БІРІНШІ БӨЛІМ

– Ассалаумағалайкум!
Еңгезердей тұлға ебедейсіз қимылдап, есік алдындағы шылапшын, құманды
салдыр-гүлдір құлата-мұлата төрге озды. Арбаңдаған адымына қарағанда дәл бұл
жерге тізе бүгу ойында жоқ сияқты еді: қалың текеметтің көнтиген, дөрекі жиегіне
сүрініп кетті, сол араға отыра қойды. Әншейінде, баласындай болса да, жиен деп тілін
қызықтай беретін әзілкеш шал мына жолы да бірдеңе айтқысы келген, қонағының
түрін көріп шошып қалды. Жастық-ағашын шынтақтай, басын көтерді:
– Сейсімет, мал-жан аман ба? – Насыбай иіскеп ап, түшкіре алмай отырған кісіше,
Сейсіметтің екі танауы мен үстіңгі еріні жыбыр-жыбыр етеді.
– Нағашеке-ай, құйыдық қой, құйыдым ғой! – Жігіт еңіреп қоя берді. Ағаш ердің
артқы қасындай қайқы иегі дір қағады. Ылғи өсіп жүретін, бірінен-бірі қашып біткен
сақал-мұрт – қоңыр-жирен түк бір жерде қалыңдап, бір жерде сирейді. Бет жақ
сүйегіне өлшенбей, мол пішілген жарғақ-терісі қыртыс-қыртыс.
– Ау, жиенжан, не болды, жөніңді айтшы.
– Құйыдым ғой, нағашы-ай, несін сұяйсыз!
– Ой, қойшы, сенің көп құруыңның бірі де... кәрттен ұтылдың ғой, рас па? –
Анау:
– Кәйт дейді-ау, Құдай, қайдағы кәйт! Әймияға алынатын болдым, әймияға! – деп,
өксіп-өксіп жіберді.
– Тәңір алсын сені, Сейсімет! Тәңір алғыр!– Әжекең жастық-ағашына қайта
қисайды.
Үйдің іші күңгірт. Алты көз терезеден түскен жарық қонақтың бетінен ауысар емес.
Бөлменің бұрыш-бұрышы қарауытып, бірте-бірте алыстап барады. Сейсімет қорс-
қорс етеді.
– Тәңи алмаған не қалды, нағашеке-ау, өзіңіз айтыңызшы,– деп күйді жігіт,– соғыс,
пионт тәңидің тәңиі болып тұйған жоқпа?! Алып жати, жұтып жати...
Шал бұ сөзге де селт етпеген тәрізді.
Жиен бұртиып, кәдімгідей өкпелеп отыр. Өйтпегенде қайтсін! Қалжыңы болса да
қастығы жоқ мына сары қарт бірге жылап, бірге қайғырудың орнына «тәңір», «тәңір»
деп жатып алды. Опырылып, онсыз да жүдеп келген азаматты жұбату, желеу былай
тұрсын, ол тіпті, мұның осы сиқын мазақ, қызық көретін сияқты.
– Құйысын!– деді жиен түңіліп,– құйысын! Сөйдеді де, ірге жаққа тастаған
қамшысына қол созды. Мұнысы «мені есіркер есті қайда! Аялдайтын не қалды?
Кетейін, құриын» – дегені-тін. Үй иесі арсы-гүрсі байғұсты аяқ астынан ренжітіп
алғанын түсінді, жастық-ағашынан қопарыла көтерілді, түрегеп отырды.
– Қарағым, Сейсімет,– деді қарт, айтар сөзін соның арасынан сүзіп алардай
сақалын саусақтарымен кезіп,– қарағым Сейсімет, сені кемпір екеуміз қайратты,
қажырлы жігіт деп мақтап отыратын едік. Мұның не? Ел басына күн туғанда ер боп,
бізге ұсаған кәрі-құртаңдарға қайрат тастап, қатайып аттанудың орнына бала құсап
(қатын құсап деуге аяды) балпылдап отырғаның?! Ортақ қасіретке ортаймас болар!–
Қиналып, қайғырып келген ағайынға қазақ жасайтын жақсылық – ақыл айту ғой,
Әжімгерей де сол жақсылығын жамап-жасқап өткізіп жатыр,– Садықжанды беріп біз
де отырмыз. Хат келмегенінің өзіне бүгін бір жыл, екі жұма, төрт күн болды.
Жыласақ, өлмелі кемпір-шал, мына бір шикі өкпелермен омалып қалған, біз жылайық
та. Сен неге жылайсың?! Мәруә келін шалымды адам. Екі балаңды еңбектеп жүрсе де
асырайды. Кемпір екеумізді...
Осы кезде бір қолына шелек, бір қолына сиырдың үлкен ақ жапасын ұстаған қызыл
кемпір кірді.
– Не сөйлеп отырсың тағы? Кемпір екеуміз, кемпір екеуміз... Қит етсе кемпір...
Кеміріліп қалғыр...
– Сәлем бейдік, ақ шеше! – Сейсімет орнынан ұшып тұрып, қайта отырды.
– Ойбай-ау мына жынды қарт жынымен сөйлесіп отыр десем... кісі бар екен ғой,
аман ба, шырағым.., е, Сейсімет екенсің ғой, Сейсімет аман ба? Мәруәнің, балалардың
дені сау ма? Ит-құстан амансыңдар ма?– Кемпір самбырлай сасқалақтап, қолындағы
шелегі мен жапасын апарып үлдірікке, аяқ-табақтың қасына қоя салды.
Шүки, шүки,– деді Сейсімет көзін сүртіп. Кемпір көйлегінің етегіне сүріне-қабына
келіп пештің түбіне тізе бүкті. Төменіректе, шөтке қылындай кешірімсіз тікірейген
шашы бар, шарта жүгініп қалған кішкене қара домалақ баланы өзіне тартып,
желкесінен бір сүйді, торс-торс еткізіп арқасынан қақты. Мәсінің сыртынан киген екі
былғары кебісінің бірін шешіп, бірін шешуге ұмытып кетіпті: соны аяғының өкшесінен
ұстап, жұлып ап, есікке қарай лақтырып жіберді. Тақалы кебіс тоңкалаң асып
төңкеріліп түсті: «Ырымының жаманын қарашы»,– деп күбірледі.
– Кемпір! – деді шал,– мына Сейсімет әскерге алынатын болыпты. Амандаса келген
сыңайы бар. Қазаныңа ас сал. Биылғы күздіктен ауыз тиген жоқ еді, Еділханды
жіберіп балалар мен келінді де алдыр.
Кемпір: – Ойбой, қарағым-ай,– деп қазан жаққа тұра жүгірді.
Сейсімет етігін шешіп, босағаға тастады. Сонсоң орнынан тұрып жоғарырақ, үй
иесінің оң жағындағы ұзыны мен ені бірдей құрақ көрпешеге малдас құрды. Шалдың
жаңағы айтқан ақыл-жұбатуы ма, әлде кемпіріне берген соңғы (қазанға ас сал деген)
бұйрығы ма, әйтеуір қунап сала берді.
– Нағашы,– дауысы көңілді, жігерлі естілді,– өзіңіз білесіз, біздің айғы аталайымыз
шетінен жау жүйек, бати болған ғой. Әйі шешен, аузымен ояқ ойғ