өмек берер екен деп һакімнің ақыл кенін ақтардық. Алсақ бәрін Абайдан алдық, жасырмаймыз. Өзі алыңдар деп рұқсат етіп, тарту еткен. Абайда дін де, философия да, поэзия да бір тоғысқан. Қара сөзі публицистика мен ғылыми еңбек үлгісі деу өте орынды. Небір атышулы ғұламалардың Абайдан асып кетпегін аңғардық. Қазақтың қара өлеңінің түпсіз тереңіне үңілдік. Поэзияның өзі жеке дара тұрған ғылым екенін сезіндік. Сөз әлемінде өлең патшалығының жалғыз әміршісі, поэзия ғылымының докторы, поэзия профессоры, ақыл мен сезім академиясының академигі Патша ақын. «Қиыннан қиыстыру». Қисын- логика. Ал, өлең сол қисын заңдарына бағынбайтын бөлек дүние. Абайдың «қиынан қиыстырған ер данасы» деген формуласы. Метафораны тудыру даналардың ғана қолынан келеді. Сонда, поэзия бір ғана ғылым емес, ол даналық әлемі. «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз». Оны жүрекпен сезетін, сенетін ақын. Қалған жұртқа жеткізетін де осылар. Дүниенің мәғмурлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе деген де Абай әлем деген сөзді қолдану арқылы жаратушының шапағатын айтады. Жаратқанның адам баласына жауапкершілік сезімін жүктеп жаратуында һәм ғадаләт һәм махаббат бар деп түсіндіреді қазақтың Бас ақыны. Барша ізгіліктің анасы ғадаләт. Ғылым мен қатар сөз, тіл - алланың бір сипаты. Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы. Сара - ашық, айқын, таза, анық, тәуір, жақсы, асыл, жеке-дара, ерекше, үздік. Бұның бәрін түсіну үшін терең ой, түрлі ғылым қажет етеді. Мыңнан біреу ғана талғап- талғап дейді. Біздің айтқан әділ, әсем әлем поэзия дейтініміз осыдан. Поэзияға әділдік пен әсемдік тән. Тек сонысымен ғана ол поэзия. Онда патшалық құратын дана да, дара да тұлға - Ақын. Талант. Осы сөздің, ұғымның түпкі тамыры грек сөзінен тартылған - еңбек. Ал, ақындарды түсіндіру, талдау үшін ақын болып туу шарт. Жұмекен «өзіңді өзің зерттеу ақындық» десе, зерттеушіні зерттеу ақындық. Бірақ, ақындықтан өзгеше ақындық. Ақындық ақынға құдай берген, жаратқан сыйлаған қасиет болса, ал өлеңді зерттеу ол ақындардың саған берген сыйы. Алла мен ақын ұсынған сыйды алу үшін тек қана бірақ зат қажет. Ол- еңбек. Талант тағдыры талантының танылуына да тәуелді. Талантты замандасының танымауы таңданарлық зат емес. Замана өзгеруімен қағидалардың да өзгеретіні белгілі. Абай ғылымның өзін екі тұрғыдан қарастырады. Бірі - алланың ғылымы. Екіншісі адамның ғылымы, білімі. Оны алланың ғылымы емес деп кесіп айтады. Адами ғылым әуелі ғалами ғылымға ерсін, бағынсын, құлшылық етсін дейді. Осы ғалами ғылымға жетік болу бірінші кезекте ақындарға бұйырған ба деген ойға қаласыз. Абайдың өлең жайлы ойлары еріксіз дәп осындай тұжырымға жетелейді.
1956 жылдың 17 қарашасында өткен Қазақстан жазушылар Одағының III-пленумында Хамит Ерғалиев: «қалам иесі үшін өз еңбегі жөнінде төңірегінен алған әділ пікір де шығарма болмақ. Өйткені, ондай пікір автордың келелі өнеріне төл қасиет боп кірігеді, яғни суретшінің өзі жасайтын жанды көрініске, нақты қимылға айналады» деген екен.
Әділ пікірдің өзі шығарма. Және көркем шығарма. Көркем шығарма әділ болуы тиіс. Тура, әділ пікір төл қасиет боп кірігеді. Келелі өнерге. Өнерде өнерлі өнерліні тудырады. Қандай ғажап, ғылыми тұжырым, ұғым. Бағанағы Абай айтқан өнер шарты, көркем өнерді талдауға, зерттеулерге, оны жүзеге асыратын адамдарға қатысы бар.
Аталы сөз айта алар жақсыларға ілескенде Алла жар боп, Алаштың азаматтары қолдап тура жолға түстік.
«Мақсұт – алыс, ғұмыр шақ,
Ей, қарындар, жұмыршақ,
Аңдып тағар айып көп айтары бар адамға:
Айту қиын мұндайды,
Айтпау қиын одан да».
Қолына қалам ұстаған, айтары бар адамда алаң болмау қажет. Көңіл тыныштығын орнату ең қиыны. Тынымсыз еңбек етсең тынысың ашылады. Тату болған қандай жақсы. Тыныштықта тыныстайсың. Адамзатқа, замандасыңа ұнамай қалам деп алаңдама.
Жұмекен айтқан: «Жүргендерге кінә көп қалам ұстап-
Бұл жолдарды оқушым жарады ұқса», -
деген ойды түсіну.
«Адамзат күнде өзгерер, алла өзгермес». Қаламың қисаймай тура келсін. Көңіл қаруы қолдан түспесін. Қаламың қылыштан кем көрінбесін. Ақын мен ақындыққа да мол дайындықпен келу міндет. Талант табандылық пен тәлім-тәрбие талап етеді. Жалғыз тума талантпен тұманда адасуға тура келеді. Ілім, білім, ғылым алға жетелейді. Көп таланттардың дер кезінде ашылмай, ашыла алмай өмірден зар илеп өтетіні өмірлерін оқусыз өткізуінде. Түбегейлеп оқуға талпынбау. Мен ақынмын дегеннен ақындық қонбайды. Өлең ұйқастыра білу кәсібіне үйренуге, машықтануға, бала-шағаңды асырауға жетерлік табыс табуға болар, ал ақындық ол құдірет. Оны ұстап тұру үшін де қасиет даруы талап етіледі. Ондай қасиеттің аты ақындық мінез. Беріктік, қайрат болса ғылым мен ақылды сақтайтын сауытың сақталмақ. Осындай «бес қаруы сай кісі» ғана поэзияға келе алады. Санаулы саналы ғана мыңжылдықтар саңылауынан өте алады. Қалғаны ше? Тіл өнері дертпен тең, өртенесің де кетесің. Өнер сенің бүкіл өміріңді талап етеді. Өнерге қызмет етуге тиіссің, өнер саған ешқашанда қызмет етпейді. Талас, таласпа өлеңде өнерлі ғана өмірлі. Төрт ауыз өлең жазбайтын қаз