ңаша марттың он төртінен кейін көрісе келетін. Бір
жұма бұрын Әжімгерейдікіне со кісінің өзі келді. Талай жылдан бері ешкімнің есігін
аттамаған қадірлі қонақ есіктен жөтеле, сөйлей кірген:
– Е, Әлжанның ұлы, сен де қартайған екенсің, көрісе келдім саған!– Әжекең
денесін, мүмкіншілігінше, ширақ, жеңіл көтеріп орнынан тұрды, соңғы жиырма
жылда бұл үйдің төрін баспаған қарияны құшақтап, төс түйстірді, әрі таңданып,
әрі қуанып қарсы алды. Қолтығынан демеп әкеп, қос қабат қалың төсегіне
отырғызды. Өзі қонақтың төменгі, сол тізесіне көрпе жайғызып, соған жайғасқан,
көксау аман-сау алыса, сөйлей отырып жөтелді, жөтеле отырып аман-сау алысты.
Көрші-көлем, шаруа-күйді тәптіштей келіп, бірер минут қиқылдап бітті де
Әжімгерейдің тізесінен көк тамыр, көк тамыр, арық жұдырығымен қойып қалып:
– Иә, бала, Құдайдан не хабарың бар?– деп сұраған. Бір топ уақ бала оң жақта
шүпірлесіп, асық ойнап жатыр еді. Қарттың сөзін құлақтары шалып қап, шу күлді:
– Мә-ә-ә, анаң қара,– сәбилердің бірі монтиған кішкене иегімен терді нұсқады,–
анаң қара, атам көкемді бала дейді, бала!– Бүгін көрші ауылдардан бес-алты бала
қонақ келген-ді, балаға бала қосылғасын не жорық, үйдің іші у-шу.
Кемпір ақырып-жекіріп, екі-үш қайыра тәртіпке шақырып көрген, сол сәтте тына
қалады да, айнала беріп ұмыт етеді: «Менің сақам!» «Менің топайым!» «Жоқ,
менікі!»
Әжімгерей ойланып қалған, желкесі жазылып, маңдайы қыртыстанды.
Сақалының ұшын қайырып тістеп, аз отырды, сонсоң:
– Жәке, білмеймін, сірә, биыл қар суымен жіберген шабарманы маған жетпей
қайтты-ау деймін. Күтіп-ақ едім. Асылы, онысы жаңадан келген, қырдың жолын
біл-мейтін біреу болу керек.– Қарт желкесін сипап, тағы кідірді, Жағыпардың
бетіне тура қарап, сөзін жалғады,– ескі көз болса Қуантай құсатып дәл табады ғой.
Келсе дайын отырайын деп, өзіңе де көрісе алмадым; күзге қарай соғармын деп
ем, келіп қалдың ғой, хош келдің, отағасы!
– Өзің көп үндемейсің, итің де маубастау көрінеді, түнде келіп таба алмай сасуы
кәдік, маған жұмсаған Ғазрайыл адаса қоймас: жөтелімнің өзі кешкі тымықта
көрінім жерге естіледі. Келіннің қойға ертіп жүрген жаман күшігі бір аяқ сорпа
ішсе, екі күн шабалауға бар. Біздің ауыл жолдың үстінде, қонақты да сенен бұрын
мен күтуім парыз, Әжімжан, шаруаңнан қалма; жол менікі, мен күтейін!– Жәкең
осы арада мырс еткен, онысы күлкі боп басталып, арты жөтелге айналды. Содан
сүт пісірімнен кейін әзер тыйылған. Тас-аяқтағы шайының беті кілегейленіп
үлгірген-ді, жаңғыртып, қайта құйдырды. Әжекең қонағын жөтелтіп қойып,
әңгімесін тыңдауға ұялғанмен, көксаудың бәрібір сөйлемей отырмайтынын ескеріп:
– Қалай, қосағасы, бағымың қалай? Күтім күйлі ме?– деп сұрады. Сонсоң,
Жағыпардың өзімен салыстырғанда кедей, жоқ-жітік екенін ойлап, орынсыз
сауалына өкінді, сақалының ұшын тістей қойды. Бірақ анау шаруа жайына
пәлендей мән бермейтін, сонысына бақты:
– Бағым жақсы, бала, келін бағады, бақты ғой, көп жасағыр! Тәңір жарылғасын
оны! Кезектесіп қойын бағысады. Түсте үйге дымы құрып жетеді, күн ыстық,
шыбын-шіркейдің құжыған кезі. Қай бір шалқып жүр дейсің... өлмешінің күні де
баяғы, адал сүт емген бала екен. Тонада әлгі банды қуған біреулерміз дейді, үйге,
сәскеде бір дорба млециясы сау етті.
– Айтпақшы, сол не болды, сыбыс бар ма?
– Ә, қайдан білейін, соларды, сірә, банды ұстамақ түгіл, ышқырларын жөндеп
ұстай алмайтын, мықынсыз, белсіз біреулер сықылды көрінді ғой. Келін шай
қайнатып берді. Әрқайсысы бір-бір былғары құман асынып алыпты, күмп-күмп
етеді. Мен білсем, әлі ұстаған жоқ. Жаман ойым айтады-ау, олар со бандыдан
қорқып жүр. Қандым, келін, сау бол, Алла разы болсын! Ие не деп ем әлі, ә, банды!
О банды жуық маңда ұстатпас. Аудан күштеңкіремесе. Соғыстың қырсығы ғой,
әуелінде қашып бір кеткенде, енді үкіметке көрінетін беті болмағасын, елді бүлдіріп
барады. Әлгі біздің колхоздың жүйрігі бар емес пе еді, Жирен айғырды айтам,
соны ұстап мініп кетіпті деген сөз бар. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Жирен құдыққа
түсіп өліпті дегенді тағы естідім. Жылқы баласы құдыққа құлай ма? Осы ел өтірікті
де жөндеп айтудан қалған-ау дейім. Бәрі мәңгіріп біткен түге, Алла разы болсын,
жетті. Иә, Қуантай марқұмның қызын Шапаев қалқозынан алған атына, болдым,
атына, шүпірлеуін қарашы мыналардың, ие, соған мінгізіпті. Өзі жиренде деседі.
Жетегінде тағы бір жылқы бар көрінеді. Қай пайғамбарым еді, бір пайғамбарым...
Үй адамдары үрпиісе қалды. Жирен айғырдың хабары құлаққа тым жайсыз тиді.
Идаят ойынның қызығына түскен-ді, кенет, бір уыс асықты шашып жіберді.
– Ойнамаймын! Өздерің ойнаңдар!– Бір бала жаңағы хан-жаппайда екі асықты
жөнсіз, қаралық жасап алған. Мынаның ашуын ол соған жорыды, жолақ, жамау
шалбарының қалтасынан сол екі асықты алып, қара балаға ұсынды. Анау
құрбысының қолын қағып тастап, Жағыпардың аузына қарады.
–...Сол пайғамбарым пайғамбарлық құрарда Алла Тағала...
Әжекең үнсіз, басын төмен тұқырып отыр. Балалардың у-шуы жым басылды.
Бәрінің назары қонақта, көздері жыпылық-жыпылық етеді, ішіт десе безе
жөнеле