Талантты ақындарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың "Алатау, ассалаумағалайкүм" атты өлеңі бар.
Мақатаев поэманы да, өлеңді де көптеп, топтап жазып келе жатқан адам. Маған салса, оның басқа барлық жазғанын таразының бір басына, осы өлеңін бір басына салар ем. Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма осы өлең қатты ұнайды. Адамның қара көзімен ойнайтын сиқыр емес, қасық қанымен ойнайтын сиқыр бұл! Сырттай қарағанда осы өлеңде пәлендей әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тың теңеу, соны образ, терең ой сықылды, өлең атаулының бәрінен талап етіліп жүрген қасиеттер де байқалмайды. Кейде өлеңді бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алуға болады екен. Осындағы орынды қолданылған: "жарықтық", "босаға", "ассалаумағалайкүм" деген үш сөз өлеңді жақсы көтеріп кеткен.
Ал, ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болу керек. Дәуір тынысы, уақыт үні деген дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес: Ол ұмтылып барып, іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен, уақыт рухы берілмейді.Уақыт рухын бере алатын де адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде уақыт рухы қағаберіс қала алмайды; өйткені әрбір азамат - алдымен өз кезінің ұлы, өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы, бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны - айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма - дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы.
Кейбір ақындарымыздың жинағын оқығанда, жақсы өлең таба алмай дал болады екенсіз. Әдетте біз мұндай жинақтар туралы ештеңе айтпауға үйреніп кеткенбіз. Баспадан кітап шығып жатыр. Бірде-бір жолының асты сызылмайды. Өйткені, бәрі дұрыс. Ұйқасы бар, ырғағы да бар. Қанша буынмен бастаса, сонша буынмен бітіреді. Сыртынан қарағанда жұп-жұмыр, теп-тегіс. Оқылғанда да мүдірмей оқылады.
Түнде ұзақ отырып қалыппын,
Құлаппын төсекке қалжырап.
Дей алман: "ұйқыға қаныппын",
Мен үшін "кідірмес" таң бірақ.
Бұл - Әбірәш Жәмішевтің "Күміс кірпіктер" атты өлеңінің бірінші шумағы. Әбекеңнің геройы түнде кеш жатқаннан таңертең ұйықтаңқырап қалыпты. Бетіне күн түсіп тұр екен. Бар болғаны осы. Осы үшін қырық жолдай өлең жазылыпты. "Күміс кірпіктер" атты бұл өлең - жинақтағы ең басты өлең: жинақтың өзі осы өлеңнің атымен аталыпты. Жинақта мұндай өлеңдер біреу болса, кешіруге болар еді. "Күміс кірпіктер" кітабына енген өлеңдердің дені осы деңгейлес жатса, қалай налымайсың.
Өкім Жайлауов кітабын "Шопан дауысы" деп атапты. Жақсы тақырып, керек тақырып. Жинаққа алпыстан астам өлең еніпті. Бәрі де дұп-дұрыс, бәрі де мап-мақұл. Бірақ осы дұрыс нәрсенің бәрі поэзия бола бермейді екен. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған ойлар, қиыса-қиыса қиюы қашқан ұйқастар.
Қазір сенің дей алман жолың тараң,
Игіліктің төліне толы қораң.
Қаһарыңнан қаймығып қалт-құлт еткен,
Ақ қар, көк мұз, түтеген долы боран.
Бұл - шопан туралы өлеңі.
Тездетіп бар да, үйінен
Акушер қызды кел ертіп.
Көңілімде толғақ жиілеп
Күпті ғып қойды елертіп (?).
Бұл - "Толғақ" деген өлеңі. Әріптеп іздеп, әдейі табылып алынған жолдар емес, Өкімнің кез келген өлеңінің кез келген шумағы осындай деуге болады.
Қадыр Мырзалиев - ақындық тапқырлығымен, ойының нақтылығымен ерекше көзге түскен ақын. Ол нені айтса да дәл айтады, тауып айтады. Өнер алдындағы өз жауапкершілігін бүкіл ел, заман алдындағы парыз-міндет деңгейіне дейін көтере білген, шын мәніндегі мәдениетті ақын. Поэзияның осындай бейнетқоры Қадыр Мырзалиев - жастар аталатын кейінгілердің ішіндегі ең көрнектісі. Ол өлеңді төгіп-ақ жазып келеді. Бірақ, Қадыр кейде қарапайым айтам деп, қарадүрсін айтып алады, түсіндірем деп ежіктеп кетеді. Керек нәрсені айтам деп кез келгенді айтып салады. Содан барып арзан, Қадыр қаламына татымайтын, тайыз жолдар туып қалады. Мұндай өлеңдер Қадырда өте аз, бірақ жоқ емес. Осы жағын талантты, талғампаз ақын ескерер деп ойлаймыз.
Сағи Жиенбаевтың жыр арнасында күркіреген көк толқын жоқ. Оның толқыны - бәсең ағатын, сабырлы, мінезді "Ақ толқын". Күркіреген көк өзенде көбік те көп болады ғой. Сағида ондай болмайды.
Қашаннан тауда жүргендер
Қасиетін білер бір гүл бар;
Құбылмайды өзге гүлдердей,
Қызықпайды оған бұлбұлдар - деп өзі айтқандай, Сағи ақын біреу қызықсын деп "құбылуды" білмейді. Ылғи да бір мінез, бір принцип. Барын орынды, ақылды пайдаланады. Сағи - шебер ақын. Оның әр сөзі орнында, әр бояуы керек жеріне ғана жұғады. Атқаны нысанаға дәл тиеді. Бұл - ақынның өлең ісіне ұқыптылықпен, сақтықпен қарауының арқасы, соның жемісі.
Төлеген Айбергенов сыршыл, жанып айтып, жарылқап тастайтын жақсы ақынымыз еді. Оның ақындық мінезі ер болатын. Жұлқынып, қызу сөйлейтін. Ежелгі халық поэзиясының отты, сазды р