үркеді,
ымыртта жусай ма, жусамай ма деген сықылды ит-әуре сұрауларды беріп қажытады.
Көбіне-көп жылқышылармен жақын араласып, қашағандарды қайырысып, бағысып
жүргендіктен, өзі де талай жылқының «өмірбаянын» жатқа соғады. Адамға
қолданылатын: «тентек», «ынжық», «мақтаншақ», «адал», «ақылды», «аңқау»,
«ақымақ», «батыл», «қу», «жағымпаз», «сайқал» деген сөздерді ол түгелімен жылқыға
қолданады. Мәселен: «ақ боз ат сұмдық мақтаншақ», «құла қасқа байтал нағыз
сайқалдың өзі» дегенді Сатым құдды бір жақын адамынан көңілі қалғандай, өкпелеп,
кінә ғып айтады. Ал, енді мақтай қалса түбін түсіреді. Адал да, ақылды да, батыл да
басқа емес, кәдімгі өзіңіз күнде мініп жүрген құла бие болып шығады... Ол өзі ашқан
жүйріктерді де түрліше баптайды, түрліше жаратады. Бір жүйрікті баққаны екіншісіне
ұқсамайды. «Жылқының бабы – мінезіне байланысты». Бірақ солардың ешқайсысына
да көк, жас шөп татырмайды. Бәрін пішенмен асырайды. Кешеден бастап жирен
айғырға да соны істеген. Пішенді де көп бермейді қос уыс, қос уыстан үнемдеп
салады. Аш мал алдына салғанның бір талын шашау шығармай, сүйек мүжігендей,
кеміріп тұрып сабандайды. Қауылдырық-қабықтан жұрдай боп, сыйдиып қалған
сұлыбас сояуларын көргенде Сатым: «Е, бәлем, бұлын білсін нанның» деп айызы қана
сөйлейді. Кеше Әжімгерейден, екі үйге кезек қону жөнінде келісім алуында да үлкен
мән бар-ды. Сатымның қорасында қыс бойы өзінің жеке малына «санап беріп»
үнемдеп алып қалған азғантай сұлыбастан басқа пішен жоқ. Ол, мықтаса, он бес күнге
жетеді. Бұл үйге қонған күндері Сатым, әрине, өз ауласынан пішен әкелмейді. Әжекең
корасының түкпірі қонақтың мұндай-мұндай ауыртпалығын көтере алады. Кемпір-
шал Сақалдың ондай есебін ұғып қайтсын! Олар үшін Идаяттың қастарына
түнегенінен артық «есептің» керегі жоқ. Қайта Сатым ата-ананың көңілін
қимағандықтан, солардың қас-қабағына бола осында келіп отырған кісі болады. Әрі
титтей немересінің бәйге атына мініп жүргенін өз көздерімен көру бір ғанибет.
Сонымен, кемпір-шал да, бала да, жирен айғыр да, Сатым да риза.
Қара бала ұйықтағаннан кейін жайылған дастарқан басында бәрі көңілді отырды.
Әсіресе қонақ әрнені бір айтып, әзілдесіп, жайшылықтағыдан ажарлы, ашық көрінді.
Қонағының қабағы мұнша жадырағанға қарап отырып үй иесі қуанды. Сатым қайта-
қайта қара баланы мақтай берді. Атқа отырысы, төзімділігі, салмақтылығы,
ақылдылығы, бұрын кемпір-шал байқамаған тағы да талай қасиеттерді тізіп, түйіп сөз
етті.
...Мана осы үйден аттанған бойда екеуі сар желіп отырып, Ашақтың сорына түскен.
Қар суы сордың ортасында ғана қалыпты. Айналасы құрғақ, теп-тегіс. Аты бар кісінің
делебесін қоздыратын-ақ жер. Бала жарысқысы келіп Сатымға жалтақтап еді, анау
кеттік дегендей иегін бір қақты да, тақымын қысып-қысып жіберді. Құла бие ыта
жөнелді. Анау да ұмтылып бақты. Бірақ сордың арғы басына шыққанша биенің
тұяғынан ұшқан кесек-кесек дымқыл топырақ баланы басқа, көзге төпеп көміп бітті.
Шақырым жарымда қашықтықты әп дегенде алымды, қызба жылқы едәуір бұрын
алды. Өзімшіл, намысқой бала қатты ызаланды. Сатым Идаяттың қызарып, ісініп
кеткен қабағын-ұшқын атқан жанарын көріп, таңдайын қағып, жымиып қойды. Бала
жирен айғырдың басын жұлқи бұрып, Сақалдың жанына келді:
– Ақа, тағы бір рет жарысайықшы!
– Мақұл. Ал кеттік!
Еліріп, бүйірі қызып алған құла тағы да әкетіп бара жатыр еді, иесі серігіне
сездірмей тізгінін тежеді, сордың ана шетіне екеуі үзеңгілесе шықты.
– Міне, байқадың ба, бұ жолы мен оза алмадым,– деді Сатым. Бала бұған
қанағаттанбады. Бәйгеге қосамыз деп жүрген солақпандай айғырдың қайдағы бір
шәрмік қарын биеден оза алмағаны ақылына симаса керек, жүдеп, жасып қалды.
Сатымға керегі де сол-ды: жалма-жан атынан түсіп, айылын тартты.
– Ал, енді мына суды айнала шабамыз.
Екеуі Ашақтың сорын үш айналды. Құла бие ақ көбік боп терлеп, танау қағады.
Жирен айғырдың шабы мен екі құлағының түбі ғана жіпсіді. Аттарын біраз аяңдатып,
солығын бастырған соң, Сатым жағада тұрып қалып, Идаяттың жалғыз өзін
шаптырды. Жирен айғырды қара су ғып терлету үшін құла биенің серіктікке
жарамайтынын ат бегі сол жерде-ақ сезді, әрі, баланы бірден қатты соғылтып,
шаршатып алудан қауіптеніп, тер алуды бүгінше сонымен доғарған-ды.
– Сүйтіп, жирен айғыр екеуміз бәйге аламыз ба биыл? – деді Әжімгерей. Сатым
сақалын сылап отырып-отырып:
– Сізді білмеймін, Идаяттың аты болмағанда, екіншіні соғады,– деді, ұйықтап
жатқан баланы иегімен мегзеп.
– Бұрын қажайтынын, мен едім, енді жирен айғырға ауыстың ба? – деді кемпір,–
«мысқыл, мысқылдың түбі – мүскіл» деген осы ғой!
– Әрине, жарықтық үлкен кісі. Сіздің аузыңыз періште сөйлейтін ауыз болар-ау
сірә.
Кемпірі:
– А-а-а? – деп еді, аузы ашық қалды. Қарт өп-өтірік шошынады:
– Өй, жапшы құрғырды, аузыңның іші тастай қараңғы екен, балалар қорқар.
Кемпірдің аузында тіс жоқ-ты...

10
Сәске түс. Үп еткен жел жоқ. Алдыңғы күні жауған жаңбырдан жүзінде қорасан
дағындай ақ қалған құм сүттей ұйып қапты. Тұнық ауа желсіз-ақ болар-болмас
шайқалатын сықылды. Көл беті