Ақыры ойлап-ойлап өзін, өзінің ірілігін құлай мойындады, ондай сезім көкірегі
түскірді тыныш қоя ма, тас төбеге кеп қалған күннің көзіне тура қарап: «Аво-о-о-о-
у-у ап-вап-вап» деді. Осыншаны тындырып келгені еді, көлеңкеде жатқанына қанша
мезгіл. Манағы қара шыбын мазасын кетіріп бітті. Даң-дұң етіп, бет-аузын айнала
ұшады, қонбайды. Бір ыңғайын аңдып, ұйқылы-ояу жатқан-ды, кенет, шыбын
жалаңаш қара тұмсығына кеп быж ете қалды. Көзін жұмған күйі қарш-қарш қағып
соқты да қайтадан қалғыды. Сонсоң қайта серігіп, айналаға манаурай, кірпік
арасынан, сығалай қарады. Дәл тұмсығы астында екі түйе қоңыз бірін-бірі кезек-
кезек бастарынан асырып лақтырып, сиырдың жас қиына таласып жатқан.
Қорашыл өз ойынша болмыстың әр құбылысынан философиялық түйін шығара
білетін оқымысты ит емес-ті; сонда да болса табиғат дарытқан түйсіктері арқасында
әрі ұялып, әрі мұңайып, көңіл шіркін ғой, жүдеп кетті: тезекке таласып жатқан мына
мүйізді екі қоңыздан назарын тез тайдырып әкетті. Кенет екі өкпелігінің асты
солқылдап ала жөнелді: дүк-дүк, дүгір-дүгір, дүк-дүк. Бір көзін ашып қарап еді,
салт атты желе-жортып, қазыққа таяп келеді екен. Қызыл ит ойланып қалды: үру
керек пе, әлде ырылдаса жете ме? Бұған салса екеуін де істемес еді. Әт-те-ең, ит аты
бар. Аброй-атағын өзі қорғамаса, кім қорғайды? Бәлкім, осы жолы үндемеуге
болатын шығар, себебі, ұйықтап жатыр ғой? Әй, жоқ, ит-тің құлағы ұйықтап
жатқанда да естуге тиіс. Қорашыл шешім қабылдағанша келген кісі киіз үйдің есігін
ашып үлгірді. Ол ішке кіргесін барып бұл еркінен тыс үріп жіберді.
– Аво-у-у-у-у, ап-вап-вап!
Қонақ төрге жайғасқан соң ғана:
– Салаумағалайкүм, Әжеке,– деді. Әжекең орнынан көлбей тұрған. Төсегінің
қырпуын тырналай тінтіп, таспиғы мен алты тал шуда жібін тауып алды. Сосын
бір иығына бұрылып, күбір етті:
– Әликі сәлем, Сисенбай, аман ба?– Анау онсыз да осал орналасқан басын
қалтаң-қалтаң еткізді.
– Шүкір, шүкір, Әжеке, Аллаға шүкір!–Тым ерсі, орынсыз қалбалақтап,
кішілікті артық істеп қойдым-ау десе керек, іле іріленіп, сыздана қойды.
– Імм, солай деңіз, Әжеке!
– Не нәрсе?– Қарт жұлып алғандай сөйледі, зат, не солай?– Сисекең қылп ете
түсті. Басын жаңағыдан гөрі де жеңілдірек, арзанырақ қалтылдатып, сасқалақтай
салды.
– Імм... жоқ, жай, әлгі айтқаныңыз...
– Не айттым мен саған?– Сисекең тіпті абдырады.
– Жай әншейін... мал-жан аман дегеніңізді, айтам-ау.
Әжімгерей, күзгі қияқтың сояуындай сарғыш, бірақ әлі бүтін, берік тістерін тізе
көрсетіп, қарқылдай күлді. Қонақ қарттың мұнысына қатты қуанды. Қуанғаннан
сүт пісірім уақыт жөтеліп алды. Неге күлді? Күлетіндей не бар? О жағын ойлап
жататын Сисекең бала-шаға емес, ірі, үлкен адам. Бүрісіп біткен кішкене аузын
ашып қап еді, бес тал сақалының ұшы дірілдеп ала жөнелді, тілімен бірге қозғалып,
жығылып-сүрініп, әрең тұрған алты-жеті тісін үй иесіне ұсап түгел көрсетуге бар
өнерін жұмсап:
– Қи-қи-қи-қи, Әжеке,– деді. Барынша еркін, қысылмай отырған кісі боп тамағын
кенеді, құнжыңдай қимылдап екі аяғын созып жіберді, титтей-титтей екі жұдырығын
түйіп байқады, сонсоң саусақтарын тарақтап ап сақалын тарады. Сонсоң:
– Заманның өзі бұзылып, – деп, Әжімгерейге аса ойлы, қайғылы қалыпта бір
қарады, – иә, заман бұзылып барады, белдеуден ат, беттен ұят кетті ғой, отағасы. –
Соңғы сөздерді қарт тани кетті, өзінің сөзі. Неге байланысты, не үшін айтқаны
есінде қалмапты, әйтеуір айтқаны ақиқат. Әжекең мырс-мырс күлді. Анау міз
бақпайды, ерек салмақсып, саналы, салғырт қарайды. Әлгі сөздерді меншіктеніп,
бітіп отыр.
–Аталы сөз айттың, Сисенбай, рас, белдеуден ат кетпегенмен, – Әжімгерей
іргеден еңкейіп ат қазыққа, Сисенбайдың атына назар аударды, – белдеуден ат
кетпегенмен, беттен ұят кеткені шын. Ұят та бір керек мүлік. – Сосын ананың жүзіне
үңіліп қулана күлімсіреді.
– Е, өстіп, үлкен кісі құсап оқтын-оқтын мәнді сөз айтып тұрсайшы, бізге де,
мыналарға, – деп күбінің бергі алдында отырған кемпірі мен балаларын нұсқады, –
мыналарға үлгі боп қалсын! – Сисекең қыңыр шалдың мына сөзіне дән ырза болды.
Мойындағаны, бағалағаны деп түсінді. Екі иығын қомдап-қомдап қойды. Денесін
ғұмырында бірінші рет, ауыр, ірі сезінді. Семіріп те келе ме, қалай? Бәсе, Қуантай
марқұм мен Әжімгерейден бөтен де ақылды кісі бар шығар-ау бұл құмда! Тек тани,
ұғына біл. Мына қарт адам бұлын шамалар. Айтып-ақ салған жоқ па! Ал, енді
қайтып сыйламас екенсің Сисенбайды, Кошалақ! Осыған ұқсас бірдеңелерді ойлап
отырды да кенет, мына сықылды әрі инабатты, әрі жылы сөзге қалай да бір жауап
қайыру, лебіз білдіру керек екенін сезгенде қуқылданып, жүдеп жүре берді. Не
айтса орынды болады? Тағы қандай ақылды сөз бар еді? Әлде бәрі жаңағы бір
тіркеспен бітті ме? Осы мезет Сисекеңнің көкірегі толы, бейберекет сөз боп кетті.
Қайсысы ыңғайлы, қайсысы дәл? Бірақ таңдау мүмкін емес, сөздің бәрі тәртіп,
қатарсыз, бет-бетімен көшіп жүр. Ешқайсысының тұрақ, тұрлауы жоқ. Әйтсе де...
– Иә, Әжеке, сау болыңыз. Сізді Алла сыйласын! Ки-ки, болады ғой, айтамыз
ғой, айтам ғой... иә... – Осы