тті. Апасы домбыра ұсынып жатып:
– Тартып жіберші, айналып кетейін, мына ағаларың естісін,– деді. Күйші, мынау да
аға ма дегендей, Еділхан жаққа жаратпаған пішінмен жанарын бір төңкерді де,
домбыраны қолына алды. Сәл кейін сырғып кеткен «шайтан тиекті» орнына қойды.
Қырындысын әбден алып иірген қой шегінің ар жағынан күн көрінетіндей. Есті қол
жанап қана өтсе жарытқалы тұр. Дыбысын шығармай, еппен бабын келтіріп алды. Үш
қонақтың үшеуі де малдастарын құрып, жақтарын таянып қапты. Сандыбай әлі де
домбырасының о жер, бұ жерін шұқылап, бөгеліп отырған жас қызға:
– Ұялма, шырақ, тарта бер,– деді.
– Жоқ, ол ұялмайды,–деді Қарашаш. Талжібек бірінші пернеден бастап, асықпай
теріп отырып, сағадағы ең соңғы пернеге жетіп бір-ақ тоқтады. Сонсоң қақпаққа
тигізбей, жидірмелете қағып-қағып жіберді.
– Жаным-ау мынау... Тесіктамақтың өз үні ғой?!
Әуелі Құрманғазының «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Серпер» секілді, бұл
өлкеге көп тараған күйлері тартылды. Домбыраның бұрауын түсіруден әріге бара
алмайтын осы отырғандардың өздері де жас күйшінің қол алысында әлденендей бір
тың дыбыс, соны мінез бар екенін аңғармай қала алмады. Саусақтары нәзік
болғанымен, алымды, әлуетті көрінді. Перне қуып, селкілдеп, қалтылдамайды, жай
ғана, жұмсақ, жуас жорғалайды. Әр саусағының астында бөлек бір діріл, бөлек бір
сезім бар. Керекті, шешуші пернеге қадала кеткенде, адамның жүрегін шымырлатып,
жанын суырады. Домбырашының қол ептілігін, саусақ шеберлігін паш етуге
тырыспайды, бұл қайта, соны жасыруға, бүркеуге күш салатын сияқты. Жан ажары,
көкей көркі жасырған сайын жанып, жарқырап ашылады. Өзі бірте-бірте еңкейіп, екі
бүктетіліп барады. Оң жақ қолтығына қысқан қара домбыраның үлкен шанағы
бүйіріне сіңіп, жоғалып кетіпті. Бауырына қысқан сайын күй үні домбырадан ғана
емес, күйшінің өз көкірегінен де шыққандай, күңірене күмбірлейді.
Құрекең күйлерінен кейін Дина, Салауаткерей кетті. Даланың сирек елінде сирек
кездесетін «күркелі» күйшілердің қай-қайсысы да қолына домбыра алғанда, алдымен,
Жалды-Құрманғазыдан бастайтын. Қай жерде болсын қарттар жағы: «Ұлы аруақ қой,
аттап кетпе, шырағым, сонан баста!» – дейді. Талжібектің де жаңа «Қайран
шешемнен» бастауы сол ұлы аруақтан, әрі қарай тартылатын күйлеріне сәт сапар,
медет тілегені іспетті еді. Жалдының тентек, адуын күйлерінен гөрі қыз жанына соңғы
екеуі жақынырақ-ты. Мұны әккі тыңдаушылар бірден түсінді. Күйші домбырасының
алдыңғы, Құрекең күйлерін тартқандағы бұрауын бір саты төмендетіп, босатып алды.
Шешен домбыраға тағылған қой ішегіне бұдан артық – «жақсылық» жасау мүмкін
емес-ті: домбыра бұрынғыдан да қоңыр, бұрынғыдан да мұңды сөйледі. Жас қыздың
онсыз да сұлу жүзі, тіпті, құлпырып, гүл-гүл жайнап сала берді. Иегінің ұшы мен екі
қасының аралығында әйнек үгіндісіндей ұсақ-ұсақ тер тамшылары жылтырайды.
Әдемі, мүсінді мұрны қусырылып барады.
– Әй, көп жаса, жаным!
– Өнерің үстесін!
– Бақытты бол!
Сүйсінуден, гөрі, таңданудан жарыла жаздап отырған жұрт шу ете қап, тез тынды.
Өзі жап-жас, өзі қысқаяқты адамның осынша күйді біліп, орындағаны өз алдына,
талғап, танып тартуы, әр пернеге, әр дыбысқа өзін сарқып беріп, жүрек жылуының
соңғы тамшысына шейін тыңдаушы құлағына сығып тамызып отырған қыз күйшіге
сүйсіну де, таңдану да артық емес-ті. Ауық-ауық талпынып басылып, ұмтылып,
қайтып тұрған екі төмпектің ар жағындағы кішкене көкіректің тым ерте жиған осынша
мол қазынасы қайран етті: Алдарындағы осы бір бүлдіршін кереметтің бүкіл ішкі
сарайы лап етіп, бір-ақ күйіп кететін сияқтанды...
Талжібекті күй өнеріне шын мәнінде баулыған Тесіктамақ-Сабыр-ды. Сол жылы
күйші Әжімгерейдікінде болғанда, Қарашаш барып, үйіне шақырып әкелген. Сабыр
төрдегі домбыраны алады да, ол кезде тіпті кішкентай, Талжібектің қолына ұстатып:
«Тарт, бала!» – дейді. Әлі ұялуға үйренбеген бала қыз әркімнен естіген бес-алты күйін
барынша мәнерлеп тартып береді... Тесіктамақ сонда Қарашаштың үйінде он бес күн
жатқан. Аттанарда күйші: – Дәм-тұзыңа мың да бір рақмет, балаңа біраз күй бердім.
Әзір оқсатып шерте алмағанмен, кейін көрсетеді кереметті! Менің күйлерім қазір
құлағында ғана, кейін сол үн көкірегіне қонады... тілегім– «көпшілік көзіне әзірше
көрінбей тұра тұрсын» деген.
Бұлардың көріп отырған «кереметі» сол болатын.
Қыз, ақырында, Сабырдың «Алпыс екі Науайынан» «Сары Науай», «Қара
Науайды» шертті де, домбыраны Қарашашқа қайтып беріп, тұрып кетті. Аяғына
кебісін іле салып, ауыз үйге шықты.
– Саған не болды, айналайын-ау?!
Асты қарауға келген Қарашаш шошып кетті. «Домбыра тартқасын ағасы есіне
түсті-ау бейшараның, өзі тым күйрек, уәйімшіл» деп ойлады. Дүниеде туыстың,
бауырдың бастың, қайғысынан басқа өнердің, үлкен өнердің де қайғы-қасіреті
болатынын және оның сол өнерді иемденген жанды қарадан қарап жүріп қарып,
күйдіріп бітіретінін Қарашаш, әрине, ойлаған жоқ-ты. Қыз көз жасын тез тыйып ала
қойды. Көз жасы да, күйі секілді адамға айтпаспын деген құпиясы еді, ол да айтылып,
ашылып қалды. Бір күнде осындай, екі бірдей өкініштің отына күю