Құлақасқаның үйірі жығылар сайда, ебелек пен сіңбірікті түртіп емеді. Бұл төбеден
бақылады: енесі мен араға екі-үш жылқы түсіп еді, құла құлын шұрқырап қоя
берген. Құлақасқа айғыр, құлақасқа бие қатар оқыранды. Шеше, бала, әке! Жүрегі
сыздап кетті. Атын беті ауған жаққа бұрды, кешке дейін қаңғырды. Со күні екі
үйдің есігін ашты, бірі – Қарашаш, бірі – Әжімгерей үйі. Екі үйге де әңгімесін
бұрынғыдай желпінбей жуасып, жасық айтты. Қарашаштың сөзі, қашанғысынша
дөкір, дүң тиді:
– Дұрыс, хақымақ! Көк бешпетіңді күт, қатын не керек саған!
Әжімгерей қарт жастық-ағашынан қопарыла түрегелді. Бетіне сүт пісірім үңілді.
Терең ойлы сөз айтатындай ұзақ толғанды. Сонсын қинала күрсінді:
– Апырай, шырағым-ай! Апырай! Кеше Ғұмар мұның кесесіне қымыз құйып
жатып, қатты жәбірледі:
– Іш, бала, жетімсің ғой, жетім болдың ғой!– Бұл тостағанды ұстаған күйі,
аузына апарар-апармасын білмей біраз отырды. Сонда жұтқыншағында бір
түйіншек пайда болып еді, сол әлі тұрған сынды, жұтынса көзіне жас айналады.
Әнеукүні жездесі «Қызыләскер» колхозының бір қойшысына ертіп барды. Шай
ішті, ет жеді. Былай шыға бере әлгі үйдің отырыңқырап қалған қызы жайлы
Ғұмекең:
– Қалай, Сейсімет, қызы тәуір бала, ә?– деп сығырайған. Бұл қысылғанынан, ат-
матымен жерге кіріп кете жаздады. Ұялған жоқ, көкірегінен әлденендей бір жегі,
дерт сезінді, ауырсынып емес, қорланып қиналған.
Қазір Сейсімет Ғұмар жездесінің қақ төрінде отыр. Әттең көңілі құрғыр төменде,
босағада. «Жетім ғой, жетім болды ғой». Осы сөз ойына оралған сайын өз-өзінен
жаншыла, басыла түседі. Қамшысының тарқатылған жерін өрген, түйген сияғы:
«Фүйт, фүйт!» Түкірігін бүркіп, өрімді уқалайды. Бұ жұмысқа кіріскеніне ет
пісірімдей уақыт, әлі сол: «фүйт, фүйт!» Қамшының ұшы өрсе – тарқатылады, түйсе
– шешіледі. Тартқылап отырып, ұсақ өрімнің бірін үзіп алды: тһу, шойт! Қолына не
түссе – соны жұлып, мытып қоярдай, жалаңаш қарының бұлшық еттері шоршып
ойнайды. Білегі – білеу-білеу, баттиысқан көк ала тамырлар. Ең ұсақтарына шейін
шертіп, шығып тұр. Қол қозғалған сайын кең қолтық мәйкесінен қабырғалары
ырсың қағады: «фүйт, фүйт!», өрімнің тағы бірін үзіп лақтырды. Маңдайының сай-
сайы жылжыған тер. Бір мезетте әбден торыққан, түңілген кісінің кейпінде, ұшы
жалбыраған қамшыны ірге жағына ысыра салды. Бармағының сыртымен маңдайын
көлденең бір жүріп өтті: «Үһі!» деді... Екі баласы жадынан кетпейді. Үстінен күн
иісі мүңк-мүңк етіп, екеуі екі тізесіне аунай салатын. Титтей көкіректері бір
басылып, бір шығады, сөйтіп, мұрындарының ұшы тершіп жатып, ұйықтап қалады.
Табандары шөптің бояуымен қоңыр-көк боп жүретін. Әй, байғұштар-ай!
Мойындарынан иіскер ме еді! Аңсайды, ұмтылады. Ұмтылса қолы жетпейді, аңсаса
– адасады. «Талақ!» «Талақ!» Осы бір сөздің артында мұншалық қасірет бар екенін
қайдан біліпті!
Балаларды кісі со балалардың шешесімен қосып сағынады ғой: есіне Мәруә
түскенде, тіпті, ойсырайды. Торы жүзі, тұнық, күлімдеп тұратын көзі, қалың қара
ша-шын оңып кеткен шыт (бөз орамалы да бар-тын) кәсіңкімен бастыра
байлағанда, жұтып салатындай боп, қылмия қоятын. Және үйдің ішінде жүргені
білінбейді. Құдықтан екі шелек суды, бір тамшысын төкпей жеткізеді. Бір қызығы,
қасына, әсіресе, түнге қарай, кісі ерткісі кеп тұратын. Еділхан ереді, Сейсімет
бармайды. Сейсіметке құдыққа бос барып қайтудан сол құдықты қазу оңай.
«Айыстай азамат» су көтерген қатынның жанында салақтап бос еріп келе жатса...
Ол сонда да шын иланған жоқ-ты. Әлгі «талақ» күні де сеніп жарымаған.
Мәруәға ақиғанда қаралайын, қаралансын деп емес, ақтайын, ақталсын деп ақиған.
Ішінен оның ақталғанын тілеп еді. Әттең әйелдің ақталғысы келмеді. Бір мезетке,
ұят, намыс деген ұғымдарды жек көріп қалды. Бәрібір ешкім сақтамайды,
орындамайды, сөз жүзінде ғана. Өзі қым-қиғаш, түсініксіз аз ғұмыр-ды одан сайын
қиындата түсуден бөтен қайыры жоқ, бос, артық бөгет, құрғақ тыйым санаған.
Келесі минутта айнып шыға келді! «Жо-оқ! Қазаннан қақпақ кетсе, иттен абұйыр
кетеді».
Алдыңғы күні Ғұмар:
– Нағып отырсың, қабағың салбырап? Қайғың қатын болса – ертең-ақ алып
берейік. Қыздардың қазір неше түрі бар, біз алған кездегідей емес,– деп әйеліне
қарап бір күліп алды,– шырағым, обалыңа қалғандай болмайық. Қимасаң қайтып
ал! Сен кешсең, мен қайтейін.– Аз ойланып:–Балаларың ешқайда кетпес, ер балалар
ғой, – деп қосты. Сейсімет жұбанбады, жылана түсті. Осының бәрін есіне алғанда
тас-төбесі ашиды. Бұрын атын да ойланып ерттемеген кісіге бірден... оңай ма?!
Самай тамырлары шыңылдап жүре берді. Талақ! Әлдеқайдан жауап тосып,
құлағын тіккен. Тып-тыныш. Ештеме де естілмейді. Шаңырақтан түскен күн сәулесі
алаша өрмесін құбылтады. Жалғыз өзі. Іргесі түрулі киіз үй кереге-қанаттарын
қаусыра қысып, тұншықтырып бара жатқан тәрізді.
– Та-а-лақ! Та-а-лақ!
– Бар! Бар! Ал! Ал!
Мына екі сөз – екі қанат кереге іспетті. Сол екі керегенің арасында қалған кісінің
соңғы үні, жан даусы, жадына қайта оралды. Қамшының сабын маңдайына тіреп,
өксіп-өксіп жіберді. Қайғыдан ба, ызадан ба? Бәрібір емес пе!

*