөзге орын жоқ. Әрбір өлеңнің көтерер жүгі нақтыланып, көздегені көрініп келеді. "Тисе торғайға, тимесе терекке" дегеннен арылдық. Мұны бір сөзбен өлеңнің сыйымдылығы (емкость стиха) артты дейміз. Поэзия нақтылығы дегеніміз де осы төңіректегі нәрсе.
Өнерде жақсы-жаманды айыртатын талғам екені рас. Талғам - таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркін. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал, сол талапты өзіне қоятын адам кемде-кем. Өзіне сараң, өзгеге жомарт жандар екінің бірінен шыға бермейді. Қолдан келсе дәл сондай болғанға не жетсін! Қуандық Шаңғытбаев жұртшылыққа "Ар" атты кітабын ұсынғалы ширек ғасыр болыпты. Әрине, ширек ғасыр ішінде ақынның талай жинақ беретін мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол - аса талғампаз, сараң ақын.
Қ. Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде, өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл - ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса, одан артық поэзия бола ма?
Ғафу Қайырбековтың баспадан жаңадан ғана шыққан жинағы "Алтын бесік" деп аталады. Бұған ақынның соңғы бірер жыл ішінде жазған, негізінен, жол-сапар жырлары енген. Ғ. Қайырбеков - нені де болсын түйіліп келіп түйдектеп тастайтын, айтқыш, жарма жыршыларымыздың бірі.
Алдымен ақын көңілінің құпиясын, сырын, стилін түсінуіміз керек. Бізге сырын сеніп айтқан адамға біз де сенуге тиіспіз ғой. Мен Ғафудың осы жолдарына сенемін, иланамын. Ал, сендіре білу қуатты ақынның ғана қолынан келетін шаруа екені кімге де болса ақиқат жай.
Өнер туралы, өмір туралы, беріктік, тұрлаулылық туралы ең әсем, ең қимас сырларын да ақындар осы туған жер өрісінде жақсы айта алатын сықылды. Жаңаша айтайын, жақсы айтайын деген игі талпыныс үлкен тақырып алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетіні белгілі. Тұрсынзада Есімжановта:
"Опасыздық еткен адам Отанға
Сатылмай қоймас" - деген жолдар бар.
Біздіңше, сәтсіз, үстірт жолдар. Отанға опасыздық етуден өткен қандай сатылу болмақ?! Жалпы, опасыздықтан өткен сатқындық б