асып алып, тұншығып күліп отыр.
– Әй, неңе жетісіп отырсың?
Үн жоқ.
– Не болды дейім мен саған!
Үн жоқ. Даусы шығып кетпес үшін аузы-мұрнын қоса басса керек, тынысы ауыр,
үзіліп-үзіліп естіледі. Иығының басы мезгіл-мезгіл жұлқынып-жұлқынып алады,
сонсоң бір қалыпты селкілдейді.
– Әй, неге күлесің деймін!
–...Әншейін... мына... шоқалдар...
Шайін ішіп қайтып келген бас есепші, екеуі екі бөлмеде, кеңсені басына көтеріп
күліп отырған Темірәлі мен Дәмеліге шошына қарады. Басқарма көзін сүртіп, қабағын
шытты:
– Есептеп болдың ба? – Анау да күлкісін тыя қойды:
– Болдым.
– Қаншасы шоқал екен?
– Алпыс төрт бүтін оннан алты проценті.
– Қатырған екенбіз!
...Әнеугі, үйіне кейіп келген күннің ертеңіне, Темірәлі колхоз активін жиып алған,
барлық маяның астынан шыққан шоқалды өлшеп, есебін шығаруға бұйрық еткен-ді.
Пішеннің үйілген орнынан жаңылмас үшін, шөп бұзғандардың бірін, комиссия
құрамына әдейі кіргіздірді. Соның ішінде Дәмелі де бар-ды. Бүгінгі есеп комиссия
тексерген сол төрт күндік жұмыстың қорытындысы... Ана шеті мен мына шеті атпен
жүрген кісіге, күндік жер «Жаңа өмір» колхозының байтақ шабын даласын аралау,
әлдеқашан тасылып, желініп қойған маяның орнын табу да оңай болған жоқ...

8
– Здравствуй, мама!
Кәржік мұрын, секпіл бет, сары қыз пештің маңдайына сүйеніп тұр. Кемпір жүн
түтіп отырған, есік ашық-ты, мына қыздың үйге қашан кіргенін білмей қалды.
Бейтаныс жүзге таңдана қарады: көзі көкпеңбек, күлім-күлім етеді. Тұла бойында,
жатырқауға болмайтын жақын, жылы бірдеңе бар.
– Здравствуй, мама!
Здравствуйге түсінбегенмен, мама дегенге түсінді:
– Қарашы мұның, көзі көкшиіп алып мама деп мөлиюін?! Менің бір ұзатқан
қызым құсап! Қайдан пайда болдың өзің?.. Пері сықылданып?
– Что, что?
Кемпір что дегенді «ұшты» деп түсініп, түтіп отырған жүніне көз салды.
– Кет әрі, жел жоқ неге ұшсын! Үйдің ішінде жүн ұша ма? Алдауын шайтанның!–
Анау иығын қиқаң еткізіп:
– Меники не понимает,– деп жымиды. Жаңа байқады: қыз бір қолымен пешке
сүйеніп, бір қолын артына жасыра ұстап тұр екен. Кемпірдің денесі түршігіп кетті.
Артындағы жасырын қаруымен мұны байқатпай салып қалатын сықылданды. Жалма-
жан жүнді жинап, құлын терісінен тіккен жып-жылтыр талысқа тықты да, етегін сілкіп
түрегелді. Екі көзі қызда.
– Мама, мне молоко... у меня ребенок,– деп, кемпірдің тасасынан өзіне ұрлана
қарап тұрған кішкене сары қызды көрсетті. Кішкене сары бақырып қоя берді.
– Не плачь, моя милая, не плачь,– деп жұбатпақ болып ұмтылып еді, сәби одан
сайын бақырды.
– Әй, не керек өзіңе? Қорқытпа баламды!
– Уф!– деп маңдайын сүртті қыз.
– Уһілеуін, менің малымды суарып келген кісіше!
– Мама, мне молоко... дағдара ойланып сәл тұрды да, кенет мама сүт бер!– деп
айқайлап жіберді. Артына ұстаған сырлы ақ кострюлінің қақпағын ашты.
– Е-е, қарағым-ай, сүт керек екен ғой саған? Соныңды айтпайсың ба? Көзіңді
қайнаңдатып баламыз екеуміздің зәремізді алғанша! Кемпір ана жаққа, қазанға
ұмтылды. Казанда ортан белінен жоғары, сары қаймақтанып піскен сүт бар-ды.
Қызға:
– Ыдысыңды әкел – деп ымдады. Анау кастрюлін бере қойды. Кемпір сүттің
қаймағын үлкен ағаш ожаудың сыртымен ысырып тастап, «біссіміллаһи» деп құя
бастады. Ыдысты төрт елі толтырмай сүт құйып берді. Анау:
– Ой, большое Вам спасибо! Так много... так много,– деп, ыдысындағы сүттің
деңгейін тырнағымен сызып көрсетеді. Онысын, осынша көп сүттен жарытпадың-ау
деп өкпеледіге жорып, кемпір үстіне тағы екі ожау құйды:
– Өзімізге де қалсын, айран керек қой. Бала-шаға бар.
– Большое, большое Вам спасибо! Прямо я не знаю чем отплатить... Вы очень
добрый человек! Спасибо, мама!–- деп, қыз кемпірді бас салып құшақтап, самайынан
бір сүйді де, сүтін алып шыға жөнелді. Кемпір танымайтын орыстың қызымен осынша
оңай түсінісіп тіпті, оған сүт беріп, ризалап жібергеніне қатты қуанды. Жаңағы
сүйген жерін сипап-сипап алып көзіне апарды: іштеңе көрінбейді... әлгі қарты түскір
қайда жүр? Мұны орыстың қызының құшақтап сүйіп жатқанын көрмеді-ау!
Әншейінде: «ай кемпірім-ай, ақыл жоқ қой сенде»– деп қойып сақалын тарамдағанда,
дүниедегі ақылды адам жалғыз өзі сияқтанады. Енді не айтар екен! «Ақыл жоқ қой»!
«Ақыл жоқ қой». Орыс ақылы жоқ кісінің самайынан сүйіп ақымақ дейсің бе! Жақсы
көрмесе кісі сүйе ме?» Кемпір осылай ойлап, мәз боп алды.

...Кішкене қызын қолынан жетектеп апарып, бір тостағаи айранға шикі қаймақ
қосып ішкізді... «Тойдым, енді ішпеймін» дегеніне болмай зорлап тауысқызды. «Әлгі
қарты түскір қайда жүр?» Құдыққа қара інгенді суара кеткен Әжекеңді асыға күтті.
Орыстың қызымен қалай «сөйлескенін» айтып, ғұмырында бір мақтанғысы бар.
Әбден күттірген қарты да келді. Қасында Еділхан. Өзі жоқта үйінде нендей үлкен
жаңалық болып өткенінен бейхабар Әжімгерей отырар-отырмастан бөлменің ішінде
әрнені бір ұстап көріп, қайтадан орнына қойып жүрген кемпіріне:
– Кемпір, Еділханға ақ берші,– деді. Кемпірі бетіне жақтырмай қарады, бірақ
үндеген жоқ.
– Кемпір, Еділханға ақ берші.
– Кеміріліп