(1900 – 1958)

ӨЛЕҢДЕР
Аударған Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

АЛҒЫ СӨЗ

...Осы заманның ұлы ақындарының бірі. ХХ ғасырдың коммунист
азаматы Витезслав Незвал менің досым еді. Біз бір партияда болдық. Ол
біздің ғасырдың басында туып, елуінші жылдардың аяғында, Прагада
дүние салды... Незвал творчествосындағы мұң – күшті, азаматтық мұң,
түңілу, торығу емес. Незвал творчествосында күлкі, қуаныш, өмірге сену
бар. Ол – оптимист, бірақ күні үшін жылтыраудан аулақ.
Витезслав Незвал ғасырдың ең шұрайлы ақындары: Маяковский,
Лорка, Тувим, Нерудалармен қатар тұр.
Ақын Незвал сурет пен музыканы сүйетін. Ол суретті жақсы салумен
қатар, рояльда тамаша ойнайтын. Жас кезінде сурет өнері мен музыканың
қайсысын қуарын білмей, көп толғанған.
Мен чех тілін білмеймін. Дегенмен, Незвал жырларын, жолма-жол
аударма тілінде оқығанның өзінде ақын ойының өткірлігіне, дәлдігіне таң
қалам. Чех тілі – сұлу, үнді тілі тіл болуға тиіс. Меніңше Незвал
поэзиясында тіл чехтың классикалық музыкасында тым жақын келетін
тәрізді. Оның өлеңдерінде чех таулықтарының жыры Сметана әуендеріне
ұласып жатыр...

Назым Хикмет.

ЭЛЛЕГИЯ

Бір күндері боламыз-ау біз де ұмыт,
Жаңа ақындар келер жырды қыздырып
Біздің еткен еңбегіміз өтелер,
Әлде біреу есіне алса үздігіп.
Біз көтерген тулар да көп, атақ көп,
Атақтылар арасында шатақ көп, –
Біз аулақтан қызығармыз, қарармыз
Батқан күннің артындағы шапақ боп.

Қарармыз біз,
Қайғырмай да
Қиналмай,
деп қоярмыз:
«Өмір түбі – иман ғой!»
Даңқ, атақ жоқ,
Жатармыз біз бір аунап,
Тырыспай-ақ әлдекімге ұнауға,
Керек болмай қадірің де,
Халқың да
Қарармыз біз бәріне де салқындап,
Бәрін көріп бәз қалпында,
Аяғы:
Аңсармыз тек жұртымызды баяғы,
Өшері бәрі,
Оқыр тағы мастанып
Әлдекім өз ғұмырының дастанын.
Бақыт деп ек туған жердің топырағын,
Жатармыз біз сол топырақты жастанып.

ТЫНЫС

Ояндым мен, тау арасы,
Құлапты түн талықсып,
Құдықтар мен үйлер алыс,
Жұлдыздардай алыс тым.
Түсіндім мен қаңғыбасты
Қашатұғын қаладан,
Түсіндім мен,
Алғыс айттым ал оған:
Жарасқаны үшін мынау далаға ән.
Тордан шыққан балапандай
Ұшты жүрек,
Шипалы
Бір бұтаны сындырып ап жапырағын сипадым.
Жүре бердім, тұла бойда құпия бір күш тасты,
Саусақтарым бүгілді де жұдырық боп ұстасты.
Шықты шөпті селдір еттім –
Сүзіп жұттым ауаны,
Ой сыңғырлап хрустальдай,
Көңіл күйге ауады,
Алыс жұлдыз сәулелерін сауады.
Бақыттырақ болды ма екен ұлы король
Күзде бір
Көрген кезде шық үстінен малшы қыздың
іздерін?!
Мен де ұлы бақытымды шық үстінен іздедім.

* * *
Кешір!
Құшып сүйсем сені кейіме де ұялма,
Қайырымсыз сұлулығың, беріктігің –
Қиялда
Бәрін жеңдім, жеңдім бәрін құмары мол көңілмен,
Ал, өмірде мен өзіңнен әлдеқашан жеңілгем
Сүю деген – көгершін ғой,
Жұмақ құсы деп атын
Күйдіруге бола ма екен оның ерке қанатын?!
Монақ-қыздай қорқынышты ұмыт еткен, кенеттен
Менің Рухым ұшты саған,
тынысы боп гүлдердің,
Ақын болу үшін мықты ғашық болып үлгердім.
Кешір!
Құшып, сүйем сені кейіме де ұялма,
Қайырымсыз сұлулығың, беріктігің –
Қиялда
Бәрін жеңдім, жеңдім бәрін!
Құмары мол көңілмен
бұл өмірде мен өзіңнен әлдеқашан жеңілгем!
Осынау түн. – Ренессанс түні сынды,
Ұмыттың,
Ұмыттық біз, ұмытуды естелікке құлып қып.
Бірақ әлі сонау тымық кеште бір
Көз алдымда қолқабыңды шешкенің,
Ерінімде саусақтарың дірілі тұр,
Бұл – сырым:
Құлағымда қанаттардың сусылы,
Кешір!
Құшып, сүйем сені қиялымда күн сайын,
Бет қызылы жетер ме екен ұялуға күн сайын!..

ҰСТАРАНЫҢ ЖҮЗІНДЕ

Тағы бір жапырақ үзілді –
Күз дегенің дәл осы,
Тағы бір тіске қатты тиді тәтті алма –
Іздегенің: кәріліктің «бәлесі».
Қартаярмын мен әлі сонда мені ешкім де
Танымайтын болады.

КҮРСІНУ

Көк тоғай. Судың бетінде
Қаздар қауырсын төгіп жүр.
Қайғырып мұнша не білдім?
Аспаным мынау көгілдір,
Көгілдір өлкем, о, менің
Моп-момақан сай-жырам.
Неліктен жаным ауырды,
Жазылған бар ма қайғыдан.

Жаңбырдың суын көп таттым, -
Әне бір бұтаның есінде
Ұлғайды қайғым жыл санап, -
«Не үшін», «неге?» дейсіңдер.

Ескі әндер сіңді орманға,
Қайырмасы тасқа сіңіпті
Атақты болғаным үшін,
Рақымет, елім, сүйікті.

Алаңқай тоғай ішінде,
Мекен-жай болар со маған.
Жұрт көзіндегі шүберек
Алынған кезде оралам.

Жуармын өзімді ақ қаз ғып,
Төгілер әппақ қауырсын.
Әзірше алғаш қар сынды
Үлпілдек жаным ауырсын.

ҰЙҚЫДАҒЫ ҚЫЗ

Ауыр күн болды-ау шамасы!
Қиял сап,
Қыз жатыр ұйықтап, уысында
Райхан гүлі ұялшақ.
Талдырған жұмыс, көп алдап
Көлеңке ойыны,
байқаймын:
Жұпар иіс пен жарықтың
теңізі қызды шайқайды.

Мұртты масақ қылжақ бас
Қызды қытықтап бағады...
Ой, шіркін-ай, мен сүйсем,
Сүйер едім-ау қадалып!
Қалқам, ұйықта бәрібір
Жассың,
Ал, мен кәрімін.

Бұрлығыпсың сұлы