шытып отырып-отырып:
– Деньги не нади, малаки многи,– деді.
– Сиз алмайды. Сиз бай...
Еркек есікке қарай кеткен мұрынының соңынан еріп, шыға берді. Қыз да шығуға
ыңғайланған, шал ымдап тоқтатып, иегімен төсекті көрсетті:
– Отыр!–
Анау сәл бөгеліп қалды, сонсоң аяғындағы қонышты шебелетін шешіп тастап, келіп
отырып алды.
– Кемпір, шәй қайнат,– деді Әжекең, өзі бір иман жүзді адам екен.– Қонақ
әрқайсысының аузына бір қарап, аңқайып қапты. Кемпір шай қамына кірісті. Еділхан
тілмәш болып, қарт пен қыз біраз «сөйлесті». Бірақ ешкім ештеңе ұғып жарыған жоқ.
Орыстың сөзіне жөнді түсінбеген тілмәш долбармен соғады. Қазақтың тілін білгенімен
аудару қиын. Сөздік қоры жетпейді. Амалсыз өзінің білетін сөзін айтады. Ол сөздің
бұл жерге үйлесер-үйлеспесін өлшеп-пішіп жататын жағдай бар ма, қалай болғанда,
өзінің оқымыстылық беделін түсірмеу жөн. Еділхан осы жағына күш салды. Ана екеуі
екі тас керең құсап, шай пісірім уақыт екі жаққа лақты да отырды. Бірақ, әңгіменің аяқ
жағында, екеуі де тілмашқа күдіктене қарай бастады. Өйткені, біреуі қайғылы
бірдеңені сөйлесе, екіншісіне түк әсер етпейді. Демек, сөз дұрыс жетпей жатыр.
Сонымен, қыз бен қарт әр қайсысының өз сөздері емес, екеуіне арнап Еділхан ойдан
шығарған қойыртпақ әңгімені тыңдап уақыт өткізді. Тілмәш екі қуыршақтың аузын
қимылдатып қойып, екеуінің де сөзін өзі айтып отырған артистке ұқсады. Ана екеуі
қанша күдіктенгенімен, Еділхан өзінің бұл рөліне риза болды. Екі бірдей адамды
кезек-кезек жалтақтатып, бетіне қаратып отырғанға не жетсін!..
Қыз шай ішіп кетіп қалды. Есік ар жағынан жабылысымен кемпір басын шайқап,
таңдайын қақты:
– Әй, Алла-ай, орыс та шайға терлейді екен!
Ана екеуі үндемеді. Тағы да:
– Анаусы қазақшаға судай ғой өзі,– деді.
– Иә. «Көп ақшаны» біледі.
– Саған-ақ кісі жақпайды, әйтеуір.
Қарап отырғанша о да бірдеңе айтқысы келіп:
– Өзі базарда істейтін кісі секілді,– деді Еділхан. Ондағасы Қанішкенде оқып
жүрген кезінде базар аты бар, айналасы ашық, үстіне далда жасаған тақтай-сәкілерді
көп көрген. Жұрт айран, сүт, қаймақ сықылды тағамдарды шәшкелеп, стакандап
сатады. Сатушылардың дені татар мен орыс. Қазақ еместердің қазақша сөйлегенін де
тұңғыш рет Еділхан сол базардан естіген-ді. Тегінде, өзінің де, өзгенің де тілін
бүлдіретін базар, сауда саттық маңы болса керек. Өйткені, сатушы алушының тілін
білуге тиіс. Әйтпесе сауда жүрмейді. Білгенде қайбір жетістіріп біледі. Әйтеуір
түсіндіре алса болды. «Пәлен сом, пәлен тиын», «аз-көп», «арзан-қымбат» дегендерді
сатушы кім де болса, алдымен үйренеді. Орыс болсын, қазақ болсын, әйтеуір, сауда
істеп тұрған адамның тілін сіз қанша бұзып сөйлесеңіз де ол оған ренжімейді. Себебі:
Сіздің сол балдыр-батпақ сөздеріңіздің артында ақша тұр. Ақша! Ақша төлейтін
кісінің тілі жаман болушы ма еді! Тіпті, боқтап жатса да, бір түрлі, әсерлі, күміс
санағандай, сыңғырлап естіледі. Сатып, алып үйренген адамдардың сөзі: «коп акша»,
«мене сиз алады» болып келеді. Еділханның манағыны: «базарда істейтін кісі секілді»
деуінің мәні сонда еді. Қанішкен тұрмақ Астрахань құсаған үлкен қаланың базарын да
көрген Әжімгерей қарт жас та болса, байқап қалған Еділханның мына пікірін теріс дей
алмады. Қайта қостап қойды:
– Дұрыс айтасың. Ол қазақшаны қайдағы бір жаман қазақтан үйреніпті. Ал,
қазақтың жаманы базар айналасында жүреді.
Еділханның манағы тілмәштігінің түбі шикілеу екенін аңғарса да, сыр білдірмей
отырған қарт күліп:
– Қазақшасы сенің орысшаң сықылды,– деді: Еділхан ұялып қалған сыңай
көрсетті. Бірақ оның ұялғаны, ұялмасам ұят болар деген кісінің ұялуы-тын.
Өмірге, айналаға үйреніп, қулық-сұмдықты аздап та болса түсініп қалған бала-жігіт
соңғы кезде өзін естияр санай бастаған-ды. Әйелдерше қақ маңдайынан айырып
қойған жылтыр қара қоңыр шашын, иегіне, жоғарғы ернінің үстіне шыққан балапан
түктерін, тіпті апасына көрсетпей тартатын шылымын да сол естиярлықтың белгісі
есептейді. Бірде-бір күйді аяғына шейін ойнап шыға алмағанмен, бас-аяғы жеті-сегіз
пернеден бітетін әндерге жететін домбырашылығы тағы бар. Өзі тұстас дүбәра
жігіттердің арасында ән де салады. Домбырасын шіңк-шіңк шертіп, «ахо-оу...», «охо-
оу» деп қояды. Бір ғажабы, аузын ашса болды, қолы далаға кетеді. Үнін домбыраға
ғұмыры қоса алмайды. Ғарифолладай дауысты кісі құсап, ішекті шыңғыртып кеп
бұрайды. «Ахоууу», «охо-оуу» дейді. Көмейіне топырақ төгіп қойғандай дабысы
ауыр естіледі. Мұнысын қулығы, айласы арқылы білдірмеуге тырысады. «Ахоуу»
дегенде, бәрібір пернеден адасатын болған соң, қолын ішекке жолатпайды. Аузы
жабылғанда барып, саусақтарын «іске қосады». Сонымен әрі тартып, әрі айтып
отырған боп көрінеді. Әрине, бұлай ету үшін де өнер керек. Үнінің нашарлығын біліп,
көбіне-көп, күшті әнге емес, сөз жағына бөледі. Айтушы өзі, жас жігіт болғандықтан,
сөзінің ішіне қызды қосып жібереді:

«Көкбестім былтыр айғыр, биыл пішпе,
Қыздары Қошалақтың елу үште», ахо-ооу!

– Әй бәрекелді!.. Ой, маладес!
Бұдан артық мақтаудың керегі жоқ. Мына екі жол өлеңнің Еділ